Аймақтар • 16 Қараша, 2021

Тұмау жұқтырғандар күрт көбейді

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте күн суығанда шаһар хал­қының бір бөлігі күрк-күрк жө­те­летін кезеңі болады. Алайда бір аптада ғана Алматы дәрігерлері 10 316 жағдайды тіркеді. Бір апта ішінде Алматыда 10 мыңнан астам адамға ЖРВИ диагнозы қойылғаны туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеп отыр.

Тұмау жұқтырғандар күрт көбейді

– Өткен жылмен салыстырғанда, қазір ЖРВИ-мен ауыратындар үш есеге көп. Сонымен қатар бұл көрсеткіш әр апта сайын өсіп келеді. Науқастардың 62%-ы – балалар. Медициналық мекемелерге барлығы 526 науқас жатқызылды, оның ішінде 17 жүкті әйел және бір жасқа дейінгі 165 бала бар, – деді Ж.Бекшин.

Алматы эпи­демиологтері
1 қа­зан­ мен 10 қараша аралығында ЖРВИ-дің 61 252 жағдайын тіркеді, жұқтырғандардың жартысынан көбі – балалар. 176 алматылық пневмония­мен ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 30 бала және 13 жасқа дейінгі жасөспірім бар. Осы ахуалға орай қаланың бас санитары коронавирустың ЖРВИ ретінде де көрінетінін әрі оның ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салды.

– ЖРВИ өз кезегінде адамдарды коронавирусқа осал етеді. Сондықтан қала тұрғындары санитарлық-эпи­де­мио­логиялық қауіпсіздік шараларын жауап­кершілікпен сақтауы керек. Тұмау­ға және коронавирусқа қарсы вакциналау өте маңызды. Алматыда тұмау жұқтырған 5 жағдай тіркелді. А H3N2 штамы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының шолғыншы орталығында және емханаларда анықталды, – деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, жыл басынан бері маусымдық коронавируспен қатар риновирус, 2 типті парагрипп, бокавирус, риносинтициалдық вирус (РС-вирус) және аденовирус – барлығы 28 факті анықталды.

Тұмаудың асқынуынан және басқа маусымдық аурулардан сақтандыру үшін вакциналаудан өткен дұрыс. Әсіресе, қауіп санатындағыларға вакциналау өте маңызды.

– Тұмауға қарсы вакциналау бюджет есебінен жүргіледі. Тегін екпелерді медицина қызметкерлері, медициналық бақылауға жататын балалар, жиі ауыратын 6 айдан асқан және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, жүктіліктің 2-ші немесе 3-ші триместріндегі аяғы ауыр әйелдер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары барлар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштері бар адамдар ала алады, – деді Ж.Бекшин.

Айта кетерлігі, биыл қауіп тобын­да­ғы адамдарды вакциналау үшін 130 мың доза көлемінде ресейлік өндірістің «Гриппол Плюс» тұмауға қарсы үш­ва­лентті вакцинасы сатып алынған. Егуді мемлекеттік емханада да, ақылы негізде де бес жеке медициналық орталықта: IMC, «Фармаком» ЖШС «Вакцинация клиникасында», «СОС-Қазақстан», Medical Assistance Group және Интертичте алуға болады. Қазіргі уақытта Алматыда тұмауға қарсы 113 555 қала тұрғыны егілді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 15 907, жүкті әйелдер – 5 479, жұмыс берушілер есебінен 1 835 адам, ақылы негізде өз қаржысымен 2 782 адам егілді.

Баспасөз конференциясы барысында Алматының бас санитарлық дәрігері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдағы күзгі-қысқы маусымға арналған болжамын алға тарта отырып: «Солтүстік жарты шарда вирустың төрт штамы өзекті болады – A/Guangdong – Maonan/SWL1536/2019 (H1N1) pdm09, a/Hong Kong/2671/2019 (H3N2), B/Washington/02/2019 (B/Victoria lineage), B/Phuket/3073/2013 (B/Yamagata lineage), олар ДДҰ ұсынысы бойынша тұмауға қарсы вакцина құрамына енгізілді. Алматыда бар вакцина алдағы маусымда неғұрлым белсенді болатын вирустардан қорғауға арналған, яғни «Гриппол Плюс» тұмаудың төрт түрінен қорғауға қабілетті», деді.

 

АЛМАТЫ