Аймақтар • 29 Қараша, 2021

Құрбандарды ақтау мәселесі ғылыми тұрғыда зерделенді

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия отырысы өтті. Жиынға өңірлік комиссия мүшелері, облыстық жұмысшы тобы мамандарымен қатар қала және аудандық жұмысшы топ өкілдері онлайн режімде қатысты.

Құрбандарды ақтау мәселесі ғылыми тұрғыда зерделенді

Отырыста аймақтағы саяси қу­ғын-сүргінге ұшыраған азамат­тар жерленген аумақтарды анықтау, жазықсыз сотталғандарды ақтау мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу жұмыстары туралы облыстық мәслихат хатшысы, республикалық комиссия мүшесі Наурызбай Байқа­дамов баяндама жасады. Өңірлік комиссия жұмысын үйлестіру бо­йынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, өңірлік комиссия хатшысы Мира Қазбекова айтып өтті.

Облыс әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы жұмыстарға баға беріп, алдағы міндеттерді айқындады.

– Қолда бар мәліметтерге қара­ған­да, облыс бойынша 4 038 отбасы қуғынға ұшырап, 1 153 адам атылып кеткен. Жалалы болып жан қиған осы азаматтарды ақтау бағытында біршама жұмыстар жүр­гізілді, ол алдағы уақытта да жал­ғасын табуы қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.

Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс тобы бүгінде құпия қорлармен жұмыс істеп, көптеген материалға қол жеткізген. Облыстық Полиция депар­таменті мұрағатындағы 3 қор­да 4 669 тұлғаға қатысты, 3 016 қыл­мыстық іс сақталып тұр.

Комиссия жұмысы барысын­да өткен ғасырдағы түрлі қозғалысқа қатысқандардың, саяси қуғын-сүр­гін құрбандарының, күштеп көші­рілгендер мен арнайы қо­ныс­­танушы­лардың құжаттары анық­талды. Соғыс жылдары кеңес­тік әскери тұтқындар қатарынан құрылған Түркістан легио­ны сар­баздарының істері негізінде азаматтарды ақтауға ұсыныстар әзірлену үстінде.

Облыстық ішкі саясат басқарма­сының басшысы Мира Қазбекова бүгінге дейін өңірлік комиссия және жұмысшы топтың 4 отырысы өткізілгенін айтып өтті. Комиссия және жұмысшы топ құрамына енгізілген ғалымдар бекітілген кес­теге сәйкес мемлекеттік мекемелер мен облыстық архив мұрағатындағы құпия құжаттарды зерттеуде. Олар үшін Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университетінің базасын­дағы «Мұстафа Шоқай» ғылыми-зерттеу орталығы жанынан және облыс орталығындағы мұрағаттарда, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада арнайы жұмыс бөлмелері жасақталған.

Саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын үйлестіруге облыстық бюджеттен қаржы қа­ра­лып, «Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік экспедиция жұмысын үй­лестіру» әлеуметтік жобасы жү­зеге асырылуда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңірлік комиссияның жұмысын жандандыру мақсатында ішкі саясат басқармасына бірқатар тапсырма жүктеді.

– Республикалық комиссия та­рапынан енгізілген ұсыныстар хат­­тамалық тапсырмаға енгізіліп, об­лыстық жұмысшы топ мүшелері­нің зерттеген материалдары мен тың жазбаларынан жинақ шығаруға қажетті қаражат жайлы ұсыныс әзірленуі керек. Келер жылы жұ­мыс­шы топ құрамына мәдениет, архив және музей саласының мамандарын қосқан жөн. Жұмысшы топ жұмысын ақпараттандыруға арналған кешенді медиа-жоспар әзірлеп, бекітуге ұсыныңыздар, – деді Гүлшара Наушақызы.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына аймақ архивтеріндегі саяси қу­ғын-сүргін құрбандары туралы құ­жаттарға қосымша зерде­леу жұ­мыстарын жүргізіп, оны об­лыстық жұмысшы топпен бірле­сіп талдау тапсырылды. Жазықсыз жалалы болғандар жерленген аумақтарға белгі қою, зұлмат жылдар зардабы тиген қайрат­керлер туралы ар­найы ақпа­раттық кітапшалар әзірлеу міндеттелді. Облыстық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер департаменті саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жабық архив қорларындағы құжаттарды жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру жөнінде тиісті жұмыстардың жүргізілуіне ықпал жасауы қажет.

 

ҚЫЗЫЛОРДА