Сонау 1941 жылы жер шетіне жау тиген шақта Ақсуат өңірінде дүние есігін ашқан Нәдірбек Әпсәлемов бала жастан алғыр, білімге құштар болғанын ауылдастары жыр қылып айтып отырады. Кейін Ташкент халық шаруашылығы институтында оқып, 1972 жылы Алматы ХШИ аспирантурасын тәмамдайды. Осыдан-ақ білімге, ғылымға деген ұмтылысын аңғаруға болар еді.
Оқуын аяқтаған соң «кіндік қаным тамған жерге маңдай терім де тамсын» деген ниетпен туған жерінде мемлекеттік банктің «Заульбинск» бөлімшесінде несие инспекторы, Ақсуат аудандық қаржы бөлімінде бас экономист маман болып қызметтер атқарды. Алғырлығына қарай қызметі де сатылап өсе берген. 1966-1969 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Семейдегі бөлімшесінде кафедра ассистенті болып жұмыс істейді. Көп уақыт өтпей басшылықтың көзіне түскен ол аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, директордың орынбасарына дейін көтерілді. Орамды ойларымен, байыпты мінезімен ұжымды ұршықша үйіретін Нәдірбек Әпсәлемов Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтында проректор, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Айналдырған он-он бес жыл ішінде ректор лауазымына дейін өсті. Алайда ол мансаптан бұрын ел үшін қызмет етуді бірінші орынға қойған. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Айтып отырғанымыз, бос мақтау емес, шындығымыз. Ғылым жолында жүрген ол 1996 жылдары мемлекеттік қаржы институтының ректоры болып қызмет атқарса, 2000-2002 жылдары Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің экономика және қаржы институтын, оқу-әдістемелік кешенін басқарды. Қазақ қаржы-экономикалық академиясының негізін салған ол, 2002 жылдан бастап Қазақстан инновациялық академиясының президенті лауазымын атқарды.
Қызметінен бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қаракерей Қабанбай батыр атындағы қоғамдық қорына, Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері ассоциациясының Семейдегі бөлімшесіне басшылық етті. Бір басында атақ та, даңқ та жетерлік еді. Әлбетте, алған атақты арқалап жүру, оған лайық болу әсте оңай емес. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Нәдірбек Әпсәлемов биікке көтерілгенімен, кішіпейіл-тұғын. Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. «Құрмет» ордені және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медальдарымен, А.Байтұрсынов атындағы күміс медальмен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» және «КСРО білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. INSAM «Мінсіз қызметтік беделі үшін» медалінің, Сократ атындағы және «Еуропалық сапа» халықаралық марапаттардың иегері.
Жарты ғасырдан астам жоғары білім саласында ерен еңбек етіп, саналы ұрпақ, талантты шәкірт дайындаған белгілі ұстаз, дарынды басшы Нәдірбек Әпсәлемұлының өмір жолы Семейдегі технологиялық институттың, кейіннен қаржы-экономика академиясының даму тарихымен тікелей байланысты.
1979 жылы институтта жаңа бас ғимараттың құрылысы жоспарланды. 1980 жылдардың басында ғылыми-өндірістік шеберхана, зертханалық бөлімше, аталған бас ғимарат, спорт кешені, оқу ғимараты және студенттерге арналған жатақхана құрылыстарына заманындағы басшылар В.Д.Талалаевтың, Н.Ә.Әпсәлемовтің ықпалы болғаны даусыз. Сөйтіп, институттың жаңа инфрақұрылымы қалыптасты. Университет ғалымдарының делегациясы алғаш рет Куба мен Голландияда өткен конгрестерге қатысып қайтты.
Мұның бәрін неге тізіп отырмыз? Себебі аталған әр істің басы-қасында Нәдірбек Әпсәлемұлы жүрді. Тоқсаныншы жылдары Одақ тарап, тоқырау басталған кезде бас ғимараттың құрылысы баяулап, тоқтап қалу қауіпі туған. Сонда Н.Әпсәлемовтің басшылығымен институт ректораты құрылыс жұмыстарын өз күшімен аяқтауға белсене кірісті. Қуанышымызға орай тоқтап қалған құрылыс қайта жанданды. Оқытушылар мен студенттер, түлектер жұмыла кірісіп, құрылысты аяқтап, институт ұжымы 1993 жылы 12 қабатты бас ғимаратқа көшті.
Одақ тарағаннан кейін Қазақстанда жоғары білікті мамандар даярлаудың ұлттық жүйесі қалыптасты, институтта бірнеше мамандықтан аспирантура және докторантура ашылды. 1993 жылы Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтында техника ғылымдарының кандидаттары ғылыми дәреже алу үшін диссертациялық жұмыстарды қорғауға аймақтық мамандандырылған кеңесі ашылды. Оның төрағасы болып, институт ректоры, профессор Н.Әпсәлемов бекітілді. Құрамына сонымен қатар Ресей Федерациясының ғалымдары енді.
1993-2010 жылдар аралығында жұмыс істеген диссертациялық кеңестің мәжілістерінде Қазақстанның барлық аймағынан келген зерттеушілер 10 докторлық және 85 кандидаттық диссертация қорғады.
Н.Әпсәлемов бастап кеткен жолмен шәкірттері ғылым үрдісін әрі қарай талмай жалғастыруда. Қазіргі кезде тамақ саласы мамандықтары бойынша жаңа үрдісте PhD докторлар даярлау Семейдегі Шәкәрім университетінің 3 диссертациялық кеңестерінде жүргізіледі.
Семейдегі оқу орындарын оңтайландыру кезінде дербес қаржы-экономикалық академиясын ашқан Нәдірбек Әпсәлемұлы маман қаржыгер, экономистер дайындауға белсене кіріскен. Бертін қаржы-экономикалық академияның жаңа корпусы іске қосылып, магистратурада алты жаңа мамандық ашылды. Алыс-жақын шетелдердегі оқу орындарымен тығыз байланыс орнату, алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын енгізу, жұмыс берушілермен тікелей байланыста болу, жас ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау сияқты кезек күттірмейтін мәселелердің бәрінде Нәдірбек Әпсәлемұлының көрегендігі, болашақты болжай білетін басшылық қасиеттері айқын көрініс тапты. Институттағы көптеген жас маманды Алматыдағы орталық университеттерге оқуға жіберіп, диссертация қорғатып, осылай жоғары білікті оқытушылар дайындауды іске асырды.
Қазіргі таңда Нәдірбек ұстаздан тәлім-тәрбие алған шәкірттері еліміздің әр түкпірінде жоғары лауазымдарда еңбек етіп жүр. «Ұстазы талантты болса, шәкірттері талапты» болады дегендей ғалым-ұстаз ретінде 3 ғылым докторын, 8 ғылым кандидатын, 15-тен артық магистр дайындап шығарды.
Бірде Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Сапаров: «Нәдірбек Әпсәлемов елім, жерім деген ұлтжанды азамат. Қилы заманда ел бастаған батыр, әулие Төлегетай бабамыздың кесенесін көтеруге басшылық жасап, жыл сайын Жаңақорғандағы баба басына зиярат етушілерді өзі бастап барып жүрді. Ел шежіресіне де жетік еді. Қабанбай бабамызды насихаттау жолында үлкен жұмыстар істеді. Асыл тұқымды жылқы, құмай тазы ұстап ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғыртты. Ол осының бәрін өзі үшін емес, жас ұрпақтың жадында қалтыру мақсатында жасады» деген еді. Бәрі де рас. Ұлттық құндылықтарды көп насихаттады.
2009 жыл елдің есінде шығар, Тарбағатайда тасқын болып, бірнеше ауылды су басқан. Қиын шақта Нәдірбек Әпсәлемұлы жедел штаб құрып, азаматтарды қиын-қыстау кезде елге көмек қолын ұсынуға шақырды. Сол кездегі елдің береке-бірлігі әлі күнге дейін жұрт аузында.
Ардақты ата, қамқор әке, Нәдірбек Әпсәлемұлы жары Зоя Темірханқызымен бірге төрт бала мен немерелеріне қазақы тәрбие беріп, ұлтжанды етіп өсірді. «Жақсының аты өлмейді» деп Нәдірбек Әпсәлемовтей азаматтарға қарата айтса керек. Сексенге қараған шағында дүниеден қайтқан Н.Әпсәлемовтің ғұмыр бойы атқарған еңбектерін шағын бір мақала көлеміне топтастыра алмаспыз. Дегенмен газет бетіне түскен шағын мынау дүние тарихтың тасына қашалғандай болып, мәңгі қалмай ма?!
Құмарбек Әмірханов,
техника ғылымдарының докторы,
профессор
Шығыс Қазақстан облысы