Қазақстан • 14 Қараша, 2021

Тәуелсіздік тартуы

1077 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Еліміз егемендігін алған жылдары шекарамыз шегенделіп қана қоймай, дербес мемлекет ретінде ұлттық ақшамыз айналымға енді. Сол кезеңде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше бумадағы төл валютаны жоғары көтеріп, қуанышты күйде тұрған сәті әлі көптің есінен кете қойған жоқ. Былай қарасақ, мұны кез келген елдің қолынан келетін іске балауға болар еді. Алайда теңгені дайындау мен айналымға енгізудің орны мен жөні бөлек. Рас, тәуелсіздіктің ажырамас нышанына айналған ұлттық валютаның сәтті шығуының сыры – Тұңғыш Президенттің қайраткерлік ерлігінде жатыр.

Тәуелсіздік тартуы

Экономиканы әлдендірудің амалы

90-шы жылдардың басында өз алдына ту тіккен Қазақстан бақуатты келешекке ұмтылды. Бірақ тоқырауға толы кезеңде өр­кениетті мемлекеттердің қа­тарына қосылу оңай шаруа емес еді. Кеңес Одағы тараған бойда республика аумағындағы ірі өндіріс орындары, атап айт­қанда зауыт, фабрикалар тоқтап, жұмыссыздардың саны күрт өсті. Дүкендердегі азық-түлік тап­шылығы, өңірлердің электр энер­гиясынсыз қалуы, кенші­лер­дің ереуілге жиі шығуы сынды әлеуметтік-экономикалық мәсе­­лелер – сол кезеңдегі елдегі ахуал­дан нақты хабар бере­тін­дей. Табысынан айырылған аза­ма­т­тардың үй шаруасымен айналысып, күйбең тірліктің қамымен ала дорбаны арқалаған аналары­мыз көршілес елдерден тауар тасуды меңгеріп, жан бағуға тура келді.

Міне, осындай күрделі жағ­дайда мемлекет «алдымен – эко­но­мика, содан соң саясат» стра­тегиясына басымдық берді. Тұралаған экономиканы әлден­дірудің амалы ретінде төл валю­таны енгізу мүмкіндігі қарас­тырылды. Осыған байланысты 1992 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, ұлттық ақшаны әзірлеу жұмыстарына кіріскен-ді. Бұл жұмысқа отандық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдері, суретшілер мен дизайнерлер, нақты айтқанда Тимур Сүлей­менов, Меңдібай Әлин, Ағым­салы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалелов сынды талантты шеберлер тартылды.

Шығармашылық топ тәуел­сіз еліміздің алғашқы фиатты валютасының жобасын бір жыл­дың ішінде әзірледі. Қысқа мер­зімде қолға алынғанымен, тең­генің кескіні, дизайндық шеші­мі және сапасы көптің көңі­лінен шықты. Әлем ел­дері­нің валюталарын зерделей келе таңдау портреттік бан­кнот­тарға түсті. Нәтижесінде, Қазақ­станның Ұлттық банкі және ұлыбританиялық Harrison & Sons Limited компаниясы ұлттық валютаны шығаруға байланысты келісімшартқа отырды.

Отандық банкноттар мен моне­талардың түпкілікті нұсқа­сын еліміз­дің дизайнерлері ағылшын мамандарының қол­дауы­мен же­тіл­діріп, басып шығарды. Елі­міздің өткен тарихын негізге ала отыра, төл ақшаға «теңге» атауы берілді. Тең­генің алғашқы нұс­қаларында қазақ тарихында өшпес із қалдырған көр­некті тұл­ғалар мен тарихи-сәулеттік ескерт­кіштер, сондай-ақ еліміздің көрікті жерлері бейнеленіп, ұлт­тық нақыштағы өрнектермен безендірілді.

Айталық, 1 теңгелік номиналда – Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгелік купюрада – Сүйінбай Аронұлы, 5 теңгеде – Құрманғазы Сағырбайұлы, 10 теңгеде – Шоқан Уәлиханов, 20 теңгеде – Абай Құнанбайұлы, 50 теңгеде – Әбілхайыр хан, сондай-ақ 100 теңгеде Абылай ханның портреті бейнеленген болатын.

 

8 күнде өңірлерге жетті

Біріккен Корольдіктің аума­ғын­да қазақстандық валютаны басып шығару ісі 1993 жылдың наурыз айына дейін жалғасты. Көктемнің соңғы айларында жаңа ақша елімізге жеткізіліп, тең­ге дүние жүзіндегі қорғаныш жүйесі жоғары валюталардың қатарынан орын алды. Бұл әлем­дік қауымдастық тарапынан жоға­ры бағаланды. Мәселен, Harrison & Sons Limited Ұлы­бри­тания патшайымының үздік сапалы өнім аталымы медалін иеленді.

Осы ретте елімізге тиесілі валютаны жеткізу мақсатында төрт «ИЛ-76» ұшағы Британ аралына 18 мәрте рейс жасағанын айта кеткен орынды. Теңгенің алғашқы даналарын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары да­йындалып, сол жерден төл ақша еліміздің барлық өңіріндегі банк­терге 8 күннің аралығында жет­кізілді.

«Төрт ұшақты жалдап, тең­генің 60%-ын тасымалдап әкелдік. Бұл жасырын түрде жүргізілген операция болатын. Құжаттарда: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына қа­жетті мүлік» деп жазылған еді. Бұған дейін өңірлерде жерасты қоймаларын дайындатып қойған едік. Жоғарыдағы ұшақтар аптасына Лондон-Орал бағытында, сондай-ақ өңірлерге он сегіз рейс жасап отырды. 12 қарашаны ақшаны енгізу күні деп жария­ладым. Жиырма күндей ғана уақыт қалған болатын. Сон­дық­тан Ұлттық қауіпсіздік қызме­тін тұтастай осы операцияны орындауға жұмылдырдым. Ең күрделі тапсырма – теңгені бар­лық өңір мен банкке жеткізу еді. Мұны 8 күннің аралығында атқарып шықтық. Кім білсін, осылай қысқа мерзімде ұлттық валютаны айналымға сәтті енгізген елдер әлемде жоқ та шығар», деген естеліктерімен бөліскен еді Елбасы теңгенің енгізілуіне байланысты бір сұхбатында.

 

Тарихы тым тереңде

Тарихқа зер салсақ, қазіргі теңгенің еліміздің аумағында болған алғашқы ақша емес еке­ніне көз жеткіземіз. Мәселен, ықы­лым заманнан бері қазақ дала­сында сауда-саттық ісі үзіл­мей келеді. Бұған Ұлы Жібек жолының ұлан-ғайыр сахарамен түйісуі дә­лел. Ежелден да­ла жұрты айырбас құралы ретін­де бағалы аң терілерін, мал­ды, сондай-ақ алтын және кү­міс секілді пайдалы қазба түр­лерін қолданып келді. Десе де көшпенділер өркениетінде мыс­тан немесе басқа да металдан соғылған монеталар болғанын тарихшылар қуаттап отыр. Атап айтсақ, белгілі археолог, тарихшы Карл Байпақов Отырарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған VІІ-VІІІ ғасырларға тиесілі теңгелердің бетінде арыс­тан және арнайы таңбалардың бейнеленгенін жазған-ды. Соны­мен қоса Түргеш қағандары тұ­сында да қола теңгелер шығары­лып тұрғаны белгілі.

Орта ғасырдағы қаржылық айналым Қарахан дәуірінде қар­­­қын алғаны тарихтан мә­лім. Қарахандар Ислам дінін мемле­кеттік дін ретінде қабыл­даған алғашқы түркілер санал­ғандықтан, олардың патшалы­ғында динар, дирхем немесе фулс сынды монеталарға басымдық берілді.

XIII ғасырда Орталық Азияда металл ақша шығаратын ірі сарайлар болған деседі. Олардың арасында көне Тараз бен Жент сынды шаһарлардың орны айрық­ша. Көбінесе ортағасырлық тең­гелер аң стилінде безенді­рі­­­­ліп­ті. Нақты айтқанда, олар­дың бе­ті­нен арыстанның, жырт­қыш құс­тардың, сол секілді аң­шы­ның бейнесін байқауға болады. Көшпенділердің өміріне Ислам өркениеті бірте-бірте ене бас­тағанда монеталардан діни сим­­воликалар да көрініс таба бастаған.

Нумизматикамен айналыса­тын мамандардың пікіріне сүйен­сек, бүгінгі «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Негізінен хандық заманда ақша соқтыру патшалық билікті көрсе­тудің саяси әдістерінің бірі саналатын. Түрлі дерекке сенсек, бұрындары қазақтар қағаз ақшаны аққұйрық, металл ақшаны бақыр, қарабақыр, күреш, қаракүреш, жармақ, тиын деп атаған.

«Әзірет Сұлтан» қорық-му­­зейі­нің мәліметі бойынша бүгінге дейін қазақ хандары арасында тек Тұрсын Мұхаммедтің өз атынан ақша соқтырғаны бел­гілі болып келген. Алайда Салқам Жәңгір ханның тұсында мыс ақшаның құйылуы отандық нумизматиктер үшін тың жаңалық болып отыр. Демек бұл бағытта зерттеуге тұрарлық жұмыс әлі деп көп.

 

Үздік валюталардың қатарында

Қазақстанның ұлттық ақша­сы ерекше көркем орындалуы мен қорғаныш қабілетінің жоғары са­палылығына байланысты бірнеше мәрте түрлі байқауда үздік деп танылды. Мысалы, Халықара­лық банкнот қауымдастығы (Inter­national Bank Note Society, IBNS) жариялайтын жыл сайын­­ғы конкурста теңге үш рет үз­діктер қатарынан табылды. Мұн­дағы басты талап – курс­тың тұ­рақ­тылығында емес, ақша­ның көркемдік мәнері мен қорға­ныш жүйесінің мықтылығы бағаланды.

и

Қауымдастық ұйымдастырған 2011 жылғы байқауда еліміздің Ұлттық банкі және De La Rue британдық компаниясы бірлесіп шығарған 10 мың теңге номина­лы өзге елдердің 100 жаңа банкнотын артқа тастап, бірінші орын­­ды иеленді. Қызығы сол, ұлт­­­тық валюта канадалық 100 дол­­лар мен Гибралтардың 100 фун­­тын шаң қаптырды десек те бо­лады.

Араға бір жыл салып, IBNS-тің нұсқасы бойынша аталған сериядан, бірақ бұл жолы қар барысы бейнеленген 5 мың теңгелік купюра үздік банкнот атанды. Ал келер жылы, яғни 2013 жылы мың теңгелік «Күлтегін» естелік банкноты жеңіске жетіп, «теңгенің дәуірі» туралы айтыла бастады. Сол жылы мың теңге жаңа 5 еуродан, қорғаныш жүйесі жетіл­дірілген 100 доллардан және XXII қысқы Олимпиада ойындары мен XI қысқы пара­лимпиада ойындарына арналып шығарылған 100 рубльден озып шықты.

Халықаралық банкнот қауым­дас­ты­ғының тарихында бұл бір елдің ақшасы­ның үш жыл қата­рынан жеңіске жетуіне байланысты жалғыз жағдай.

Қаржыгерлердің айтуынша, аталған кезеңде Ұлттық банк төл валютаны әзірлеуде заманауи қорғаныш жүйелерін енгізе білді. Ал көптеген мемлекет мұн­дайда бұрыннан қалыптасқан қорға­ныш элементтеріне өзгеріс енгізбеуге тырысады. Өйткені тың өзгерістердің ақша айналымына қаншалықты жағымды әсер ететіні белгісіз. Сол се­беп­­­ті еліміздің бас қаржы инс­ти­ту­ты батыл қадамға барып, тең­гені жаңғырту арқылы жеңіс­ке жетті. Бұған қоса төл ақ­ша­ның көркемдік стилі, яғни ұлт­тық өрнектермен безендірілуі тартымдылығын аша түседі.

Теңгенің инновациялық қор­ға­­ныш элементтерін IBNS-тен бөлек, басқа да халық­аралық қар­­жы ұйымдары жоға­ры баға­ла­ды. Айталық, 2016 жылы Ва­шингтонда өткен Banknote-2016 конференция­сында төл теңге «Валюта индус­триясындағы үздік техника­лық жетістіктері үшін» аталымын жеңіп алды.

 

Ұлттық банкті басқарғандар

Тәуелсіздік алған кезең­нен бастап қазірге дейін Қазақ­станның Ұлттық банкін 10-ға жуық азамат басқарды. 1992-1993 жылдары қаржы институ­тын Ғалым Байназаров тізгін­деп, оның еншісіне төл валютаны айналымға енгізу мәрте­бесі бұйырды. Сондай-ақ оның тұсында Өскемендегі Үлбі метал­лургиялық зауытында монеталық өндірісті құру жұмыстары қолға алынған еді.

1993-1996 жылдар аралы­ғында Ұлттық банкті Дәулет Сембаев басқар­ды. Осы жыл­дары Қазақ­станда өзара бере­шекті шаруа­шылықаралық есеп­ке алу жүр­гізілді. Бұл мә­се­ле­ні кәсіп­орын­дарға айналым капиталын то­лықты­руға тікелей ақша шығару арқы­лы шешу қарастырылды. Нәти­же­сінде, наурыз айының қо­рытындысына сәйкес бір айдың ішінде ақша массасы 58 млрд теңгеге жетті. 1994 жылы ин­фля­ция деңгейі 1 158,3%-ды құрады. Кәсіпорындарға бөлін­ген ақшаның 22%-ы ғана кері қайтарылды.

1996-1998 жылдары бас банкке Ораз Жандосов жетекшілік етсе, 1998 жылы оны Қадыржан Дамитов алмастырды. Оның тұсында «Түсті металдардан жасалатын бұйымдар» зауыты Ұлттық банктің «Қазақстан теңге сарайы» болып қайта өзгереді. 1999 жылы еліміздің тарихында алғаш рет теңгенің 65%-ға немесе 1 доллардың 145 теңгеге дейін қымбаттап, бір мезеттік девальвация орын алды. Үкімет банктердегі салымдар 9 айға сақталған жағдайда халықтың салымдарын бұрынғы бағам бо­йынша айырбастайтыны туралы міндеттеме алды.

1999-2004 жылдары еліміздегі бас банкирдің қызметін Григорий Марченко атқарды. Бұл кезеңде мұнайдың бағасы барреліне 37,43 долларға дейін жетті. 2003 жылы Ұлттық банк қазақстандық банктердің сыртқы қарыз алу көле­мін шектейтін Салық кодексіне өзге­ріс­тер енгізді. Бұл банктердің сырт­қы борышының көлемін меншікті капиталдың мөлшеріне байланыстыруға қатысты еді. Алайда бұл норма іс жүзінде жұмыс істеген жоқ.

2004-2009 жылдары қаржы реттеуші органды басқару мәр­­тебесі Әнуар Сайденовке бе­ріліп, айналымға жаңа үлгі­дегі номиналы 200-10 мың теңге­лік банкноттардың сериясы енгізілді. Ал 2 мың және 5 мың теңгелік банкноттар тара­лы­мының басым бөлігінде орфо­графиялық қате табылды. 2007 жылы қаңтарда халықтың қа­зақстандық банктердегі салым­дарының көлемі 1 034 157 366 теңгені құрап, 1 трлн теңгеден асып жығылды. Наурыз айында өткізілген конкурстың нәти­жесінде теңгенің жаңа символы бекітіліп, оның авторлары Вадим Давыденко мен Санжар Әмірхановқа Ұлттық банктің тарапынан 1 млн теңге көлемінде сыйақы берілді.

2009-2013 жылдар ара­лығында бас қаржы институтын Г.Марченко қайтадан тізгіндеуге мүмкіндік алды. Оның келісі­мімен Ұлттық банк 20%-ды құ­райтын ел тарихындағы екінші бір мезеттік девальвацияны жүргізіп, доллар 150 теңгеге қымбаттады.

2013-2015 жылдар кезеңінде Ұлт­тық банктің басшылығына Қайрат Келімбетов келді. Құ­зырлы орган осымен үшінші рет «бір мезеттік» девальвацияны (19%-дық) жүргізіп, әлеуметтік желілерде бұл күнге «қара сей­сен­бі» деген атау берілді. Мұ­найдың бағасы барреліне 111,71 долларға жетіп, осыдан кейін қара алтынның ұзақмерзімді құлдырауы басталды. Ресей «қа­ра сейсенбіге» тап болып, доллар мен еуроның құны 80 және 150 рубльге дейін көтерілді. KASE-де рубль құны 2,8 теңгеге дейін төмендеді. Айырбастау пункттерінде рубль 2,6 теңгеге дейін арзандады. 2015 жылы теңге еркін айналымға жіберіліп, 188,38-ден 255,26-ға дейін бір-ақ шарықтады.

2015-2019 жылдар аралығын­да бас банкир болып Данияр Ақышев тағайындалды. Жас банкирдің келуімен мұнайдың бағасы бар­реліне 28,21 дол­ларға дейін төмендеп, теңгенің долларға шақ­қандағы бағамы 383,91 сомаға дейін көтерілді.

Ұлттық банк Үкіметпен бір­лесіп, бюджет қаражаты есе­бінен 2,4 трлн теңге сомасына банк секторын сауықтыру бағдарламасын ұсынды. Тұтас­тай алғанда, банктерді құтқару шығындары барлық мемлекеттік шығынның төрттен біріне жетті.

Бүгінде бас банкир болып елімізде Ерболат Досаев жұмыс істеп келеді.

 

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»