Дәрігерлер омыртқасы қисайған 10 жасар қыз балаға жеті сағатқа жуық ота жасады. Операция кезінде хирургтар науқастың омыртқасын хирургиялық жолмен түзетіп берді. Нақтырақ айтқанда, қисайған сүйегін түзетіп, денесін тік ұстау үшін арнайы темір құрылғыны арқа тұсына орнатып берген. Он жылдық тәжірибесі бар елордалық мамандар мұндай отаның күрделілігін атап өтті.
«Оңтүстік өңірінде халық саны көп болғандықтан, сколизге шалдыққан науқас балалар саны да бұл аймақта көп екенін айтуға болады. Сондықтан мұндай жоғары мамандандырылған отаны аймақтарға келіп, жергілікті мамандармен тәжірибе бөліскеніміз дұрыс. Бұл жолы біз қалалық клиникалық балалар ауруханасына келіп, осындай күрделі ота жасадық. Операция сәтті өтті. Ота жасау барысында бұл аурухананың жоғары мамандандырылған хирургиялық ем жасауға мүмкіндігі бар екенін байқадық. Бұл үшін жергілікті мамандардың біліктілігі жетеді», дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ортопедия бөлімінің жетекшісі Болат Нағыманов.
Дәрігердің айтуынша, отадан кейін науқастың жағдайы бұрынғыдан жақсара түседі. Яғни, омыртқаның қисаюынан пайда болған бүкірлігі жойылады және бойының ұзындығы қалпына түседі.
Айта кетсек, мұндай ота Нұр-Сұлтан қаласында 2010 жылдан бері жасалып келеді. Жылына орташа есеппен сколиоз ауруына шалдықан 150-ге жуық балаға күрделі операция жасалады.
Нұр-Сұлтандық дәрігерлердің қатысуымен өткен отаға жергілікті дәрігерлер қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Жоспар бойынша қалалық клиникалық аурухана мамандары тағы да күрделі травматологиялық ота жасау барысын жетік меңгеріп, жергілікті деңгейде дамытуды қолға алмақ.