Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»
Орындалған арман
Кәрібоз атам ел арасында сөзге шешендігі әрі қасының ерекше қоюлығынан «Кәрібоз шешен» атанып, ауыл-руларды татуластыру мен елдестіруде халық билігінің маңызды өкілі болған. «Елдестірмек – елшіден» деп дана халқымыз айтқандай, мен де Кәрібоз атамның жолын қуып, 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің алғашқы қазақ тобына оқуға түстім. 2000 жылы үздік түлек ретінде еліміздің Сыртқы істер министрлігіне жолдама алып, тау бөктеріндегі ару Алматыдан Сарыарқаның өрі, еліміздің төрі болған бас қалаға аттандым.
Жас дипломат ретінде шетелдік басшылардың мемлекеттік және ресми сапарларын ұйымдастырдым. 2003 жылы Елбасымыздың тарихи бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезіне Израиль мемлекеті делегациясының қатысуына атсалыстым. Бұл менің дипломатиялық тәжірибемде үлкен әсер қалдырған оқиға болды.
2007 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың шақыруымен енді ғана ашылып, жұмысын бастап жатқан ел Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығына бас менеджер ретінде қабылдандым. Білім қуған талай жас замандасымызға кемел болашақ сыйлаған орталықтың ішінде қызметтік «лифтімен» көтеріле жүріп, шетелдің үздік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатып, «Болашақтың» көкжиегін кеңейтуге өз үлесімді қостым.
2009 жылы әлемнің экономика мектептерінің көшбасшысы саналатын Лондон экономика мектебіне (LSE) оқуға қабылдандым. Бұл арманым еліміздің Тәуелсіздігі және Елбасының адами капиталды дамытудағы ең сәтті стартабы – «Болашақ» бағдарламасы арқылы орындалды. Тынымсыз талпыныстың нәтижесінде Мемлекеттік басқару және менеджмент саласындағы ғылым магистрі болып Отаныма оралдым. Елге келе сала дипломатия жолына қайта бет бұрдым. Біраз жыл бойы Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі елшілігінде инвестициялық кеңесші қызметін атқардым.
Бір кездері елге халықаралық біліммен қайта келгендей, араға жылдар салып, үлкен тәжірибе жинап өзім еңбек етіп, кірпішін берік қалауға атсалысқан орталыққа оралдым. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолдауымен «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуын жаңа сапалы деңгейге көшіруге бар күш-жігерімді салудамын. Орталыққа оралудағы үлкен жауапкершілік пен тарихи миссиямды ерекше сезінемін, бұл – талай жастың үмітін үкілеп, арманын асқақтатқан теңдессіз президенттік стипендияның мәртебесін, халықтың оған деген сенімін арттыру, бағдарламаның заман талабына сай жаңғырып, жетілуін қамтамасыз ету.
Елбасының ерлігі
Осылай десек, артық айтпаған болармыз. Себебі бәрімізге белгілі, тоқсаныншы жылдардың басы Қазақстан үшін тағдыршешті кезең болды. Дәуірлер алмасқан дағдарысты шақта алысты болжап, жақынды аңдау Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазылыпты. Шұғыл шешім, әбжіл әрекетті қажет ететін сындарлы сәтте елдің еңсесін көтеріп, іргесін бекіту, әлемдік дәрежедегі білімі бар майталман мамандар даярлау үшін Елбасы 1993 жылғы 5 қарашада «Болашақ» стипендиясын құру туралы қаулы қабылдады. Экономика тұралап, әлеуметтік ахуал толық тұрақталмай тұрған тұста қаржыны шетелден білім алу ісіне салу – зор тәуекел мен көрегендікті қажет ететін ерлікті іс.
Арада ширек ғасыр өтті. «Болашақ» бағдарламасымен дүниенің маңдайалды оқу орындарын бітіріп келген жастар Тәуелсіз елдің туын биікке көтеріп, Қазақстанның көшбасшы кадрлық класын қалыптастырды. «Болашақ» бағдарламасы бүгінде 30 жыл болған Тәуелсіздіктің брендіне айналды. Міне, тарих үшін қас қағым сәт болса да, қазақ үшін қастерлі де қиын-қыстау кезеңде Елбасының стратегиялық қадамға барып, тәуекел еткенін бүгін «Болашақ» дәлелдеп отыр. 11 мыңнан аса «Болашақ» бағдарламасының түлегі қоғамның әр саласында: денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет, мәдениет, ғылым және техника, ауыл шаруашылығы, өндіріс, IT және инновациялар – барлық жерде өлшеусіз үлестерін қосып жатыр. Егемендіктің ғасырға бергісіз әр жылында «Болашақ» бағдарламасын болашақты ойлай білгенінің жемісі деп айтсақ болады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы білім алған жастар елімізді өркендетіп, Қазақстан атты қастерлі «құрылысты» қарқынды түрде жүргізе береріне күмән жоқ.
Түлектен тілек
«Болашақ» бағдарламасы қабылданғалы бергі 28 жыл ішінде 14 мыңнан аса қазақстандық стипендиат атанды. Осылайша, ширек ғасырға жуық уақыт ішінде көшбасшылар командасы қалыптасты.
Енді жалқыдан жалпыға өтейік. Тоқсаныншы жылдары «Болашақ» стипендиясына ие болып, Германияға аттанған Дмитрий Горбунов Albert-Ludwigs-Universitat Freiburg-та оқып, Тюбинген қаласындағы жүрек-қантамыр хирургиясы бөлімшесінде клиникалық ординатурадан өтті. Елге 2001 жылы оралып, астанадағы балалар кардиохирургиясы клиникасын құруға атсалысты. Бүгінде Ұлттық кардиохирургиялық орталығындағы балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін Дмитрий сәбилердің жүрегіне күрделі операциялар жасайды. Қазірдің өзінде ол балалардың жүрегі мен магистральды қантамырларына 7 мыңнан аса операция жасаған. «Біз хирург ретінде кішкентай пациенттеріміздің оңала бастағанын көргенде, қуанышымыз қойнымызға сыймай кетеді. Балалар өседі, дамиды, сөйлейді, тәй-тәй басып талпына бастайды. Адамға көмектескеннен артық қандай ләззат керек», дейді «Болашақ» түлегі Дмитрий Валерьевич.
«Болашақтың» да бет-бейнесі осындай кемел адамдар болса керек. Ойлаңыз, мыңдаған сәбидің жұдырықтай жүрегін емдеуге бір ғана түлек осылай қызмет етіп жүр. Ал егер сол сырқат сәбилерді сырт елге жіберсе не болар еді? Оған әуелі барлық ата-ананың қаржысы жетер ме еді? Дмитрийдің тілегі – түлектің тілегі қандай жылы: «адамға көмектескеннен артық қандай ләззат керек»... Бұл шамасы «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып келген әр түлектің көкейінде тұруы тиіс ізгі ой деп білемін.
Дамель қалай дамыды?
Біздің келесі кейіпкеріміз – Дамель Мектепбаева. Бала кезінен биолог болуды армандаған бойжеткен түпкі мақсатына «Болашақ» бағдарламасы арқылы жеткен. Астана медициналық университетін бітірген ол 2005 жылы АҚШ-тағы Индиана университетіне түсіп, биотехнолог-химик деген мамандықты үздік оқу орнынан игеріп шықты. Алған білімін елге қайтару үшін Дамель елімізде енді ғана ашылған Назарбаев Университетіне келіп, ғылым жолына түсті. Терең білімінің нәтижесімен NASA-да тәжірибе алмасқан алғашқы қазақстандық ғалым атанды. Оның командасы жасаған стартап жобалар Кореядағы Google-D.CAMP Prize, Франциядағы Hello Tomorrow Challenge, Перудегі Startup Mexico, Startup Chile, Startup секілді конкурстарда жүлделерге ие болған. «Мені қазір шетелде жақсы қызметтер күтіп тұр. Алайда мен ілім-білімімді Қазақстанда қолданғанымды жөн көремін және мемлекеттің де мен секілді мамандарды қолдағанын қалаймын», дейді Дамель.
Дамельдің елсүйгіштігі мен еңбекқорлығына тәнтімін. Қаншама халықаралық гранттарды ұтып алды, қанша зертханалық зерттеулер жасады, ғылымның қазанында қайнап жүргенін ғана қанағат қылмай, ерікті түрде жастарға, аймақтардағы жандарға кеңестер береді, дәрістер оқиды. Яғни өз-өзін дамытып, өзгеге де қолұшын созуды ұмытпайды. Бүгінде Дамель бойдағы білімін басқалармен бөлісу үшін өңірге аттанып, Солтүстік Қазақстандағы Kosybayev University-дің инновациялар, интернационалдандыру және трансформация мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі болып қызмет атқарады.
Міне, қазақстандықтардың көпшілігі үшін «Болашақ» стипендиясы, әсіресе, мемлекеттік қолдаудың көмегімен әлемнің үздік жоғары оқу орындарында сапалы білім ала алған көпбалалы отбасылардан және ауылдық жерлерден шыққан адамдар үшін нақты әлеуметтік «лифтіге» айналды.
Сан мен сапа
Сапаны анықтау үшін санға жүгінейік. «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ел экономикасына қосқан үлесін тереңірек зерттеу үшін Bolashaq Impact Report-1 атты ғылым-зерттеу жүргіздік. Зерттеу нәтижелері бойынша жұмыс берушілердің 90%-ы бағдарлама түлектерінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалап, сонымен қатар түлектердің көшбасшылық, адамгершілік және коммуникативтік қасиеттерін ерекше атап өтті.
Қараңыз, бүгінде 11 мыңнан аса түлектің 52%-ы орта және топ-менеджерге дейін өскен. Оның ішінде 10%-ы – өз компаниялары мен стартаптарының негізін қалаушы басқарушылар. Түлектер денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқару, инновацияларды енгізу және бизнес процестерді оңтайландыру, мәдениет пен өнерді ілгерілетуде тер төгіп, қоғамдық бастамалардың басында жүр.
Зерттеуге сәйкес, тек бір жылдың ішінде 545 дәрігер түлегіміз 213 мың күрделілігі әртүрлі операция жасады, ал педагог-оқытушы түлектеріміз 145 мың мектеп оқушысы мен студентін оқытты. Профессор атағы бар 150 түлек мыңнан аса ғылыми мақаласын әлемнің алдыңғы қатардағы ғылыми басылымдарында жариялады. Өнер саласындағы санаулы түлек 5 мың концерт ұйымдастырды, осыған қоса 100 мыңнан аса жоғары сыныптағы мектеп оқушысына тәлімгер болды. Біле білгенге бұл – үлкен нәтиже!
Өзгерістер мен өзге істер
Сөз басында өз басымнан мысал келтіргенімдей, «Болашақ» көп қарапайым жастың жолын ашты. Оның ішінде өзім де бар екенімді жоғарыда айттым. Аталған 28 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы сапа жағынан көп өзгеріске түсті. 28 жыл ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы елдің стратегиялық басымдықтарына негізделе отырып, сапалы трансформациядан өтті, стипендия тағайындаудың ашықтығы артты және конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылды.
Атап айтқанда, 2020 жылы Үкімет қаулысымен стипендияға үміткерлерді іріктеудің жаңа Ережесі қабылданды. Әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының тізімі түзіліп, басым мамандықтар тізбесін жасақтау талаптары өзгерді. Үміткерлерді іріктеу кезеңі 6-дан 3-ке дейін қысқарып, тәуелсіз сараптама комиссиясына қойылар талап та күшейтілді. Барлық квоталық үміткер санаттары жойылып, сол арқылы конкурстық іріктеу барысында тең мүмкіндіктерге жол ашылды.
Баса айта кететін нәрсе, бағдарлама шеңберінде ауыл жастарына жеңілдіктер ұсынылып отыр. Ауылдық елді мекендерден үміткерлер конкурсқа ауылдық елді мекендерде соңғы 3 жыл ішінде тұрған және соңғы 2 жыл ішінде еңбек қызметін жүзеге асырған жағдайда қатыса алады. Осыны ескеру керек. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерден үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 2.67 (4.0/4.33-тен) GPA балына сәйкестігі талап етіледі. Алайда «ауыл» санатына жататын үміткерлерге шетелдік ЖОО-дан конкурсқа шартсыз шақыру ұсыну талап етілмейтінін атап өткен жөн. Оларды орналастырумен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ айналысады.
Ауылдан шыққан жастар стипендияға ие болғаннан кейін ағылшын тілінен тілдік дайындық курстарынан өтеді. Тілдік дайындық мерзімі Қазақстанның аумағында 6 айға дейін, British Council секілді беделді ұйымда өткізіледі.
Ең бастысы, 2020 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау мен конкурстық рәсімдер толығымен автоматтандырылып, цифрлы жүйеге көшті. Бұл – жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жолындағы маңызды бастама.
Бұған қоса Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жылына 500 ғалымды «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберу үдерісі жүріп жатыр. Бұл – үлкен мүмкіндік.
«Болашақ» бағдарламасы – ел Тәуелсіздігінің ең ірі жобаларының бірі. Сонау қиын-қыстау заман – 1993 жылдың өзінде-ақ Елбасымыз «Болашақ» бағдарламасын құрып, сол арқылы қазір қаншама түлек елдің игілігіне қызмет етіп жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның адами капиталды дамытудағы ең сәтті де мықты стартабы «Болашақ» десем еш артық емес. Бағдарламаның әрі қарай да жемісті болуы үшін аянбай еңбек ете береміз. Бұл да біздің Тәуелсіздікке қосқан үлесіміз болып қала бермек.
Айнұр КӘРІБОЗОВА,
«Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі –
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті