Экономика • 23 Қараша, 2021

Бауырлас елдер сауданы дамытуға мүдделі

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан түркітілдес мемлекеттерге сауданы дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Таяуда Ыстанбұлда Түркия мен түркітілдес елдер арасындағы сауда-экономикалық байла­нысқа арналған конференция өткен еді.

Бауырлас елдер сауданы дамытуға мүдделі

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне (ТМЫК) мүше елдер арасында тауар айналымы қарқынды болғанымен оның көрсеткіші мардымсыз. Айталық, бүгінде бауырлас мемлекеттер жыл сайын шамамен 15 млрд доллар сомасына өзара сауда жасасып келеді. Бұл ретте мұнай-химия, металлургия, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп өзара сауданың негізгі қозғаушы тетігіне айналған. Олардың көлемі шамамен 9,2 млрд долларды құрайды.

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас дирек­торының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, сауда байланыстарын нығайту үшін ТМЫК елдерінің бірлескен жұмысын күшейту қажет.

«Экспортты тиімді ілгерілету, сауда әлеуетін нығай­тып, өзара байланыстарды күшейту үшін ынты­мақтастық пен сауда саласында жәрдемдесудің орны бөлек. Бауырлас елдердің және тұтастай өңірдің сауда әлеуетін арттыру мақсатында бірлесе жұмыс істеген тиімді», деді QazTrade-тің өкілі.

Н.Құлбатыров ұйымға мүше мемлекеттер арасын­дағы сауданы дамытудың амалы ретінде уәкілет­ті ұйым­дардың тұрақты іс-әрекетін реттеуді, өзара сауда­ның жағдайына бірлескен мониторинг жүргізуді және қазіргі бар кедергілерге талдау жасап, түркітілдес елдердің саудасына жыл сайын арнайы шолу дайындауды ұсынды.

«Бұл ұйымдағы нәтижелер туралы нақты көрнекі мәлі­меттерге қол жеткізуге және саудадағы кедергі­лер­ді жоюда уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік бере­ді», деді Н.Құлбатыров.

Сауда саясатын дамыту орталығының өкілі айтқан­дай, өңірлік ұйымдардың бірлескен іс-қимыл­дары пандемиядан кейінгі дағдарысты еңсеріп, тұрақты даму бағытында аса маңызды.