Сұхбат • 17 Қараша, 2021

Құқықтық ақпаратты қалыптастырудың қазақстандық үлгісі

639 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарында қалыптасып, елімізде қарқынды қызмет атқарып жатқан құқықтық институттардың бірі – Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті. Оның құрылу тарихы мен еліміздегі құқықтық реформаға ықпалы туралы осы Комитеттің төрағасы Сәбит Нұрлыбаймен сұхбаттасқан едік.

Құқықтық ақпаратты қалыптастырудың қазақстандық үлгісі

– Сәбит Нұрлыбайұлы, Құ­қық­тық статистика және ар­найы есепке алу жөніндегі ко­ми­теттің құрылуына қандай тари­хи алғышарттар себеп болды?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары қылмыспен күресті кү­шейтіп, мемлекеттің қауіпсіз­дігін қамтамасыз етудің жаңа пәр­менді де тиімді тәсілдерін ен­гізу аса қажет болды. Осы мә­се­лені оңтайлы шешу үшін қыл­мыстың динамикасы мен сипатын көрсететін толық әрі анық қылмыстық-құқықтық ста­тис­тиканы қалыптастыру қажет болды. Мұндай статисти­каны сол кезде Мемлекеттік те­ргеу ко­митеті мен Ішкі істер министр­лігінің жү­йе­сінде ішінара жұмыс істеп тұр­ған Криминалдық ақпа­рат ор­та­лықтары атқаратын. Алай­да бұл органдар бүкіл еліміз­дің қыл­мыстық ахуалын түгелдей қамти алмады.

Содан Қауіпсіздік Кеңесі ел басшылығына қылмыстық-құқықтық статистиканы мүдделі ведомст­волардан шығарып, еліміз­дің Бас прокуратурасы жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығын құруды ұсынды. Бұл ұсынысқа негіз болған – Бас прокуратураның айрықша конституциялық мәртебеге ие болып, ел Президентіне ғана есеп беруі, сондай-ақ елдегі заңдылық жағдайын қадағалаушы бірден-бір орган әрі қылмыспен күрес саласындағы құқық қорғау органдарының үйлестірушісі болып танылғандығы еді. Президенттің 1997 жылғы 22 сәуірдегі Жарлығымен Бас прокуратураның жанынан мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметтерін біріктіру арқылы Құқықтық статис­тика және ақпарат орталығы құрылды.

– Бүгінде мекеменің күнделікті қызметі жоғарыда аталған шешімнің уақтылы және мейілінше дұрыс қабылданғанын толық дәлелдеп отыр деп айта аламыз ба?

– Орталық бүкіл қылмыстық үрдістің ай­на­лымын қамтыған жаңа ұйымдастыру жағ­дайындағы статистикалық есептілік жүйесін құра алды. Барлық күш ел басшылығын қыл­мыстылық жайындағы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталып, өз кезегінде қауіп­сіздікті одан әрі нығайтуға арналған шара­ларды қабылдауға серпін берді. Елба­сы­ның 2003 жылдың 28 наурызында Бас про­куратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі коми­тетін құру туралы Жарлыққа қол қоюы ке­лесі кезеңнің басы болды. Осыған орай К­о­митеттің аумақтық органдары облыстық про­куратуралардың құрамынан бөлініп, дер­бестікке ие болды. Алғашында, Комитет құзы­ретіне тек қылмыстық саладағы құқық­тық статистиканы қалыптастыру ғана тиесілі болса, кейіннен қызмет ауқымы азаматтық және әкімшілік салаларды қамту арқылы кеңейді, сондай-ақ салааралық қосымша есепке алулар да енгізіл­ді. 2003 жылғы желтоқсанда «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заң қабылданып, құқықтық статистика саласындағы уәкілетті органның мәртебесі, міндеттері мен қызметтері, сонымен қатар заңнамаға сәйкес құқықтық статистикалық ақпаратты ұсынуға міндетті құқық қорғау органдары, сот және өзге де мемлекеттік органдар құрамына кірген оның субъектілерінің тізбесі анықталды. Комитеттің негізгі міндет­тері ретінде мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды елдегі заңдылық, құқықтық тәртіп жағдайы туралы ақпаратпен тиімді және жеткілікті қамтамасыз ету, оған қоса мемлекеттік құқықтық ақпараттық ста­тис­тикалық жүйені тұрақты түрде жетіл­діру әрі дамыту белгіленді. Содан бастап Ко­митет елдегі құқықтық ахуал туралы бір­ден бір толық әрі анық ақпарат көзі ретінде Президент Әкімшілігін, Қауіпсіздік Кеңесін, Үкіметті, өзге де мемлекеттік органдар­ды қыл­мыстықпен, құқық бұзушылық­тар­мен, сыбайлас жемқорлықпен және нашақор­лық­пен күрес жағдайы туралы, азаматтар өті­ні­шінің қаралуы, бизнеске тексерулер жүргізу, сот­тар­дағы істер бойынша және жалпы ел­дегі заң­дылықтың сақталуы туралы ресми ста­тис­тикалық деректермен қамтамасыз ете бастады.

Дамудың келесі кезеңі ретінде 2004-2009 жылдар аралығын айтуға болады. Бұл кезеңде автоматтандыру үрдісі басталды. Үкімет тарапынан кешенді материалдық-техникалық қайта жабдықтауды және заманауи ақпараттық жүйелерді енгізуді көздейтін 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзімді Даму бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама заманауи база құруға жағдай жасады. Прокурорлық өкілеттіктердің болуы, сондай-ақ ақпараттық технологиялардың енгізілуі, ақпаратты жинақтауға және өңдеуге ғана емес, құқық қорғау және сот органдарында тексеру жүргізуге де мүмкіндік берді. Комитет енді статистикалық мәліметтерді қалыптастырып қана қоймай, есепке алу-тіркеу және есеп тәртіптеріндегі бұзушылық фактілерінің жолын кесе алатын, құқық қорғау саласындағы жағымсыз үрдістерді анықтайтын басымдыққа ие болды.

2011 жылы Комитет қылмыстық қудалау органдарында арыздардың электронды тіркелуін енгізді. Енді арыздар жедел қаралып, неғұрлым сапалы, толық әрі объективті тексерілетін болды, шешілмеген арыздар саны бұрынғыдан едәуір төмендеді. Қылмыстарды жасырудың жолын кесу мақсатында, елімізде қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігі енгізілді. «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңымен қылмыстарды жа­сыру­ға жол бермеу шараларын қабылда­маға­ны үшін басшылардың жұмыстан шыға­рылуы көзделді. Қабылданған шаралар жа­сырылған қылмыстардың санын он есеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл күнделікті жұмысымызда заман үрдісіне сай жаңа электронды технологияларды мық­тап енгізуіміздің игі жемісі еді. Шын мәнін­де, аталған фактілер қасақана жасыру болып табылмайды, алайда болған жағ­дай­ды қолданыстағы қылмыстық іс жүр­гізу заңнамасына сәйкес анықтау үшін, сот­қа дейінгі тергеп-тексерудің басталуын талап ететін бағалау сипатына ие. Осы­лай­ша, Комитет барлық посткеңестік елге тән болған қылмыстық туралы «басқа­ры­латын» статистиканы жойды.

– Қазақстаннан басқа бұрынғы КСРО құрамында болған қандай елдер құқықтық статистиканы прокуратураның құзырына беру жолын ұстанды?

– Құқықтық статистика институтын қайта құру, соның ішінде прокуратура органдарына өкілеттікті беру арқылы арнайы есепке алуды жүргізу тек Қазақстанда іске асырылды. Тәжірибемізді посткеңестік елдердегі, сондай-ақ алыс шетелдердегі әріптестеріміз де зерделеуде. Мысалы, жақын уақытта ғана Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Ук­раи­наның құқықтық жүйелері ұқсас бол­ған­дықтан, құқықтық статистиканы прокура­тура органдарының жүргізуіне берді. Бұл елдер­де құқық қорғау қызметінің осы бағы­ты құрылу сатысында. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы сарапшыларының айтуынша, Қазақ­станның бірыңғай құқықтық статистикасы – бұл қылмыстықты бақылаудың тиім­ді құралы. Халықаралық ақпараттық жү­йе­ге ықпалдастыру мақсатында біз халық­ара­­лық әріптестікті, сондай-ақ өзге мемлекеттер­мен өзара ақпарат алмасуды жолға қойып келеміз.

– Комитет кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?

– Бақылау және қадағалау органдары­ның кәсіпкерлерді тексеруін есепке алу, оларды тіркеу – Комитеттің арнайы қызмет түрлерінің бірі. Бұл ретте 2003 жылдан бері Комитет заңсыз тексеруді тіркеуден бас тартуға құқылы, ол конституциялық құқық­тарды қорғау және кәсіпкерлік қызметтің бостан­дығын қамтамасыз ету жөніндегі пәрменді механизмі болып табылады. 2014 жылдан бері Комитет тексерулерді үйлестіру қызметін іске асырады, сол арқылы кәсіпкерлерді жөн­сіз тексеруге, тексеруші органдардың те­ріс талаптарына жол берілмейді, осылайша биз­неске қысым көрсету де төмендеді. Осы өкі­леттіктерді жүзеге асыру мақсатында 2019 жыл­дан бері «Тексеру субъектілері мен объек­ті­лерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) ақ­па­рат­тық жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе­де биз­нес субъектілерін тексеруді іске асыру ме­ханизмі толық автоматтандырылған. Кә­сіп­кердің өзі де тағайындалған тексеру­лер туралы алдын-ала біліп отыратын бол­ды. Кә­сіп­керлер тексеруге немесе тексеру нә­ти­­же­лерімен келіспеген жағдайда, тек­серу­ші­­лердің әрекетіне ТСОБТ жүйесінің кәсіп­кер­­лерге арналған «Бизнес тірегі» мобильді қо­сым­шасы – Qamqor арқылы шағымдана алады.

Қазір, Мемлекет басшысының микро және шағын кәсіпкерлікті тексерулерге енгізген мораторийі ескеріле отырып, тексерулердің орташа жылдық көрсеткіші 2020-2021 жылдары 70 мың тексеруге дейін қысқартылды.

– Алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларды енгізуде Комитет бүгінгі күні қандай міндеттерді орындап жатыр?

– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында «Электронды қылмыс­тық іс», «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі», «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі», «Анали­тика­лық орталық» және Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнер­кәсі­бі министр­лігімен бірлесіп «Электронды өтініштер» сияқты цифрлы жобаларды жүзеге асырудамыз.

«Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ) жобасына қатысты айтар болсақ, Комитет бүгінгі күні бүкіл әкім­ші­лік жауапкершілікке тарту процесін цифр­ландыруға кірісті. Процестерді кезең-кезеңімен автоматтандыру ісі бұрын тіркелмей жасырылған құқық бұзушы­лықтарды көлеңкеден алып шықты.

Цифрландырудың арқасында құқық бұзушылықтарды тіркеу уақыттың да, рәсімдердің де шығынын азайтты. Бұрын жол полициясы қызметкері Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін автокөлік жүргізу­шісін тоқтатып, осы бұзушылықты тіркеуге жарты сағат уақыт жұмсаса, қазір оған 5-7 минут қана кетеді. «Электронды өтініш» жоба­сын енгізу (азаматтардың өтініш­тері­мен жұмыс жасауға арналған бірыңғай плат­форма) барлық мемлекеттік органға орта­лықтан бастап ауылдық аймақтарға дейін бірыңғай ақпараттық жүйеде өтініштермен жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масына сәйкес құқық қорғау орган­дары­ның күнделікті қызметіне алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларды енгізу жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жалғасуда. Цифр­лы жаңалықтарды құқық қорғау орган­дарының да, басқа мемлекеттік органдардың да жұмысына енгізу бойынша іс-шараларды іске асыру бірізді және жүйелі түрде жүргі­зіліп жатыр.

– Комитеттің алдында қандай басым міндеттер тұр?

– Міндет көп, алайда олардың барлығын бір сұхбат аясында қамтып айтып шығу мүм­кін емес. Дегенмен алда тұрған міндет­тердің негізгілерінің бірі ретінде Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша Бас прокурор бекіткен Комитеттің 2021-2023 жылдарға арналған Даму стратегиясына сәйкес іс-шараларды жүзеге асыру екенін айта кетейін. Біз, СДТБТ-ні (Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірың­ғай тізілімі) жетілдіруді және жаңа жұ­мыс жағдайларына бейімдеуді одан әрі жалғас­тыра беретін боламыз. Оған қоса, азамат­тардың мәселелерін шешу бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын іске асыру, сондай-ақ әкімшілік, азаматтық және қылмыстық салаларда, атқарушылық іс жүргізуде шынайы құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін талдау құралдарын әзірлеу жұмысы жалғасуда.

– Комитет тарихында өзіндік қолтаң­басын қалдырған азаматтар жөнінде айта кетсеңіз.

– Прокуратура органдарына құқық­тық статистиканы жүргізу қызметінің берілуі Бас прокурорлардың сіңірген еңбегінің нәти­жесі екені күмәнсіз. Ал Комитетке әр жыл­дары Б.М.Мамытов, А.Б.Ағманов, З.С.Лақ­паев, Р.С.Хайруллин, Г.В.Ким, М.М.Ах­мет­жанов, С.М.Айтпаева, Б.Б.Мусин, Қ.Т.Жа­қыпбаев басшылық етті. Барлық бас­­шы­ мемлекеттік құқықтық статистика инс­­­ти­тутының құрылуына және дамуы­на елеу­лі үлес қосты. Әрқайсысы осы жыл­дар аралығында еліміздегі заңды­лық пен құқық­тық тәртіпті нығайтуға өз үле­с­терін қосқан көптеген тәжірибелі кәсіби заңгерді тәрбиеледі. Комитет қызметіне ең жоғарғы бағаны Елбасы 2013 жылдың мамырында берді, оған дәлел – Қазақстан тари­хын­да тұңғыш рет әйел затына, сол кезең­дегі Комитет төрайымы Сәуле Айтпаеваға «3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі» сыныптық шені берілді. Әрине, барлық бас­таманы лайықты жалғастырып, бүгінде қо­йылған міндеттердің орындалуын қам­тама­сыз етіп жүрген Комитеттің қазіргі ұжы­мы­ның ерен еңбегін де атап өту қажет.

Сөзімді қорытындылай келе, Тәуелсіз­дік күнінің қарсаңында қазақстандық­­тар­ды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мере­кесі­мен құттықтаймын. 2021 жылдың 6 желтоқ­санында Тәуелсіз Қазақстанның прокуратура органдарының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай барлық прокуратура қызмет­керін кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Елімізге ырыс-береке тілеймін!