Қазақстан • 16 Қараша, 2021

Ауыз су мәселесі 2025 жылға дейін шешіледі

310 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалымен өткен Үкімет отырысында ауылдық елді мекендердегі сумен жабдықтау қызметтерін қолжетімді ету және жоғары білім беру сапасын арттыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайға назар аударылды.

Ауыз су мәселесі 2025 жылға дейін шешіледі

Pfizer-ді ақы төлеп салдыруға болады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәліметінше, Қазақстанда соңғы екі аптада КВИ-мен сырқаттану деңгейі 23 пайызға төмендеген. Әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 105-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 101-орында тұр. Бүгінгі таңда «қызыл аймақта» екі өңір қалып отыр – Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. 5 өңір «сары аймақта» – Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Атырау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. Жалпы, республика мен қалған 10 өңір «жасыл аймақта» орналасқан.

Қазақстанда соңғы екі айда сырқат­тану­шылық 3,8 есе, ал өлім-жітім 2,4 есе төмендеген. Республика бойынша биыл 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің жүктемесі 56 пайыздан 30 пайызға дейін, реанимациялық төсектер жүктемесі 45 пайыздан 27 пайызға дейін азайған. Ем алушылар саны да төмендеп отыр. Соңғы үш айда науқастар саны 2,6 есе азайған.

Халықты COVID-19-ға қарсы вакциналау шаралары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 8,5 млн-нан астам адам вакцина­ның 1-ші компонентін алған. Бұл жалпы халық санының 45,3 пайызына тең. 2-ші компонентті 7,8 млн-ға жуық адам алыпты. Бұл жалпы халық санының 41,5 па­йызын құрайды. Әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан халықты екі дозамен вакциналау бойынша 104-орында тұр. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан, Ресей және Әзербайжан халықты вакциналау көрсеткішін 40 па­йыздан асыра орындаған.

– Қазақстанға 379 мың доза мөл­шерінде Pfizer вакцинасының бірінші партиясы жеткізілді. Екінші партияны жеткізу 20 қарашаға дейін жоспарланған. Вакциналау республиканың 7 өңірінде басталды. Олар Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстары және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­лары. Бүгінгі таңда 1 313 бала мен 247 жүкті және бала емізетін әйел вакцина алды, – деді А.Цой.

Ел аумағында коронавирус инфекция­сының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның тапсырмасына сәйкес, Pfizer вакцинасын коммерциялық нарықта халықтың қалауы бойынша ақылы негізде вакциналау үшін сату мүмкіндігін қарастыру туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленді.

– Ауруды талдау жұмыстары жағ­дайы ауыр науқастар мен жалпы сырқат­танушылардың негізгі үлесі вакцина алмаған халыққа тиесілі екенін көрсетті. Осыған ұқсас жағдай өкпені жасанды желдетуде жатқан науқастардың санына байланысты да қалыптасып отыр. Вакциналаудың тиімділігі айқын байқалып отыр. Сондықтан осы уақытқа дейін екпе алмаған азаматтарды дұрыс шешім қабылдауға шақырамын, – деді министр.

Көтерілген мәселені түйіндеген Үкімет басшысы санитарлық талаптарды қамтамасыз ету және мониторингтік топтардың оларды сақтауын бақылау бойынша шаралар қабылдауды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ халықты вакциналаумен және ревакциналаумен қажетті көлемде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

– Біз қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша вакциналауға жататын адамдар санатын кеңейтіп жатырмыз. Жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакци­налау басталды. Адамдардың өздері­нің таңдауы бойынша қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болуы үшін вакцинаны коммерциялық нарық сег­ментіне жеткізу туралы ұсынысты қолдаймын, – деді Асқар Мамин.

Еске сала кетейік, Қазақстанда ревакцинацияны осы жылдың 22 қарашасында бастау жоспарланған. Бұған дейін салын­ған вакцинаның түріне қарай, екінші компонентті алған сәтінен бастап 6-9 ай өткен азаматтар егілетін болады.

Төрт өңірдің көрсеткіші төмен

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың баян­дауынша, 2025 жылға дейін Қазақ­стан халқы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қам­тамасыз етілуі тиіс. Бұл міндет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ.

– 2020 жылдың қорытындысы бойынша елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік деңгейі 94,1 пайызды құрады. Оның ішінде  ауылдарда 90,1 пайыз, қалаларда – 97,5 пайыз. Осы жылдың соңына дейін тиісті көрсеткіш ауылдарда 91,8 пайызға, қалаларда 98 пайызға жетуі тиіс, – деді ол. 

Бүгінгі таңда өңірлерде таза ауыз суға қолжетімділік деңгейі әртүрлі. Үш өңірдегі (Атырау, Алматы және Қызыл­орда облыстары) ауыз сумен қамту деңгейі жоғары. Ал 4 өңірде төмен. Олар – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары. Көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасына енген ауылдарға және Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарларында қамтылған жобаларға басымдық беріледі.

Ел бойынша барлығы 6 316 ауыл бар. Оның ішінде 3 991 ауыл орта­лық­тандырылған сумен жабдықталған, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Сумен жабдықталмаған 1 922 ауылдың мәселесін шешу үшін тиісті шаралар қабылдануда. Яғни 793 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарланған. Халық саны 200 адамнан аз шағын ауылдарда кешенді блок-модульдер орнатылады. Биыл тағы 148 ауылды ор­та­лықтандырылған сумен жабдықтау және халқы аз 220 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Бүгінде орталық сумен жабдықтау жоспарланған 85 ауылда гидрогеологиялық жұмыстар жүргізу қажет. Кешенді блок-модуль орнату жоспарланған халқы аз 170 ауыл­да іздестіру-барлау жұмыстары жүр­гі­зілуі тиіс. Қалған 453 ауыл бойынша 2023 жылға дейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау қажет.

– Жыл сайын елдегі халық саны артуда. Тиісінше су тұтыну көлемі де ұлғаяды. Халықтың көші-қонына байланысты бүгінде 50 ауылда су құбыры желілерін кеңейту қажет. Мысалы, Ақмола облысының Қараөткел ауылында нақты факті бойынша 18 мыңға жуық адам тұрады. Ал 2018 жылы салынған су құбыры 8 мың адамға арналған. 50 ауылда су құбыры желілерін кеңейту үшін бюджеттен 40 млрд теңге бөлу қажет. Әкімдіктер бұл ауылдар үшін жобалық-сметалық құжаттаманы тез арада әзірлеуі қажет. Министрлік ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізу үшін интерактивті карта әзірледі. Картада әрбір ауыл бойынша қажетті ақпарат бар. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, қаржыландыру, қаражатқа қажеттілік, халық саны, желілердің ұзындығы, тозу және тағы басқа қажетті мәліметтер қолжетімді. Карта интернетте ашық түрде орналасқан. Кез келген азамат картадағы ауылдармен таныса алады. Интерактивті карта қосымша функциялармен жаңартылып жатыр. Онда халықпен кері байланыс орнату үшін су беру тұрақтылығы және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы ақпарат қосу шаралары қабылдануда.  Әкімдіктер интерактивті картаға деректердің сапалы және уақтылы толтырылуын қамтамасыз етуі қажет, – деді Б.Атамқұлов.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін халықтың өзі суды ұқыпты тұтынуға мүдделі болуы керек екені түсінікті. Бұл ретте қолайлы өмір сүру үшін жеткілікті оңтайлы тұтыну нормасын айқындай отырып, сараланған тарифтерді енгізу маңызды. Б.Атамқұлов атап өткендей, барлық өңірде су тұтынуға кешенді талдау жүргізу және оның негізінде отбасына оңтайлы тұтыну нормасын айқындау керек. Бұл ауыз сумен жабдықтау өнді­рі­сіне және сарқынды суларды тазар­туға жұмсалатын шығындарды оңтайлан­дыруға мүмкіндік береді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, қазіргі уақытта республика бойынша барлығы ұзындығы 15,5 мың километр болатын 76 топтық су құбыры бар. Оның ішінде ұзындығы 13,4 мың километрді құрайтын 39 топтық су құбыры республикалық меншікте. Олар 631 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді.

– 2020 жылы Алматы, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 3 топтық су құбыры пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде, 343 километр желі салынды, жалпы халық саны 124,5 мың адамды құрайтын 13 ауылдық елді мекен мен 1 қалада сумен жабдықтау қамтамасыз етілді әрі айтарлықтай жақсарды. Биыл топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша 16 нысан іске асырылуда. Оның ішінде жыл соңына дейін 8 нысан аяқталады. Бүгінде 2 нысан пайдалануға берілді. Бұл Преснов топтық су құбырының 2-ші кезегі және Эскулинск учаскесін көшіру жұмыстары. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде, 5 ауылдық елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізді. Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында жалпы саны 203 мың адам болатын 51 ауылдық елді мекен мен 3 қалада сумен жабдықтау жақсартылады. Қалған 8 нысанды 2022-2023 жылдары пайдалануға беру жоспарлануда, – деді С. Брекешев.

Министрдің айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 5 жыл ішінде жалпы құны 36 млрд теңге болатын 11 топтық су құбырын салу және қайта жаңарту жоспарлануда. Соның нәтижесінде, 23,3 мың адамы бар 63 ауылдық елді мекен сумен қамтамасыз етіледі және 37 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады. Жалпы, 5 жыл ішінде шамамен 1,5 мың километр топтық су құбыры салынып, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Үкімет басшысы ауыз сумен қамта­масыз етілу көрсеткіші төмен өңірлерге келесі жылы көрсеткіштерді орташа республикалық деңгейге жеткізуді тапсырды. Бұл ретте елді мекендердің ішін­дегі сумен жабдықтау жобаларын іске асыру­дың барлық сатылары топтық су құбыр­ларының инфрақұрылымын жүр­гізу жоспарларымен үйлестірілуі тиіс. Сондай-ақ әкімдіктерге ауылдарды су­мен жабдықтау бойынша жобалық-смета­лық құжаттаманы уақтылы әзірлеу жұ­мы­сын жандандыру қажет екені айтыл­ды. Премьер-Министр автоматтандыру дең­гейін арттырудың және сумен жаб­дықтау саласына инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Үкімет басшысы орталық мемлекет­тік және жергілікті атқарушы орган­дарға ауылдық елді мекендерді ауыз су­мен қамтамасыз ету және осы жыл­дың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабыл­дауды тапсырды. Ұлттық экономика ми­нистрлігіне Индустрия, Экология ми­нистрліктерімен және өңірлік әкімдік­термен бірлесіп, инвестициялық шығын­дар, оның ішінде суды пайдалану­дың цифрлы технологияларын енгізу қа­жет­тілігін ескере отырып, судың тариф­тік саясатын жетілдіру мәселе­лерін пы­сық­тау жүктелді. Индустрия министр­лігі­не өңір­лердің әкімдерімен бірлесіп, елді ме­кендерді сумен жабдықтаудың инте­рак­тивті картасын өзектендіру тапсырылды.

Жоғары білім беру сапасы жақсара түсті

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, Қазақстанда жоғары білім беру сапасын арттыру бо­йынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ол бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, оңтайлы басқару жүйесі, акдемиялық сая­сат, білім бағдарламаларының сапасы, қолжетімді қаржыландыру, кәсіби оқытушылар құрамы мен академиялық адалдық принциптерін сақтау және сапаны қамтамасыз етудің тиімді жүйесі.

Еліміздегі 122 университеттің жар­тысы – жекеменшік ұйымдар. Бакалав­риат, магистратура мен докторантура дең­гейлерінде 600 мыңнан астам студент білім алуда. Қазақстанның 14 жо­ғары оқу орны Дүниежүзілік ең үздік уни­­верситеттер рейтингіне енген. Соң­ғы жылдары гранттар саны 2 есеге жуық өскен. 2025 жылға қарай кезең-кезең­мен грант саны 75 мыңға дейін жетеді. Студенттердің шәкіртақысы да екі есеге жуық ұлғайған. 2025 жылға қарай олардың шәкіртақысы тағы 2 есе, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есе артады деп күтілуде.

– Қазақстан университеттерінің барлығы жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Мемлекеттік және жеке­меншік университеттер оларды қанша талапкер таңдаса, дәл сол мөлшерде ғана мемлекеттен грант, яғни, қаражат алады. Сәйкесінше, мемлекеттік жоғары оқу орындары жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жалақы төлеуге, материалдық базасын жаңартуға бюджеттен тікелей қаржы алмайды. Тек студенттердің таңдауына сәйкес гранттармен қаржыландырылады. Сапаны қамтамасыз ету үшін басқару жүйесінің тиімді болуы маңызды. Ең ірі 28 мемлекеттік жоғары оқу орны ком­мерциялық емес акционерлік қоғам ретінде қайта құрылып, корпоративті басқару жүйесіне көшті. Сәйкесінше, былтырдан бастап басты шешімдерді директорлар кеңесі қабылдайды, ал ректор сол қабылданған шешімдерді іске асыруды қамтамасыз етеді, – деді министр.

Ректорларды тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіліп, аталған конкурстық жүйе арқылы екі жылда ректорлар корпу­сының 50 пайызынан астамы жаңар­тылған. Конкурстық тәртіптің нәтиже­сінде университеттер басшылығына халық­аралық тәжірибесі мен мол ғылыми әлеуеті бар әлемнің үздік жоғары оқу орын­дарының түлектері және «Болашақ» бағдар­ла­ма­сы­ның стипендиаттары тағайын­дал­ған. Бұған қоса, провост институты құры­лып, оқу орындарының кадр резерві де жасақ­талған. Басқару жүйесіндегі трансформация университеттерде инновациялық менеджменттің дамуына, оның сапасын көтеріп, тиімділігін арттыруға әсер етпек.

Үкімет басшысы мамандарды даярлау сапасына байланысты жаңа кәсіби стандарттарды өзектендіру және әзірлеу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Түлектерді сертификаттаудың тәуелсіз жүйесін дамыту, ұлттық кәсіптер сыныптауышын жаңарту, қашықтан оқыту, оның ішінде жоғары білім беруде қашықтан оқыту форматтарын заңнамалық тұрғыдан регламенттеу қажеттігін атап өтті. А.Мамин 20 мықты өңірлік жоғары оқу орнын құру бойынша қаржыландыру мәселелерін пысықтау­ды және Петропавл мен Шымкентте «Назарбаев Университеті» үлгісінде екі жоғары оқу орнын ашуды тапсырды.