Аймақтар • 15 Қараша, 2021

Түркістан тарихын тиын арқылы терең танисыз

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістанда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен, 15 қараша ұлттық валюта – теңге күніне орай, «Нумизматикалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» көрмесі ашылды. Нумизматика сөзі латын тілінен аударғанда «тиын» деген мағына береді. Қазіргі таңда бұл тарих ғылымының тиындарды зерттейтін көмекші саласы.

Түркістан тарихын тиын арқылы терең танисыз

Түркістан аумағының ақша айналымынан сыр шертіп, өлке тарихын зерделеушілер үшін тың деректерге толы жәдігерлер топтамасын ұсынған көрменің ашылуында қорық-музей ди­рек­торының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев музей қорында 26 мыңға жуық жәдігер болса, оның 14137-і нумизматикалық мұраларға тиесілі екенін атап өт­ті. «Әрбір мұраның өз кезеңіне сай тарихи маңызы зор. Көрме­нің мақсаты – музей қорында жинақ­талған нумизматикалық материалдар негізінде түркі жұр­ты үшін қашан да киелі мекен болған Түркістан қаласының та­рихи маңызын айшықтау, Қа­зақ­стан егемендігінің ма­ңызды элементтерінің бірі, тәуелсіздігіміздің жаршысы бол­ған – төл теңгеміздің маңызын ұлықтау болып табылады», деді Ерсін Ботабайұлы.

Көрме экспозициясында Түр­­­­кістаннан табылған ең көне ну­миз­матикалық жәдігер – Ку­шан патшалығының б.з. ІІ ғасы­рын­дағы билеушісі Хувишка І пат­ша тұсында соғылған қола ақ­ша­сы, әлемде жалғыз үлгісі ғана бел­гілі болып отырған Шың­ғыс хан атымен Самарқанда со­ғыл­ған алтын динар, Ясы-Күл­төбе ескерткішіндегі өмірдің тоқ­талуын нақтылап бере алатын Ша­ғатай ұлысының күміс дирхемдері мен мыс фельстер көмбесі, Алтын Орда мемлекетінің оңтүстік-шы­ғыс шекарасының қай тұстан өткен­дігін нақтылауға көмек бере алатын тиындар мен тағы да басқа өлке тарихын зерттеуде маңызды рөл атқаратын материалдар ұсынылды. Көрме экспозициясы 5 бөлімге бөлінген. Қазақ жазирасы көне замандардан бері батыс пен шығысты жалғастырар «көпір» болғандығы белгілі. Адам­зат арасындағы сауда қарым-қа­ты­насын қалыптастырушы ең алғашқы дәнекердің бірі – Ұлы Жібек жолының шығыс пен ба­тысты байланыстырушы ма­ңызды бағыттарының барлығы да қазақ даласынан өткен. «Көне Ясы –Түркістанның осы жол бо­йындағы маңызды бекеттердің бірі болғандығын Ясы-Күлтөбе, ортағасырлық Түркістанның тарихи ескерткіштерінде үздіксіз жүргізіліп отырған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табыл­ған нумизматикалық материал­дар растайды. Қазіргі таңда Қазақ­стан археологтерінің кө­не Түркістанда жүргізген қаз­ба жұмыстары нәтижесінде табыл­ған ертеортағасыр мен ХХ ға­сырға дейінгі уақыт аралығына тән нумизматикалық табыстар және кездейсоқ табылған тиындар өлкедегі сауда-саттықты, діни-рухани, саяси ахуалды зерттеуге мүмкіндік бере алатын едәуір көлемдегі материалдар ұсына алады», дейді қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Әшірбаева.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ашылуына тарихшылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар, музей қызметкерлері қатысқан көрме ай бойы ел назарына ұсынылады.

 

ТҮРКІСТАН