Қоғам • 02 Желтоқсан, 2021

Көмір бағасы көтеріле ме?

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күздің қара суығы түсісімен-ақ қараша халықты қалың ойға жетелейтін көп сұрақтың бірі осы. Құзырлы органдар «көмір бағасы көтерілмейді» деп сендіргенімен, түпкілікті тұтынушыға баратын отынның құны қашанда бас айналдырады. Міне, бұл жолы да Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баға тұрақты болады деп ресми мәлімдеме жасады.

Көмір бағасы көтеріле ме?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бұл жерде министрлік кеніштерден са­ты­латын көмірдің бағасын мең­зеп отыр. Демек отынның одан ке­йін­гі ба­ға­сында ведомствоның шаруасы жоқ. Яғни баға белгілеу теті­гі әдет­­тегідей тасы­малдаушылардың қо­лын­­да қалмақ. Ал министрлікпен кө­мір бағасының өсуіне жол бермеуді көздейтін ме­мо­ран­думға қол қойған ірі көмір өн­ді­ру­ші ком­пания­лар өңір­лердегі кө­тер­ме сатып алу­шыларға отынды бел­гі­ленген бағамен жет­кізеді.

Ұлттық статистика бюросының дерек­те­­ріне сүйенсек, көмір өндіруші кә­сіп­­орын­дардың, оның ішінде «Шұбар­көл Көмір», «Қаражыра», «Май­көбен-Вест», «Богатырь Көмір» ком­па­ния­ла­ры­ның орташа бағасы тоннасына 5 600 теңгені құрап отыр. Министрліктің мәлімдеуінше, бұған қоса тауар биржасында көмірді сату кезінде баға дәлізі белгіленеді. Онда көмір сатуға арналған өтінім бағасы базалық бағадан 98 пайыздан төмен және 102 пайыздан жоғары болмауға тиіс. Осылайша, бағаның на­рық­­тағы ауыт­қу тетігі (бағаның өсуі және төмен­деуі) қарастырылып, сатып алу­­шы­лар­дың сұранысы ескеріледі. Мысалы, сұ­раныстың болмауына байланысты «Сат-Көмір» мен «Кузнецкий разрезі» компаниялары өнімдерін сатпаған.

Осы орайда көмір өндіруші компа­ния­лар­дың бағасы әртүрлі екенін атап өткен жөн. Өйткені көмір өндірудің өзіндік құны әр кәсіпорында әртүрлі. Өзіндік құнға кен орнының тау-кен гео­логиялық жағ­дайлары, өндіру тех­нологиясы, механикаландыру кешені, игеру жүйесі және басқа да фак­торлар әсер етеді. Сондай-ақ жаб­­дыққа, электр энергиясына, отынға, әлеуметтік міндеттемелерге кете­тін және өзге де шығыстар көмір өн­дірудің құнына кіреді.

«Көмірдің бөлшек саудадағы бағасы оны сату, аймаққа жеткізу, жалға алу құнына, теміржол тұйық­тарына, қызмет­кер­лер жұмысына, көмірді түсіруге және тиеуге арнал­ған техникаға кете­тін, сон­дай-ақ компаниялардың сауда­лық үстеме бағасына байланысты қалып­та­са­ды. Көмір бағасының өсуіне отын­ның тоннасын 25 мың теңгеге дейін көтерген жергілікті жерлердегі «алыпсатарлар» әсер етіп отыр. Теміржол тұ­йық­тарындағы (Нұр-Сұлтан қаласы) кө­мірдің орташа бағасы тоннасына 13 мың теңгені құрап отыр», деп хабарлады Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі.

Ведомство елімізде көмір тапшы­лығы жоқ және болмауға тиіс деп мәлімдеді.

«Жылу беру маусымына дайын­дық процестің әрбір қатысушысының өз құзыреті шеңберінде нақты және үй­ле­сімді жұмысын талап етеді. Көмір кәсіпорындары көмірдің қажет­ті көлемін өн­діруге, ал теміржол­шы­лар көмірді өңір­лер­ге дер кезінде тасы­малдауға жа­уапты. Жергілікті атқарушы орган­дар тұтыну көлемін жос­парлауға, көмір сатып алуға арнал­ған тендерлерді уақтылы өткізуге, сондай-ақ өз өңіріндегі көмір қорларын ба­қылауға міндетті. Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өті­нім­деріне сәйкес көмір өндіру және оны өңірлерге жет­кізу процесін қада­ға­лай­ды», делінген министрліктің хабарлама­сын­да.

Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз­дегі көмір өндіруші компаниялар 2021 жыл­дың 10 айында 89,3 млн тонна көмір өн­дірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен шамалас. Былтыр дәл осы уақытта 88,1 млн тонна көмір өндірілген екен.

«Энергия өндіруші және өнер­кәсіптік кәсіпорындардың өті­німдерін, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұр­ғындар үшін көмір жеткізуге өтінімдерді орындауда кідіріс жоқ», деп хабарлады ведомство. Дегенмен қыр­кү­йек айында ауа ра­йы­ның күрт суытуына байланыс­ты еліміздің орталық және сол­түс­тік аймақ­тарында көмірге сұраныс арт­қан.

Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлт­­тық компаниясы күзгі-қысқы кезең­де көмірді тиеп жөнелтуге деген өті­нім­дердің артуына орай жүк жөнел­ту­шілерге жылжымалы құрамды уақ­ты­лы беру үшін «Қазтеміртранс» компаниясын 16 мыңнан астам вагонмен қамтамасыз еткен. Көмірді сату кезінде халық арасында қолайсыз жағдайлар туғызбас үшін министрлік көмір өндіруші кәсіпорындармен және «Қазақстан те­мір жолымен» бірле­сіп, жылу беру мау­сымының басында әкімдіктерге ком­му­нал­дық-тұрмыстық көмір қорын алдын ала шоғырландыру туралы ұсыныс берген. Әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес 2021 жылғы 22 қарашадағы жағдай бо­йын­­ша жалпы жоспарға қатысты (2021 жылғы 1 мамырдан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін) көмір қорымен қамтамасыз ету кө­лемі коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін – 97,4 пайызды, тұрғындар үшін 93,9 па­йызды құраған.

«2021 жылғы 6 қарашада министр­лікте әкім­діктердің, көмір өндіруші кәсіпо­рын­дардың және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өкіл­дерінің қаты­суы­мен халықты көмір­мен қосымша қам­тамасыз ету мәсе­лесі қаралды. Бұл мәселе бойынша кеңестер министрлікте тұрақты түрде өт­кізіледі. Нәтижесінде, өңір­­лер­ге көмір жөнелту көлемін ұлғайту тура­лы шешім қабылданды. Халық­ты және коммуналдық-тұрмыс­тық сектор­ды көмірмен толық қамта­ма­сыз ету жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда», деп хабарлады Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі.