Оқиға • 19 Қараша, 2021

Аналарға арналған алқалы жиын

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті. Аталған жиынға әр салада жетістікке жеткен қыз-келіншектермен қатар, көпбалалы аналар да қатысты.

Аналарға арналған алқалы жиын

Республикалық форумның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қы­рым­бек Көшербаевтың құт­тықтау хатын оқып берді. Сон­дай-ақ әкім жуырда ғана Тараз қала­сында бой көтерген «Анаға тағ­зым» орталығының жұмысы әрбір әйелдің отбасындағы рөлін күшейтуге, салт-дәс­тү­рімізді дә­ріптеуге және бола­шақ аналарды тәрбиелеуге ба­ғытталатынын жет­кізді. «Бү­гінгі «Анаға тағ­зым» форумы сұлулық пен із­гіліктің бейнесі саналып, сондай-ақ тұтас еліміздің дамуына ұйыт­қы болар қазақтың анасы де­ген атқа лайық, XXI ғасыр әйе­лінің қалыптасуына өз үлесін тигізеді деп ойлаймын. Қазақта «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген қа­натты сөз бар. Расында, ана баласына берген тәрбиесі арқылы болашақтың қалыптасуына да ықпал етеді. Сіздер еліміздің дам­уы мен өркендеуіне, қо­ғамдық-саяси және рухани әлеуетін іске асыруға белсенді ат­салысып келесіздер. Қазіргі кезде біздің облысымызда 36 мың 629-дан аса көпбалалы ана бар болса, оның 19 мың 212-сі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «Іскер әйелдер» кеңесіне 25-тен астам кәсіпкер әйелдер мүше. Облыстың де­путаттық корпусының 33 пайызын әйел-азаматшалар құрай­ды. Қазақтың осындай мықты арулары барда елдің ертеңіне деген сеніміміз арта түсетіні сөз­сіз» деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, еліміздің Премьер-Министрінің кеңесшісі Нәзипа Шанаи іс-шараның маңыздылығына тоқ­­талып, ана мен баланы қол­­дау, отбасылық құн­ды­­­лық­тарды нығайту және да­­­мы­ту – мемлекеттің әлеу­мет­тік сая­сатының басты бағыт­та­ры­­ның бірі екендігін айтты. «Әй­ел­дің басты миссиясы – дү­ниеге ұрпақ әкелу. Ұяда бала не көрсе, үлкен өмірге қанат қағып ұшқанда соны істейді. Бала тәрбиесінде ананың рөлін айтып жеткізу мүмкін емес», деді ол.

Сондай-ақ қоғам қайраткері Асылы Осман ұрпақ тәрбиесі тақырыбында сөз қозғап, осы орайда өтіп жатқан форумның ерекше мәні бар екенін жеткізді. «Дәл осы қоғамда қазақтың бойына біткен асыл қасиеттері бізден алшақтап бара жатыр. Сол алшақтықтың орнын тол­тыруға аналар үлкен үлес қосады. Тәлім-тәрбие ана­ның ақ сүтімен, бесік жырымен баланың бойына дариды. Ұлы тұлғалар да ақ жаулықты аналардың тәлімін алады. Ме­нің пайымымша, бүгінгі қо­ғамда ең алдымен, тәрбиеге ба­сымдық беру қажет. Ол – ұлт­тық тәрбие болуға тиіс. Яғни білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болғаны жөн», деді А.Осман.

Ал қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлес­ті­гінің төрайымы Ораз­күл Асан­­ғазықызы да өз сөзінде қо­ғам­дағы тәрбие, тіл мә­селе­ле­ріне тоқталды. «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген аталы сөз бар. Өне бойы даналыққа толы, ақылы дариядай ата-әжелеріміз әрбір шаңырақта, әрбір өңірде бар. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтаған отбасылар да жетерлік. Біз сондай отбасыларды, қарияларымызды қоғамға, жастарға насихаттауы­мыз керек», деді О.Асан­ғазы­қызы.

Жиынға қатысқан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Ақұштап Бақ­тыгереева, Қазақстан іскер әй­елдері қа­уым­дастығының пре­зиденті Рау­шан Сәрсембаева, Түр­­кия мемлекетінің Бурса ай­­ма­ғын­дағы ауыл әйелдері қа­уым­дастығының төрайымы Сермин Чакалыоглу, танымал этнодизайнер, «Алтын орда» дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада, Атырау облысы әкімінің орынбасары Ба­қытгүл Хаменова, Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүл­мира Қанай, қоғам белсендісі, көпбалалы ана Алтын Каникар сөз алып, қоғамдағы әйел-ана­ның рөлінің маңызды екенін, қазақ халқы әрқашан анасын сыйлап, қызына құрмет көр­сететінін айтып, өздерінің ұсы­ныстарын білдірді. Бұл ретте облыс әкімі Б.Сапарбаев ай­тылған барлық ұсыныс назар­ға алынатынын айтып, «Анаға тағзым» жобасы құры­лы­сын өз есебінен жүзеге асырған кәсіпкер-меценат, «Арайстроймаркет-2003» компаниялар тобының басшысы Арман Еділбаев пен теннис және гимнастика орталығын салып берген кәсіпкер, «ТаразСтрой2004» ЖШС басшысы Мейірбек Жүнісовті мара­паттады. Жиын соңында «Анаға тағзым» орталығының дирек­торы Эльмира Мырза-ғали форумның қорытынды үн­деуін оқыды. Одан әрі форум жұмысы төрт секция бойын­ша жалғасты. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңір­лік университетінің «Ұс­таз» институтында Ақұштап Бақ­ты­гереевамен «Сіңліге сыр» ат­ты сту­денттердің кездесу кеші өтті.

 

Жамбыл облысы