Сұхбат • 21 Қараша, 2021

Аризонаны алыс деме...

349 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан университетін АҚШ-тың Аризона штатының университетіне сенімді басқаруға беретін болыпты деген әңгіме көптен айтылып жүр. Бұған қуанышпен елеңдеп қалғандар да, сенімсіз көзқарас білдіргендер де көп.

Аризонаны алыс деме...

Оны орындалмайтын жоба сияқты көргендер жетерлік. Өйткені АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы 48-штаты Аризона қайда, Қызылжар қайда... Алайда Аризона университетінің мамандары осы күнге дейін облысқа төрт рет келіп, оқу орнының қарым-қабілетін барлап кетті. Ал жуырда облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ерлан Шоланов Аризонаға барып қайтты. Осыған байланысты оқу орнының басшысына жолығып, екі университеттің арасындағы ынтымақтастық және сапар барысында қандай мәселелер шешілгенін сұраған едік.

– Біздің күрделі өзгеріске ұмты­луы­мызға үлгі болған Назарбаев Универ­си­те­ті. Оның табысты жоба болып, іске асқанын бәрі біледі, биыл онжылдығын да атап өтті. Қазір еліміздің барлық ай­мақ­­тық университеттеріне үлгі болар­лық дәрежеде. Өзім осы университетте бас атқарушы директор қызметін атқарып жүргенде, негізгі жұмыстарымызбен қатар оның тәжірибесін басқа өңірлерге тарату ісімен де айналысқан едік. Соның ішінде аймақтық университеттердің ұстаздарын, әкімшілік қызметкерлерін оқы­татын арнайы бағдарлама да жаса­ға­н болатынбыз. Қазір Назарбаев Уни­верситетін бітірген түлектердің жұмыс­сыз қалатыны жоқ. Өйткені жұмыс бе­ру­­шілердің бәрі ондағы білімнің жо­­ға­ры сапалы екеніне көз жеткізген. Әри­не, аймақтық университеттердің мүмкіндіктері шектеулі, тиісті көлемде қаражат бөлінбейді. Соған қарамай ай­мақ­тық университеттердің бірінде оның тәжірибесін пайдалануды армандап жүретін едім. Қолыңнан келсе елге пайдалы бір іс жасау керек қой. Сондықтан Назарбаев Университетіндегі қызметімді қойып, Білім және ғылым министрлігінің ректорлық орындарға жариялаған конкурсына қатыстым. Қарап тұрсақ, соң­ғы 5 жылда жаңа әдістермен оқытуға тырысқан ЖОО-лар бұрынғы, дәстүрлі түрде алда келе жатқан университеттерді бәсекелестікте жеңіп, алға түсе бастады. «Атамекен» ҰКП рейтингі осыны анықтап берді. Министрлік те ЖОО-лардың бәсекелестік ортаға төтеп бере алуын қалап отыр. Биыл «Академиялық артықшылық орталығы» құрылды. Осы орталық арқылы министрлік ЖОО-ларға өздерінің техникалық мүкіндіктерін арттырып, зертханалық жабдықтар алуына, мамандарын қайта даярлауға мүмкіндік тудырды. Мұны министрліктің аймақтық жоғары оқу орындарында өзгерістер енгізуге деген ұмтылысы деп ұққан дұрыс. Өйткені өмірдің талаптарынан қалып қоймау керек. Алайда осыған дейін ЖОО-ларға инвестиция құйылған емес, оқу орындары тек оқу ақысымен өз күндерін көріп жатты.

Істің сәті түсіп осы жылы мен басқа да Назарбаев Университетінде жұмыс істегендер, «Болашақ» бағдарламасымен оқығандар қатарында СҚУ-ға ректор болып тағайындалдым. Осы кезде Президент Қ.Тоқаев еліміздің екі аймағында Назарбаев Университеті негізінде ЖОО құру қажеттігін, оның біреуі Петропавл қаласында болуын айтқан болатын. Тағы бір сәтті тренд ре­тінде облыстың әлеуметтік-эко­н­ми­калық дамуының екінші кешенді жоспарының да қабылданғанын айтуға болады. Бұл облыстағы жалғыз ЖОО орнын да қамтып, жаңа оқу корпусы мен жатақхана салынатын болды. Сөйтіп, университетті дамытуымызға қолайлы жағ­дай туды. Оған қажетті кадрлық әлеует жеткілікті, инфрақұрылым бар, жер­гілікті әкімдік пен министрлік қол­дайды және ең бастысы, Президент тара­пынан нақты тапсырма берілді.

– Бірақ сіздер Солтүстік Қазақстан уни­­верситетін Назарбаев Универ­си­теті үлгісінде емес, Аризона универ­си­­тетінің сенімді басқаруына беру ар­қы­лы дамытуды қолға алдыңыздар ғой?

– Иә, оның үлкен себебі бар. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облы­сының талантты жастары 500 ша­қырым жердегі Нұр-Сұлтан қаласына ғана емес, 280 шақырым жердегі Омбы қаласының ЖОО-ларына түсуді қалап келді. Өйткені ондағы білімнің бәсекеге қабілеттілігінің артықшылығы көрініп тұратын. Сондықтан бізге республика ішіндегі бәсекелестікте ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекелестікке төтеп бере алатын университет құру керек болды. Ал ондай жобаны өздігімізден іске асыра алмас едік. Сондықтан бізге осы мақсатты іске асыруға көмектесе ала­тын стратегиялық әріптес қажет болды.

– Аризона университетіне қалай шығып жүрсіздер?

– Бүкіл әлемді қысталаңға салған ковид білім мен ғылым саласына да өзінің зардабын тигізді. Көптеген студент, шетелден келіп сабақ беретін ұстаздар ковидтің кесірінен елдерінен шыға алмай қалды. Бұл оқу сапасына өзінің зиянын тигізді. Сондықтан әлемдік аты бар оқу орындары осындай қысылтаяңнан шығатын жол іздеді. Олар оқуға сұранысы жоғары елдерге шығып, өздерінің білімдерін сонда беруге тырыс­ты. Бұл іс бұрын да жүргізілетін, енді оны жаңа сатыға көтеру, сұраныстың жаңа формасын жасау қажеттігі туды. Бұрын көптеген атақты оқу орны өзде­рі­нің кампустарын дамушы елдерде ашып, үш жыл сонда оқытып, соңғы жылын өздерінде оқытып, дипломдарын беретін. Мәселен, Малайзияның көптеген жастары осы жолмен Британия, Франция университеттерінің дипломын алды. Аризона университеті де осы жолмен Орталық Азия елдеріне, соның ішінде бізге шығып, өздерінің ұсыныстарын жасаған екен. Олармен 10 жылға ынтымақтастық орнатуға БҒМ біздің университетімізді лайық деп тауыпты.

– Енді екі тарап қандай шартпен жұ­мыс істейтін болады?

– Екі жақтың шарттары әлі толық анық­талған жоқ. Әрине, алдымен өзі­міздің мүддемізді өткізуге тырысамыз. Ең алдымен, бұл ынтымақтастық арқылы әлемдік білім беру стандарт­та­рына қол жеткізуді қалаймыз. Аме­ри­калықтардан кейін бәз-баяғы қалпымызда қалмауымыз керек. Осы 10 жылда қарқынды дамуға қол жеткізуіміз шарт. Осы жолда олардан көп нәрсе үйреніп, өзімізге қажетті материалдарын, әдістерін, технология­сын алып және оны игеріп, әлемдік стандарттарға жету керек. Алғашқы ака­­демиялық бағдарламаны бірлесіп жа­саймыз. Осы мақсаттарды көздеген базалық шарттардың негізін қаладық. Бірақ базалық бағдарламаны әлі толық жасап болған жоқпыз. Бұл біздің бағ­­дар­ламаларымызды үйлестіруді қа­жет етеді. Оқулықтар мен білім сапасы бір­дей болуы керек. Соңғы үш айда осы мәселелерді сатылап шешіп келеміз. Алдағы қаңтар айында оны толық аяқ­таймыз деген сенімдемін.

– Оқу тек ағылшын тілінде жүр­гі­зіле ме? Біздің жастарымыздың ағыл­шын тілін меңгеруі қиын бағ­дар­ламаны еңсеруге жете қояр ма екен? Со­сын оқу ақысы қандай мөлшерде бол­мақ, егер америкалық деңгейде болса студенттеріміздің қалтасы оны көтер­мейді ғой...

– Оқу процесі тек ағылшын тілінде емес, ұлттық компоненттеріміз мемле­кет­тік тілде оқытылатын болады. Бұл – тарих, тіл сабақтары. Олар Америка тарихын оқығанда біз өз тарихымызды білуіміз керек және оны өз тілімізде оқудың сөкеттігі жоқ. Ал басқа профиль­дік пәндердің бәрі ағылшын тілінде оқы­тылатын шығар. Оқуға түскен жас­тар алдымен бір семестр немесе алғашқы жылы тілді үйренетін болады. Осы уа­қытта жас­тар тілді әбден игеруге тиісті. Өйткені «ғылым тілі» деп саналатын ағыл­шын тілі ұмтылған жасқа ежелден таныс. Мектептерде де оны жаппай оқытады.

Оқу ақысына келетін болсақ, ол не­гі­зі­нен мемлекеттік гранттардың есе­бі­нен болады. Әрине, студенттердің шағын бөлігі ақылы да оқитын шығар. Оның бәрін министрлік анықтайтын болады. Қанша грант беретінін де шешеді. Біз тек ұсыныс береміз, талқылаймыз, ал соңғы сөзді министрлік айтады.

– Қа­ндай мамандықтар­ оқы­­ты­лады? Шетелдік­ оқы­тушы-про­фес­сорлық құрам бізде бола ма? Сту­денттеріміз сессияларды қайда тап­сырады?

– Бұл мәселені біз алдыңғы кезекте талқылап, келістік. Ең алдымен, ауыл шаруашылығының, инженерия және жаратылыстану ғылымдары – биология, химия, физика және математика мамандарын даярламақпыз. Халықаралық жоғары деңгейдегі оқытушылар бізге келеді. Олар барлық оқытушы-про­фес­сорлық құрамның 25-30 пайызы шамасында болуы ықтимал. Олар оқы­тушыларымызға да дәрістер оқитын жағдай жасаймыз. Бұл оқытушылар Аме­рикадан ғана келмейді. Аризона уни­верситетінің өзі бүкіл әлемнен оқыту­шылар тартқан. Сондықтан про­фес­­сорлар әртүрлі елден келеді. Мысалы, олардың гуманитарлық ғы­лым­дар колледжінің деканы француз, қоғамдық медицина мектебінің деканы мысырлық болуы мүмкін. Екі елдің дипломын алатын болғандықтан студенттеріміз міндетті түрде Аризонада болып, кем дегенде бір семестрді сонда оқуы керек деп шешіп отырмыз. Әрине, бұл мәселе қаржыға тіреледі. Оны министрлік шешуге тиісті.

– Алдағы оқу жылынан бастап студенттер қабылдана ма? Қанша сту­дент оқиды? Университеттің ең жо­ғарғы басшысы қай елден болмақ?

– Жаңа оқу жылынан бастап бір мыңдай студент қабылдаймыз деген жоспарымыз бар. Алайда бірінші жылы жоғарыда айтқанымдай, foundation, яғни негізінен тілді жетілдіруге көңіл бөлінеді. Университеттің ең жоғарғы басшысы қай елден тағайындалатыны әлі шешілген жоқ. Бірақ ректорлық кеңесте америкалықтардың көбірек бол­уын қалаймыз. Топ менеджент те со­лар­дың мамандары болуы мүмкін.

– Америка сапарында қандай мәсе­ле­лер қарастырылды?

– Бұл – аймақтық университеттер арасында қолға алынып отырған алғашқы жоба. Сондықтан елімізде біз үлгі алатын, үйренетін үрдістер жоқ. Ал аймақтарда орталыққа қарағанда көп­теген аяқтан шалатын мәселе, шек­теулер болады. Мысалы, Нұр-Сұлтандағы Назарбаев Университетімен са­лыс­тырғанда мұнда болмашы қиын­дық­тар туындап қалады. Америка сапарында да кейбір мәселелер болды. Бірақ екі жақты ұмтылыс болса бәрін де шешуге болады, тек уақыт керек. Аризонада барлық факультеттерді аралап шықтық. Оларда факультеттер колледждер деп аталады. Бір ерекшелігі, оларда «академиялық бостандық» деген түсінік бар. Мұның өзі барлық колледж директорларына еркін тыныстауға, кез келген шешімді ешкіммен келіспей-ақ өздерінің қабылдауына мүмкіндік береді. Ғылыми зертханаларды көрдік, зерттеулердің бағытын анықтауға тырыстық. Әрбір деканмен оқу про­цесі бойынша ұзақ әңгіме болды. Өзіміздің ерекшеліктерімізді де жет­кіз­дік. Әрине, болашақ бюджет мәселесі де талқыланды.

– Қандай әсер алдыңыз?

– Америкалықтар өте сыпайы, мәдениетті адамдар екен. Барлық жерде жылы қарым-қатынаста болды. Бізге Қазақстанның Америкадағы елшілігі қызметкерлерінің көмегі көп тиді. Бірақ ұшу уақыты тым ұзақтау. Аризона университеті орналасқан Тусон қаласына дейін 3 ұшаққа ауысып мініп, 22 сағатта жеттік. Күтумен қосқандағы барлық уақыт 30 сағаттан кем емес. Аризона штатының орталығы Финикс қаласының өзінен Тусон 200 шақырымдай жерде. Қала Американың Мексикамен шектесетін өңірінде. Сондықтан мұнда испан тілінің ықпалы күшті екен. Бір қызығы, Петропавлмен ұқсас дүниелері де бар. Бұл қала да қорғанның түбіндегі тұрғындар қонысынан өсіп шыққан. Бұл өңір де негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Бірақ ауыз су тапшы екен. Сондықтан да университетте су шаруашылығының мамандарын көбірек даярлайды. Бізде қыс суық болса, оларда жаз ыстық, қысы жайлы көрінеді.