Театр • 18 Қараша, 2021

Фэнтези стиліндегі «Алпамыс»

384 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі сәні мен салтанаты келіскен өнер ордаларының бірі – «Астана Опера» театрының репертуар қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықпақ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 3-4 желтоқсан күндері «Астана Опера» сахнасында Кәукен Кенжетаевтың либреттосына жазылған Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» батырлық операсының тұсауы кесіледі. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен дайындалған спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық әртісі Юрий Александров.

Фэнтези стиліндегі «Алпамыс»

Ұлттық эпостық жыр – «Ал­памыс батыр» дастаны қайшылыққа толы қызықты сюже­тімен қатар, бақыт, еркін­дік пен туған жер үшін қазақ халқының күресі һәм махаббатын жырлайтын үздік шы­ғарма. Ал осынау сиқырлы сөз әуезі сезім тербер саз сарыны­мен жалғанғанда әсер тіпті ерек. Сондықтан болса керек, туын­дының бірізді музыкалық драматургиясы шығармашылық топтың көңілін бірден баурапты.

– Суретшілермен бірге қойылымның жанрын фэнтези деп таңдадық. Таңғажайып оқиғалармен және түрленулермен қатар сахнада шын мәнінде шекспирлік құштарлық шарық­тай түседі. Мысалы, Тайшық ханның бейнесі – өз қызын өлтір­ген адамның қасіреті. Орындаушы бұл көрініске өте мұ­қият, жан-жақты қарауы тиіс. Ал Алпамысты өте роман­ти­калық сипатталған, тіпті жан тебірентерлік кейіпкер деп те айтар едім. Ол – қаруды шебер игерумен қатар, адал әрі жан-тәнімен сүйетін адам. Сүйікті жауынгер, сүйікті батыр – бұл да қазаққа тән тақырып. Менің пайымдауымша, спектакль сана мен эмоцияның біртұтас ағыны іспетті үздіксіз өтуі тиіс. Алпамыс хикаясындағы ертегі кейіпкерлері – сиқыршы Мыстан, оның ұлы жануар-адам Тазша, қара күштердің залым қызметшілері – мұның барлығы мифологияға негізделгенін ұмытпау керек. Бұл жағынан кел­генде қиял-ғажайып көрініс­тердің Тайшық ханның сән-салтанатты сарайларымен қа­рама-қайшылығы қызықты болады деген сенім мол, деп эпостық жырдың көркемдік ерекшелігіне тоқталған режиссер одан әрі операның музыкалық партитурасына да айрықша назар аударды: – Бұл тұрғыдан Еркеғали Рахмадиевтің музыкасы ғажап. Драматургиялық бояуы қалың әуезді әуен көрермен жүрегіне терең бойлайды деп есептеймін. Алдағы спектакльдің маңызды тезисі – Жер-Ана бейнесіне қазақ халқының барлық қайғы-мұңы мен шаттығы, ерлігі мен көз жасы, махаббаты мен арман-мұраты біріктірілген. Ол – спектакльдің қойылуына арқау болған барлық көріністің шарықтау шегі. Жер-Ана қаза болғандарды жоқтайды, батырларын мадақтайды және жауларын түп-тұңғиыққа әкетіп, жер қойнауына алып, көзін құртады. Суретшілермен жұмыс барысында біз тұтас сахнаны қамтитын осы бейненің ауқым­дылығын көрсетуге тырыстық, дейді қоюшы режиссер Юрий Александров премьераалды дайындығының шығармашылық құпияларымен бөлісіп.

Осы тұста «Астана Опера» театры өзінің басты мақсаты – репертуарды ұлттық опера өнерінің жауһарларымен толықтыру мұратын жүзеге асыруды жалғас­тырып келе жатқанын айрықша атап өткен жөн.

Дәл қазір дайындық залдарында қойылымға әзірлік қызу жүріп жатыр. Әсіресе, әртіс­тердің жүрек толқынысы ерекше. Батырлық пен кіршіксіз махаб­баты арқау еткен туындыда Алпамыс партиясын Расул Жармағамбетов, Ержан Саипов және Талғат Ғалеев сараптайды. Гүлбаршын бейнесі Жәмила Жарқымбаева, Айгүл Ниязова, Жаннат Бақтай, Айзада Қапонова бастаған әртістердің сомдауында көрерменімен қауышпақ. Ана (Жер-Ана) – Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Тайшық хан – Шыңғыс Расылхан, Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов, Қаракөз – Салтанат Ахметова мен Әсем Сембина, Жырау – Ерлан Рысқали, Хайдар Мұстапин, Мыстан – Бибігүл Жанұзақ, Гүл­жанат Сапақова, Кейқуат – Абылай Бекен, Әлихан Зейнолла, Қараман – Бейімбет Таңарықов, Ұлтан – Ерұлан Кәмел, Рамзат Балакишиев сынды сайдың тасындай әншілердің сараптауында сахнаға шығады деп күтілуде.

Сондай-ақ көрерменін ұзақ күттірген әйгілі батырлық туын­дысының сахнаға шығуына қою­шы режиссер мен актер­лерден бөлек, дирижер – Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген қай­раткері Абзал Мұхитдин, ре­жис­сердің кеңесшісі – Найля Рах­мадиева, бас хормейстер – Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ержан Дәуітов, сценографтар және костюмдер бойын­ша суретшілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Па­вел Драгунов, хореограф­тар – Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­керлері Тұрсынбек Нұрқа­лиев пен Ғалия Бөрібаева бастаған та­лантты шығармашылық құрам талмай еңбек етті.