Білім • 24 Қараша, 2021

Магистратураға түсу үшін жеті мыңға жуық өтініш түсті

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар магистратураға түсу үшін жеті мыңға жуық өтініш берді, деп хабарлайды Egemen.kz Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Магистратураға түсу үшін жеті мыңға жуық өтініш түсті

Магистратураға екінші қабылдау қорытындысы бойынша 6 778 өтініш түсті. Докторантурада оқу үшін 700-ден астам өтініш берілді.

«Бұған дейін ҚР БҒМ енді ниет білдірушілер жылына екі рет магистратура мен докторантураға құжаттар тапсыра алады деген шешім қабылдаған болатын. Бұл жаңалық қандай да бір себептермен құжаттарды дәстүрлі алғашқы қабылдау кезінде өтінім беруге мүмкіндігі болмаған мыңдаған қазақстандықтарды қуантты. Енді тестті сәтті тапсырған үміткерлер жазғы қабылдау қорытындысы бойынша тағайындалмай қалған гранттарды ұтып ала алады», деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Айта кетсек, магистратураға кешенді тестілеу және докторантураға түсу емтихандары 2-11 желтоқсан аралығында өткізіледі.

TOEFL ITP тестінің нәтижелерімен докторантураға түсушілер ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуден өтеді. Ол түсу емтиханын тапсырғанға дейін өткізіледі. Тест тапсырмаларының жалпы саны 100 сұрақтан тұрады. Ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеу «рұқсат беру» немесе «жібермеу» нысанында бағаланады. «Рұқсат» бағасын алу үшін кемінде 75 балл жинау қажет. Ағылшын тілін білуге арналған тестілеу, кешенді тестілеу және түсу емтихандары өңірлік тестілеу орталықтарында өткізіледі.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар 2021 жылғы 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Бұл ретте магистратураға және докторантураға қысқы қабылдау 2021 жылғы 2-11 желтоқсан аралығында өткізілген тестілеу және түсу емтихандарының нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын болады.

Магистратура мен докторантураға қабылдау 2021 жылдың 26 желтоқсаны мен 2022 жылдың 10 қаңтары аралығында өтеді.