Өнер • 23 Қараша, 2021

Көңіл толқытқан кеш

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құлақтан кірген құдіретті музыка туындылары денені шымырлатып, алпыс екі тамырға рух жүгірткендей тебіренесің. Ұлт аспаптарының шертолғақ шанағынан шымыр-шымыр ноталар түлегенде ат тұяғынан сүрдекке айналған жолда жортуылда күн кешкен ұлы бабалардың мұрат-мақсаты мен асқақ арманы болған бүгінгі берекелі шақта бесік тербеткен қазақ ұлтының тектілігі қылаң береді. Міне, осындай сан толқынысқа жетелеген белгілі әнші, Қазақконцерт солисі Ерболат Шалдыбековтің «Төгейін жырды халқыма» атты жаңа концертінің куәсі болдық.

Көңіл толқытқан кеш

Тыңдарманның көңілін көк теңіздей тол­қытқан, музыка өнерінің жауһар туындылары орындалған керемет кеш Қазақконцерт сахна­сында өтті. Жетісу ән­шілік-жыршылық мек­те­бінің жарқын өкілі Ерболат Шалдыбеков дәс­түр­лі әнге шөліркеген жұрттың шөлін бір басты.

Көңілдің киелі пернесін дөп басып, жан сарайын жа­­дырататын саз өнерінің сиқырына жиі елтіп кетесің. Қанша уақыт тіршілік те­пе­­ңімен жүрсең де, баба­лар­дың өміршең туындылары көкейіңде күмбірлеп қоя береді. Кеш иесінің қуа­нышына қолдау көрсеткен «Астана сазы» мемлекеттік фольк­лорлық ансамблі сах­на­да бебеу­леткенде көңіл толқи­ды.  Сахнадан ұшқан тамылжыған мөлдір туындылар, асқақ рухты күйлер жадыңда жаңғырса, жер-әлемге сыймайтындай күйге түсесің. Сонда барып шынайы өнерге деген ішкі се­зімің беки түседі.

Шындығында Ербо­лат Шалдыбековтің репер­туа­рындағы әрбір туындыны толқи тыңдамау мүмкін емес. Аттың шабысы, судың ағысынан бастап қазақы қанды тасытар небір сазды өн бойына жинаған ұлы күй­лер мен асқақ музыкаларды жоғары деңгейде орындайтын өнер иесі бүгінге дейін талай асуды бағындырып, шығармашылықтың жемісті жолын тарихи сүрдекке айналдырды.

Шара барысында күллі қазақ тыңдарман­дары­ның сүйіспеншілігіне, құрмет-қоше­ме­тіне бөленіп жүрген Жанғали Жүзбай, Ерлан Рысқали, Ардақ Балажанова, Клара Төлен­баева, Елбол Қуанбек сынды кеш қонақ­тары халықтың ыстық ықы­ласына ие болып, сахнаны дүбірге бөледі.

Кеш соңында Жамбыл Жабаевтың жырлары мен Жетісу өңірінің әндерінен жан дүниесі жадырап, рухани ләззат алған көрермен кеш иесіне алғысын айтып, тарқасты.