Қоғам • 17 Қараша, 2021

Ауырмайтын жол іздейін десең де...

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адамның ойындағысы бола бермейтіні бесенеден белгілі. «Үйдегі көңілді базар­дағы нарық бұзады» дегендей, діттеген же­ріңе қоңырайып барып, кейде қордың күйін кешіп, қабағың қабаржып қайтатын кездер де болады.

Ауырмайтын жол іздейін десең де...

Қазіргі басты мәселе денсаулық жайы екені мәлім. Екі жылға таяу уақыттан бері адамзатты бір тарының қауызына сыйғызып келе жатқан пандемия кеселі оқтын-оқтын ұрын келіп, адамдардың үрейін алып, бір-біріне үрке қарайтын, саулығына күмән келтіретін күйге түсіріп отыр. Қол алысудан секем алғандар жұдырық түйістіретін болып жүр. Алғашында ала жүгірген бұлың-бұлың жұдырықтан ет жүрек тітіркенетін. Кейін оған да көз үйренді.

Індетпен бірге күзде тұмау бел алатыны бар. Қазір солай болып тұр. Емханаға барсаң, ығы-жығы жұрт. Әсіресе отбасылық деп біраз жылдан бері ат қойып, айдар таққан, өркениет жолына түскен елдерде осылай деп әспеттеген, әр үйдің төменгі қабатын «жаулаған» әлгіндей емханалардың кейбірінің ішіне кірсеңіз күркілдеген, түшкірген қартты, үркектеген орта жаста­ғыларды, тыжырынған қыз-жігітті, дамылсыз шырылдаған нәрестені, ақ халаттыны көрсе көзі боталаған балдырғандарды, бір шоғырының алаңсыз шапқылап жүргенін байқағанда бас шайқамасқа шараң қайсы. Мына көріністен түңіліп, теріс айналып кете алмайсың, себебі бірнеше күн бұрын кезекке жазылғаның бар.

Аты дардай болғанымен, мұндай жерге дәрігерлер тұрақтай бермейтіні шындық. Әралуан себеп айтылады. Бұл маман жетіспеушілігіне тірейтінін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Қолбайлау осыдан туындайтыны рас. Құрал-жабдығы да жетімсіз. Содан болар, іргелі емханаларға жолдама беруге мәжбүр. Әрі-бері сабылу, барған емханадағы толассыз кезек талайдың жүйкесін жұқартуда. Сонымен ғимараты көп жағдайда тар болып келетін осындай шағын мекемелер қауырт тұмау кезінде шарасыз.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге» талпынасың, бірақ көкте емес, жер басып жүрген соң, тұмауы ма, сұмауы ма сап ете түседі. Ол ескі сыңқылды сабақтап, мазаңды кетіреді. Емханаға барасың. Ерсілі-қарсылы жүріс, тұнжыр көрініс, қарап тұрып қапа боласың. Ондағы кейбір емдейді дейтіндер қолсозым жерде шымқанып алып, бетіңе бір қарап, анда бар, мында бар дейді. Екі арада жүргенің. Баяғының дәрігерлері сөзіңді тыңдап, қолындағы бар құралымен тексеретін. Бұл жаныңды жадырататын. Өткеннің жақсысын алған жөн бе еді?

Иә, «алысқа сандалмайсың, қажет кезде үйіңнен шығып бара саласың» деген әдемі бастама кей тұста былайғы жұрттың бас ауруы­на айналғандай. Бұрынғыдай емес, індет деген пәлекет «басынып» тұрғанда қалжыраған қарттан бастап, бесіктегі нәрестеге дейін шұбыртып қою көңілге кірбің түсіреді. Ең бастысы, емделем деп барып, бір сырқатты жұқтырып қайтсаң, ол да қиын. Ем аламын деп барып есеңгіреп қалдым дегендер де жоқ емес, бар. Өзіміз өзеуреп айта беретін елдердегідей уақтысымен қызмет көрсету үрдісіне толық қол жеткізе қоймағанымыз тағы рас. «Көш жүре түзеледіні» медет етуден жалыға қоймадық. Мүмкін, қалтасы қалыңдар баратын ақылы, игі-жақсылар жататын арнайы ауруханаларда жағдай жақсы болар. Қарапайым халық емделетін мекемелерге жасалған жөнді-жөнсіз реформалардың пайдасынан зияны аз болмай тұр.

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған», деді. Осы ақиқат сөзді денсаулыққа жауапты азаматтар ісімен алға оздырса, кәне! Ана ғасыр басында Алаш ұлы Ж.Аймауытов: «Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар», депті. Бүгінгі оқығандар да осы сөздерді оқып ойланса, емханалардағы әттеген-ай болмас па еді?

Оқығандар демекші, Аймауытов әріп танып, сауатын ашқан жандардың бәрін «оқығандар» деп айтпаса керек-ті. Елдің мүддесін, халқының қамын, жұртының жоғын түгендеу жолында қалтқысыз қызмет ететін, қара басының емес, көпшіліктің ықыласын күйттейтін «жұмысшыларды» оқығандар деп айтады. Осындай «жұмысшылардың» дәл қазір медицина саласында олқы соғып тұрғаны анық. Осы салада «адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшылар» көбірек болса, халықтың да «бірінші байлығы» індет атаулыға қарсылық танытып, иммунитеті де күшейе түсер еді.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,
журналист