Бетонның беріктігін күшейтетін түтікше
Иә, 3D принтермен үй салатын күн алыс емес. Бұл күнге отандық ғалымдарымыздың арқасында жетпекпіз. Ғалым, өнертапқыш Шыңғыс Дауылбаев үй салатын 3D принтерге қажетті түтікшені ойлап тапты. Бұл түтікшені принтерге керек бетонға қосады.
«Іргеміздегі Қытайда 3D принтер жасалып қойған. Жалпы, әлемде осы құралды жасаудың технологиясы қарқынды зерттеліп, дамытылып келеді. Бұл дегеніңіз – жақын болашақта біздің де осыған келуіміз керек деген сөз. Қытайдың өнімін өз көзіммен көріп, жұмысымен жан-жақты танысу үшін көрші елге бардым. Үй салатын 3D принтерге қазіргі құрылыста қолданылып жүрген бетоннан басқа түрі керек. Қазіргі бетондар келмейді. 3D принтерге қажетті бетонның ерекшелігі сол, бұл 10-15 минуттың ішінде қатып қалатын болуы қажет. Бірақ қытайлықтар негізгі құпиясын ашуға құлық танытпады. Сондықтан Қазақстанға келе салысымен бірден бетонды зерттей бастадық. Біраз тер төккеннің нәтижесінде полимер түтікше ойлап таптық. Полимер түтікшені бетонға қосып, 3D принтерге қолдануға болатын өнім өндіріп шығардық», дейді өнертапқыш.
Ш.Дауылбаевтың айтуынша, полимер түтікшені толығымен отандық өнім деп айтуға болады. Бұл өнімге ұқсайтын полимер түтікшелерді басқа елдердің ғалымдары да ойлап тапқан. Алайда олардың өнімдері өнертапқыштың өнімінен әлдеқайда қымбат. Ол бұған дейін күніне 10 грамм ғана полимер түтікше ала алатын. Бүгінде құрылғыны жетілдіріп, болашақта күніне 1 килоға дейін полимер түтікше алатын деңгейге көтерілуді көздеп отыр. Өйткені не бәрі 1 кило полимер түтікше 1 тонна бетонның беріктігін бірнеше есеге арттырады.
Ғалым 3D принтерге жарты жолдан келген жоқ, дайындықпен, біліммен, тәжірибемен келді. Кейіпкеріміздің ұстазы Ерхан Әлиев 2013 жылы полимерден түтікше алу жайлы ғылыми жобасын Лондонда әлем ғалымдарының алдында таныстырыпты. Сонда халықаралық конференцияға қатысқан ғылым саласының майталмандары қазақстандық ғалымның баяндамасын ерекше өнертабыс, тың жаңалық, ғажайып ноу-хау, маңызды инновациялық жоба деп жоғары бағалаған. Міне, ұстаздан озған Шыңғыстай шәкірті еңбегін жалғастырып, зор нәтижеге жетуге болатынын дәлелдеп отыр.
Тіс емдеуді арзандататын технология
Ал жақында кейіпкеріміз жаңа жобасының жемісін көрсетті. Бұл – өз командасымен бірлесіп қалыпты формасынан айырылған тіс, бет-жақ сүйектерін хирургиялық жолмен қалпына келтіруде қолданылатын компонентті шығаруы. Ш.Дауылбаев бастаған ғалымдар аталған компонент – кальций гидроксиапатитін құру бойынша заманауи медицинада кеңінен қолданылатын инновациялық технологияны әзірледі.
Бұрын-соңды Қазақстанда бұл өнім өндірілмеген, сол себепті материал шетелден әкелініп отырды. Шетелден әкелінетін тауардың құны шарықтап тұратыны анық. Енді ғалымдардың осы еңбегі мен тың жаңалығы стоматология саласындағы көрсетілетін медициналық қызмет бағасын біршама төмендетуге мүмкіндік береді. Өйткені отандық өнім бар, оны алыстан алдыртудың, жол шығынына қаржы жұмсаудың қажеті жоқ.
«Отандық өнім осы заманғы хирургиялық стоматологияда және жақ-бет хирургиясында, косметологияда жоғалған көлемді қалпына келтіру үшін толтырғыш ретінде қолданылады. Инновация фармакологияда және металл имплантаттарына жабын ретінде пайдаланылады. Технологияның бірегейлігі — медицинада талап етілетін кальций гидроксиапатитін біз биологиялық қалдықтарды өңдеу арқылы алатынымызда», деді ғалым.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта өз ұжымымен бірге отандық стоматологиялық нарықтың қажеттіліктері үшін өнеркәсіптік үлгілер өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның практикалық және коммерциялық мақсатта маңызы зор. Біздіңше, өндіріс көлемін арттыру арқылы келешекте экспорттауға да болады. Бұл – ел экономикасына елеулі үлес.
«Биологиялық қалдық материалды пайдалану шетелдік аналогтармен салыстырғанда стоматологиялық қызметтердің өзіндік құнын айтарлықтай төмендете алады. Айталық, біздің материалдың негізінде арнайы пленкалар шығарылады. Пленкалар дәрі-дәрмектермен байытылады. Осылайша, бұл тіс ауруы немесе қабыну орнын дәрі-дәрмекпен қамтудың оңай әдісі болып шығады. Биосәйкестік әсері болғандықтан адам ағзасы бұл материалды жеңіл қабылдайды», дейді Ш.Дауылбаев.
Өнертапқыш ғалымның 3D принтері Білім және ғылым министрлігінің гранты есебінен іске асырылса, стоматологияда қолданылатын компонент «Ғылым қорының» грантымен шығарылды. Кейіпкеріміздің Ғылым комитетіне қарасты Жану проблемалары институтында жетекші ғылыми қызметкер болып еңбек ететінін айта кетейік.