Білім • 22 Қараша, 2021

Қазақ-қырғыз ЖОО-лары ынтымақтастықты нығайтты

426 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қырғызстандық бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты арттырады. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ-қырғыз ЖОО-лары ынтымақтастықты нығайтты

Бүгін Бішкекте басталған Қазақстан және Қырғызстан жоғары оқу орындары ректорларының форумы қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті мен А. Мырсабеков атындағы Ош мемлекеттік педагогикалық университетімен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Құжат академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер, профессор-оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер алмасуды, білім беру мен ғылыми байланыстарды арттыруға бағытталған конференциялар, семинарлар мен жиындарды үйлестіруді қарастырады.

Сондай-ақ меморандумда академиялық ақпараттармен, оқу-әдістемелік құралдармен және материалдармен бөлісу, өзара келісім-шарттар негізінде басқа да академиялық ынтымақтастықтар орнату көзделген.

Кездесуде Гүлмира Қанай жоғары оқу орындарының ортақ ұқсастықтары жайында сөз қозғап, тараптар түрлі бағыттағы қарым-қатынастарды нығайтудың мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Толобек Абдырахманов пен А. Мырсабеков атындағы Ош мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Бекмурза Зулуев ынтымақтастықты дамытуға ерекше ниет білдіретіндерін жеткізді.