Елбасы • 21 Қараша, 2021

Үшқоңырдан ұшқан сұңқар

326 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мен ғана емес, бүкіл әлем Елбасы­ның туған жерін көргісі келеді. Оның өскен ортасын, оқыған мектебін, білім көгіне, тіршілік нәріне ұмтылысын білуге құштар. Бұл мақсат мені де талаптандырды, Арқадан Алатауға аттандым.

Үшқоңырдан ұшқан сұңқар

Мен ғана емес, бүкіл әлем Елбасы­ның туған жерін көргісі келеді. Оның өскен ортасын, оқыған мектебін, білім көгіне, тіршілік нәріне ұмтылысын білуге құштар. Бұл мақсат мені де талаптандырды, Арқадан Алатауға аттандым.

Осыдан он-он бес жыл бұрын барған Қаскелеңді бүгін танымай қалдым. Өсіп, өркендеп кетіпті. Арасы Алматымен атшаптырым болатын Қаскелең қазір жер жағдайымен жанасып жатыр. Тіпті үзіп алатын алақандай жер жоқ, жол бойы көкпен көмкерілген, жағалай адам жанынан басқа қажетті барлық сауда орындары орын тепкен. Базар да бар, оған көз салған назар да бар.

Аудан орталығының орталық көшесі­мен емін-еркін келеміз. Жолдың екі жиегі жағалай әсем ғимаратқа толы. Бірінен-бірі өтеді, сәулет өнерінің неше атасын аңғарасың. Осындай өскелең өмір­ді көрген сайын көкейге келелі ой келеді. Заманында әлемдегі ең ірі дер­жава болған – Кеңестер Одағы жасай ал­маған, шындығын айтқанда, жаса­маған жақсылықтарды қысқа уақытта Қазақ­стан қуаттылығын танытып, жер жүзін мойындатып отырғанына сүйсінесің.

Халық мұнда тым тығыз орналасқан. Есіме анамның сөзі түсе кетті. Орыс ұлты сулы, нулы жерді тауып, сонда тұрақ­тайды дейтін. Сол сөз расқа айнал­ды. Орыс былай тұрсын, одан бөлек түрік те, дүнген де, ұйғыр да, белорус та, украин да осында сияқты. Елба­сының әділ саясаты олардың ұлттық құнды­лықтарын сақтауға, тілі мен ділін еркін қолдануға үлкен мүмкіндік берді. Олар осы ыстық құшаққа, ымыралы ынтымаққа, еліміздің ұстанған ұлттар бірлігі бағытындағы баянды істерді жоғары санауы тиіс.

Степа Пехлеваниди деген алматылық грузин ақсақалдың әңгімесі бар. Баласы­ның атын көрнекті ақын Жамбыл Жа­баев­тың құрметіне Жамбыли деп қойып­ты. Грузин халқында есімнің соңғы әрпі «и»–мен аяқталатындықтан солай жазған. Степа өлер шағында ұлын жанына алдырып, өзінің ақыл-кеңесін айтыпты.

– Балам, өмірде ұмытпайтын екі нәр­сені есте ұста. Бірі – Құдайың жүре­гің­де болсын. Ол бізді жаратты. Екіншісі – қазақ деген ұлы халықты құрметтеп жүр.

Біз киерге киім, ішерге ас таппай осы елге келдік. Тұрғылықты халықтың да жағдайы мәз емес екен, нан тапшы, бас­пана мәселесі де мұң-тұғын. Сөйте тұра олар бізді бауырындай қасына шақырып, бір нанды қылдай бөліп берді, киім сыйлады, қатарға қосылып кеткенше көмектесті. Ондай дархан пейілді адамдарды сол кездерде өз грузинімізден де табу мүмкін емес еді. Ұлтқа бөлмей, адам деп жанашырлық танытқан елді әлем кезіп таппайсың. Қазір заман өзгерді, ел тоқшылыққа кенелді. Көптеген халық біз секілді тентіреп келіп, тойған соң құдайын ұмытып кетті. Кеудесін керіп, тарихи отанында жүргендей сезінеді. Бұл – қате ұғым. Өмір мен өлімнің арасы – бір аттам жер. Біз дәл осы күнге жетуіміз екіталай болғанда қазақтар өлімнен құтқарып қалды. Мен тыныш жатсын десең, айтқан сөздерімді аяққа таптама. Сыйла, құрметте, туғаныңдай көр. Осыдан бір жерің кем болмайды, қайта мерейің өседі, – депті.

Иә, ел ішінде осындай оқиға аз емес. Көзіміз көріп жүр немесе естіп қала­мыз, ұлт жайлы ұлағатты ой қозғалғанда кәдімгідей марқайып, жан дүниемізді мақпал мақтаныш кернейді. Мен осындай терең түсінікпен айтылған ой-пікір­лерге қаныққан сайын құшағына қан­ша­ма ұлтты біріктірген Қаскелеңнің жері де киелі ғой деп бағалаймын. Аудан атауы Қарасай батырдың құрметіне қойылған. Біз тарихтың тереңінен тағылым теріп, ауданның арғы шежіресін айшықтап көрдік. XVIII ғасырдың алғашқы ширегінде Қалдан Серен бастаған жоңғар басқыншылары жүз мың қолмен бейқам отырған елді астаң-кестең етіп шауып, тонап, халықтың бейбіт өмірін быт-шыт қылады. Екі жүз жылға жуық уақытқа созылған сойқан қазақ азаматтарын әбден ызаға булықтырып, кек қайтарудың амалына кіріседі. Оған үш жүздің билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билер елдің басын қосып, ортақ мүддеге, Отанды сыртқы жаудан қорғауға жұмылдырып, жоңғарға қарсы жойқын соғыс ашуға шақырады. Қазақ батырлары Қаракерей Қабанбай, Қан­жығалы Бөгенбай, Шапырашты Нау­рызбай, Қарасай қол бастап, қазақ жерін жоңғарлардан азат етеді. Ер жүрек Наурызбай алдымен Қасгэлэнді, сосын Шамал ханды жекпе-жекте өлтіреді.

1851 жылы жергілікті қазақтардың көмегімен подполковник Карбышев­тың отряды Қаскелеңді жаудан тазартты. Қоқан хандығы Қаскелең орнындағы Таушүбек деген елді мекенде әскери бекініс жасап отырды. Алайда Жетісу генерал-губернаторының ықпалымен Таушүбек жаудан тазартылып, ол Лю­бовинское деп аталды. Алғашқы жылдары сауат ашу мектебі ашылып, ол орыс тілінде жүрді.

1901 жылы Любовинское станицасы Қаскелең атауын иеленді. Сол кездерде бастауыш мектеп болып ашылған балаларды оқыту мекемесі бүгінгі Белинский атындағы мектеп-гимназиясына айналды.

1928 жылдың қазан айында Қаскелең ауданы құрылды. Оның құрамына тек орыс ауылдары еніп, қазақтар тұрған қоныстар Іле ауданы қарамағына кірді. Аудан орталығы Әштәшкен, кейіннен Елтай ауылы деп аталды. Жалпы, аудан ресми түрде 1929 жылы Қаскелең болып бекітілді және 1963 жылы қала мәртебесін алды.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті H.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қаскелең ауданы Қарасай ауданы болып қайта аталды. Қазір ауданда 265 мың халық, 32 ұлт өкілі бар.

Міне, осындай тарих тізбегінен Қас­келеңнің қойнауы түрлі тағдыр кешкенін сеземіз.

Қазір республикаға белгілі ән «Үш­қоңырды» «Музарт» триосы нақы­шына келтіре орындайды. Осы әннің сөзін Нұрсұлтан Назарбаев жазған. Әнді тыңдаған сайын кіндік кескен туған жердің қасиеті мен құдіреті көңілге қона кетіп, ерекше сезімге бөлей бастайды. Сөзі мен сазы үйлескен және оны орын­дау шеберлігі жарасқан ән шын мәнін­де керемет. Оған ешкім талас тудыра алмайды. Сол әннің мән-мазмұны өскен өңірдің ыстық сезімдеріне, сүйіс­пеншілік иірімдеріне жетелеп, алыстан менмұндалаған ауылдың дархан көңі­лін елестетеді. Елбасы өзі өскен Үш­қоңыр жайлауын осындай шабытпен шебер суреттеп, перзенттік пейілі мен сағы­нышын өлеңмен өрген. Қай адам бол­сын, оны ықыласпен қабылдайды. Сол сезімнің сыйы бізді Үшқоңырдың етегі­не апарды. Көктемгі көкмайса таби­ғаты, аспанмен таласқан заңғар биігі, бей­мәлім тылсымға толы жартастар, қар суы­нан қомақты көлге айналған айдындар, Үшқоңырдың мәртебесіне мерей қосып тұр. Сұлулық десе осыны айт, көз той­майтын кереметі көп. «Құдайдың құді­ре­тін көрем десең тауға бар» дейтін теңеудің шындығын осы жерден анық аңғардық.

Бұл тау – Елбасының ата қонысы. Жаз жайлау отырып, бие сауып, қымыз ішіп, қылқұйрық, қамысқұлақ жануардың қасиетін сезінген саялы орын. Жарықтық, жанға шипа ауасы, нәрлі әрі құйқалы жайылымы жы­лқы­ның да, адамның да аңсарын дөп басып, рахатқа бөлейді. Соны сезініп тұрып, Елбасының биігі тектен-тек емес­тігін ұғасың. Өйткені «Тау баласы тауға қарап өседі» деген өсиет өздігінен айқындала түседі.

Таудың бергі беті – Шамалған ауылы. Осында оқып, осында замандастарымен тай-құлындай тебісіп өскен орта.

Елбасы сыныптасы Нүсіпхан Нұр­маған­бетұлы Шамалған ауылында тұрады. Өмірден көргені де, түйгені де көп үлкен кісінің айтары да баршылық. «Кешегі болған нәрсені бүгін ұмытып қаламыз ғой, бірақ балалық шақтың базар­лығы бөлек пе, сірә, естен шық­пайды. Өзім ес біліп көз ашқалы бірге ойнап, мектепке бірге барған досым – Нұрсұлтан. Сондықтан жадымызда жатталып қалған әсерлер әлі сайрап тұр.

Біз Шамалғанда Колхозная деп аталатын бір көшенің бойында өстік.

Нұрсұлтан сабағын өте жақсы, кілең беспен оқыды. Өте зейінді, зерек болды. Мұғалімнің айтқан бір сөзін де қалт жібермей, қағып алып отыратын. Қолынан кітап түспейді, оқитыны оқу­лықтан бөлек сан мазмұнды кітаптар. Әрқашан салмақты, байыптылығынан жазбайды. Өте ұстамды болатын. Бір ғажабы, бала болса да, өзін үлкен кісілер қатты сыйлап тұратын.

Нұрсұлтан өз анасын жеңеше, әжесі Мырзабаланы апа дейтін. Нұрсұлтанның айтуымен Әлжан апаны бүкіл ауыл жеңеше атап кетті. Апамдардан естимін ғой, кішкентай кезінде Сұлтанды анасы емізіп болғаннан кейін Мырзабала әжесі қайтадан өзі алып қоятын көрінеді. Зарығып ұзақ күтіп көргендіктен көз тимесін деп, көйлегінің етегімен жауып қояды екен.

Осылай ырымдап, қорғалып-қор­шалып өскен досым Нұрсұлтан жасында жақсы тәрбие де көрді. Әке-шешесі­нің бар тілегі осы тұңғыштарының аман­дығы болды. Әбіш аға баласы орысша жақсы сөйлеп үйренсін деп, ылғи қазақ тұратын Колхозная көшесінен Панфилов көшесіне көшіп, қоныс аударды. Мұнда орыс тілінде сөйлеушілер көп. Осындағы Кесікбай деген бір жылқышы кісімен үйін айырбастады. Нұрекеңнің әуелден орысша таза сөйлеуіне осы жағдайдың, әкесінің бала болашағын о бастан ойлауының да көп септігі тиді ғой деп пайымдаймын.

Бала күнімізде талай қызықты бірге өткердік. Тау ішінің қойнау-қойнауын аралап кезіп кететінбіз. Сиыр бүлдірген, қой бүлдірген теріп, бұлақтан тәтті су ішетінбіз. Малға барғанда атқа мініп, серуен құрамыз. Қызық үшін еліктің лағын қуалаймыз, бірақ зәбір жасамаймыз. Үшқоңырдың о шеті мен бұл шетін Нұрсұлтан екеуміз сәйгүлікке мініп, талай дүбірлеткенбіз.

Нұрсұлтан мектеп бітіргеннен кейін Теміртауға кетті. Одан кейінгі қызу оқу мен еңбекке толы өмір жолын ел біледі».

Нүсіпхан аға осылай деп ұзақ шешілді.

Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газеті бұл өңір туралы кең мағлұмат берген-ді. Жетпіс жеті жылдық тарихы бар газет екі тілде жарыққа шығады, ауданның жаңалықтар айнасы. Сарғайған газет тігінділері Қарасай ауданының өткені мен бүгінін бүтінде, айна-қатесіз білдіретін тірі куәгер десе жарасады. Осыған дәлел оқиғаға кезіктік. Бұл кешегі оқушы, бүгінгі Елбасының газетпен тығыз байланысын білдірумен қатар шығармашылық қабілетін де көрсетті. Комсомол белсендісі әрі озат оқушы Нұрсұлтан Назарбаевтың газетке штаттан тыс тілшісі ретінде мектеп өмірінен, қоғамдық жұмыстар жа­йында жазған мақалалары келешекке ұмтылған кемел ойлылығын бірден танытты. Мысалы, төмендегі екі хабары сол шығармашылықтың бір белгісі.

Біріншісінде, Қытай елінің өзі құралпы замандасы Чжоу-Бай-Сяомен хат алмасып, достық қарым-қатынаста болуға шын жүректен зор қуанышта екендігін жазысса, екінші мақаласында Абай атындағы қазақ орта мектебінің оқушысы Әуезхан Әжібаевтың биыл, 1958 жылы бірінші рет сайлауға қаты­сып, дауыс бергенін жазады.

«Әуезхан 10-шы сыныпта оқиды. Бірінші сыныптан бірге оқитын досым. Сабаққа зерек. Қоғам жұмысына бел­сене қатысады. Тапсырылған жұ­мысқа мұкият. Қарт әкесі жасының егделігіне қарамай, колхоз шаруасына белсене араласады. Қарияның еңбекке сүйіспеншілігі Әуезханға да дарыған. Қолы боста әкесіне көмектеседі.

Комбайн, тракторлардың тілін білсем, жүргізсем деп армандайды. Маман механизатор болып, колхозыма көмек берсем дейді», деп жазады 10-шы сынып оқушысы Н. Назарбаев аудандық «Коммунизм үшін» газетіне 19 наурыз күні 1958 жылы.

Иә, даңқтың жолы даңғыл емес. Оған жеті өлшеп бір кескен кең ойлы, жігері жасымаған жалындаған кісі ғана жетеді. Туасы терең өзен алабұртпай ағады, текті адам кішілікпен жағады. Бәлкім, бұл адамның бағын ашатын зор мүмкіндік болса керек.

Үшқоңыр жайлауынан ұшқан сұңқардың да санасындағы сұңғыла серті осы болар.

 

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

саясаттану саласының

философия докторы

Соңғы жаңалықтар