Елорда • 22 Қараша, 2021

Елордада жаңа көпірдің құрылысы басталды

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада сот процесі аяқталғаннан кейін Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада жаңа көпірдің құрылысы басталды

«Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Сот процесі құрылыс жұмысы мен мерзіміне айрықша әсер етті. Қазір проблеманың бәрі шешіліп, көпір құрылысы басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Байтұрсынов көшесі, Қордай көшесі, Айнакөл көшесі, Момышұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,  деп жазды қала әкімі Instagram-да.

Тәуелсіздік даңғылындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеме 20% төмендейтіні күтілуде. Жоспар бойынша аталған көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады.

«Сонымен қатар Ұлы дала даңғылында да көпір салынуда. Оң және сол жағалауды жалғайтын көпір Мәңгілік ел даңғылының, Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін азайтады. Жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Тельман елді мекенінің, Метро гипермаркеті ауданының, Промышленный елді мекенінің, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т.б. қолжетімділігін арттырады», деді қала басшысы.

А.Көлгіновтің айтуынша, елордада биыл және былтыр 300-ге жуық көше салынып, жөнделді. Олардың жартысынан көбі елді мекендерде орналасқан.

«Сонымен қатар жаңа бағыттар, автобус желілері іске қосылды, автобус паркін жаңартып жатырмыз. Мұның бәрі қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы қатынауға, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді», деп толықтырды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.