Коронавирус • 03 Желтоқсан, 2021

«Қызыл аймақтан» құтыла алмай тұрмыз

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы эпидемиялық ахуал оңалмай тұр. Төрт аптадан бері облыстың матрицалық бағасы «қызыл аймақтан» шыға алмау­да. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін облыста індет жұқтырған 32 393 адам тіркелген. Өткен тәулікте тіркелгендер саны – 138. Тіркелгендердің көбі – Петропавл қаласынан. Облыс орталығында сырқатқа ұшырағандар саны – 67. Аудандар арасында Ресей Федерациямен шекаралас М.Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар аудандарында ауырғандар саны 10-16 арасында болып, жоғары деңгейде тұр.

«Қызыл аймақтан» құтыла алмай тұрмыз

12-25 қараша аралығында 1 919 жағ­дай тіркелді. Бұл алдындағы екі ап­та­ға қа­рағанда 5,3 пайызға төмен. Бірақ қа­уіп сейілген жоқ. Жекелеген аудандар­да сырқатқа ұшырағандар саны тіпті арта түскен. Мысалы, Есіл ауданында 1,3 есе көбейді.

Ресей Федерациясымен шектесетін жол­­дардағы шекаралық бақылау бе­кет­­тері арқылы облысқа жыл басынан бері барлығы 314 145 адам келсе, соның ішінде 165 947 адам ПТР сарап­та­масының анықтамаларымен жаяу өтті, ал Қазақстан Республикасының 5 782 азаматы анықтамасыз келіп, COVID-19-ға зертханалық тексеруден өту үшін карантиндік стационарларға орналастырылады. Олардың арасынан 315 адамның бойынан індет белгісі табылды.

Ал 72 сағаттан кешіктірмей алынған ПТР әдісі бойынша COVID-19 сынауынан өткені туралы куәліктері бол­мағандықтан 1 613 шетел азаматына Қазақстан аумағына өтуге тыйым салынды. Шекаралық өткізу-шығару бе­кетіндегі жаман індетке қатысты жалпы жағдай осындай.

Облыста 260 226 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілген. Бұл – тұр­ғындардың 70,2%-ы. Екінші компо­нентпен 243 144 егілген, яғни тұр­ғындардың 65,6%-ы вакци­на­мен то­лық қамтылды. 12-25 қараша ара­лығында 12 жастан асқан жас­өс­пі­рім­дер­ді, жүкті әйелдерді (жүк­тіліктің 16-дан 37-ші аптасына дейін), лактация кезіндегі әйелдерді вакциналау жалғасуда. Олардың арасынан 1 567 адам егілді, соның ішінде 1 149 жасөспірім, 371 бала емізетін және 47 жүкті әйел бар. Екпе алғандардың барлығы өздерін жақсы жағдайда сезінеді, жағымсыз реакциялар тіркелмеген. Ал қайта ревакциналау бойынша 978 адам қайта егілді.

«Шектеу шараларының әсерін жал­ғастыру үшін ең алдымен, вакциналануы­мыз керек. Өйткені вакциналанбаған адамдар неғұрлым көп болса, аурудың тарау және жаңа мутациялардың пайда болу қаупі соғұрлым жоғары болады. Ал вакциналардың тиімділігіне уақыт өткен сайын көзіміз жетіп келеді», дейді Ә.Жұматаев.

Қараша айының басынан бері 23 адамнан тұратын мониторингтік топ 1 092 нысанды қамтыған 202 рейд жүргізіп, 1,5 млн теңгеге 26 тұлғаны жауапкершілікке тартты. Алайда той-томалақ саны азаяр емес. Дәстүрлі түрде күзде жасалатын отба­сылық мерекелер көбейе түс­кені байқалады.

«Ашық» жобасын бұзушыларға облыста осы айда 4 млн 897 мың теңгеден астам сомаға 126 айыппұл салынды. Бұқаралық ақпарат құралдарында әкімшілік айыппұл төлеген 116 шектеу шараларын бұзушы жарияланды. «Қызыл аймақтан» шыға алмай тұрған өңірдегі індетпен күрестің жалпы ах­уалы осындай. Оны тек сақтанумен, соның ішінде маска режімін бұлжытпай орындаумен және вакцина ектірумен тоқтатуға болатыны жайлы жан-жақты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы