Әдебиет • 28 Қараша, 2021

«Қара пимадағы» қара бала

8635 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қыс күндері жауған қалың қарды көрсем, ақын Ұлықбек Есдәулетовтің «Қара пимасы» есіме түседі, жай түспейді, күллі оқиғасымен көз алдыма келіп тізіле қалады. Анадайда «Пимамды менің қайтар» деп жылап тұрған қара бала елестейді. Мүмкін, бұл өміршең шығарманың мәңгілік қуаты шығар?! Мен осы «Қара пима» термесін алғаш рет тыңдағанда, аппақ күртік қарда етпеттеп жылап жатқан баланы жалғыздық деп пайымдадым. Әрине, сол да. Анасы қайтыс болды, әкесі теріс айналды, жанына жылу беретін қара пимасы араққа сатылды, енді ол жалғыздық емей немене?

«Қара пимадағы» қара бала

Біздің ұғымымызда «қара» сөзінің алар орны ерекше. «Қара тау», «қара жер», «қара топырақ», «қара түн», «қара көз» болып кете береді. Ал ақын Ұлықбек Есдәуле­товтің қазақтың шынайы өмірінен алынған «Қара пима» поэмасы бүкіл қазақ даласын аралап шықты. Оның негізгі арқауы – өмір шындығы. Поэма ғұмырының ұзақ болуындағы екінші себеп аталған шығармаға сазгер Алтынбек Қоразбаевтың ән жазып, оны Алма Аманжолованың орындауы болды.

Әкеміз арақ ішпесе де, біз «Қара пиманы» тыңдап өстік, ондағы өмір таза қазақы өмір, ондағы оқиға құдды біздің ауылда болып жатқандай сезілетін. Тіпті осындай оқиғалар сол кезде қазақ даласының әр қиырында, әр ауылында болғаны шындық. Баланың қиын өмірі кімнің болса да көзіне жас үйіретін. Шығармадағы араққұмар әкені жек көріп өстік. «Қара пимада» қоғам, адам, табиғат, ұрпақ сынды төрт тыныс өзара қайшылықты күйде алма-кезек сөйлесіп отырады.

«Алай да дүлей ақ боран,

Ысқырып, ұйтқып, бұрқырап».

Немесе:

«Апшысын жердің қуырып,

Аранын аспан ашқандай.

Ақ бұлттан қылшық суырып,

Алапат күшпен шашқандай».

Поэма осылай басталады. Табиғат­тың адам­ға деген ашуы, ызасын ақын осылай су­рет­тейді. «Мынау үй жансыз сықылды, күр­тік­­ке кеткен көміліп» дегені адамның қау­қар­сыздығын, жалғыздығын, әлсіздігін айқайлап айтып тұр. Бала кезімізде дискіден осы термені бүкіл ауыл, аудан тыңдап, үлкен­дер жағы бір жылап алатын. Арақтың қазақ өміріне енгелі бері осындай трагедиялар әр ауылда кездесіп жатты. Қаншама әке «арақты енді қойдым» деп отбасын, өзін, өмірін алдады десеңізші?! Бәрі біткен соң «жап-жаңа пима әкелуді» ар санамаған әкелердің кесірінен қанша үй жансыз үйге айналды, қанша бала «Енді маған пиманың керегі жоқ» деп іштен жылады?

«Ішуге сылтау табылар,

Ішемін, — дейді, күйіктен.

Қызған соң айтар әні бар,

«Өмір-ай неткен сүйікті ең!»

«Қара пиманың» жазылуы туралы ақын: «Бұл туынды алғаш рет менің жиырма бес жасымда жазылды. Кеңестік заманда қоғам арақтан ада деген ұранмен өмір сүріп, бұл туынды тек терме түрінде ғана тыңдарманын тапты. Екі рет кино түсірілмекші болып жоспарланып, іске аспай қалды. Енді міне Айдын бауырымыздың режиссуралығымен театр сахнасына келді», дейді. Қырық жыл бойы қазақ руханиятында сөнбеген жұлдыз сынды жарқыраған «Қара пима» шығармасы әлі де өзекті. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұлтты сүю әртүрлі» деген тамаша сөзі бар. Ақын Ұлықбек Есдәулетовтің «Қара пимасы» ұлтын сүюдің үлгісінен туындаған туынды. Ол ақын ретінде арақ меңдеген қазақ қоғамының бейнесін, ауыр қасіретін ақ қағаз бетінде сөйлетіп, сол арқылы қазақ азаматын, анықтап айтқанда, әр қара домалақ баланың әкесін тәрбиелеуді мақсат тұтты. Кезінде біздің ауылда осы «Қара пиманы» тыңдап, арақты қойып кеткен адамдар көп болды. Соларға әлде біреу «Арақ ішпе» деп арзан ақыл айтса, «әрі жүр» деуі бек мүмкін. Ал «Қара пиманың» оларға әсері өзгеше болғаны шындық.

 «Әйнектен сәуле бөлшек боп,

Әкенің түсті шашына.

Бұл әлде оның сол сәтте,

Ағарып кеткен шашы ма?!».

Шығарманың осылай күрделі сұрақпен аяқталуы да заңдылық сияқты. Адамның бір кезде жасаған қателіктері күліп алдынан шығатыны туралы білгісі келген адам болса, «Қара пимаға» құлақ түрсе екен. «Қара пима» қазақ даласындағы қара шұнақ балалардың тағдырын, тауқыметін, болашаққа деген үмітін білдіретін үлкен шығарма.

Қанша адамның жанарына «Қара пима­дағы» қара бала елестеп тұр екен деңізші?! Егер сізді де балалар тағдыры ойландырса, «Қара пиманы» кемінде тағы бір рет тыңдаңызшы. Тағы бір қаһарлы қыс келді. Қанша бала пимасыз жүргенін кім білсін?!