Сұхбат • 04 Желтоқсан, 2021

Өзбекстан Президенті Шавкат МИРЗИЁЕВ: Жарқын болашақты бірге құрамыз

3392 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Өзбекстан Президенті Шавкат МИРЗИЁЕВ: Жарқын болашақты бірге құрамыз

– Құрметті Шавкат Ми­ро­монович, біздің басылымға сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымыз шексіз.

Бүгінде Өзбекстан барлық бағыттар бойынша керемет даму қарқынын көрсетіп отыр. Бес жыл барысында Өзбекстан жаңа саясаттың арқасында Орталық Азияның барлық елімен ын­ты­мақтастықты нығайта алды. Инау­гурацияда сөйлеген сөзіңіз­де бұл өңір сіздің еліңіз үшін ба­сымдық болып табылаты­нын тағы да айттыңыз. Жаңа Өзбек­станның даму стра­тегиясында Қазақстан қандай орын алады?

– Ең алдымен Өзбекстанның жүр­гізіліп жатқан қайта құрулар нәтижесіндегі қарқынды дамуына жоғары баға бергеніңіз үшін алғыс айтқым келеді.

Президент ретіндегі қызме­тім­нің алғашқы күндерінен бас­тап біз алдымызға елді жаңғырту және оның ілгерілеуіне қолайлы жағ­дайларды қалыптастыру мін­детін қойып отырмыз. Осы мақ­сатта 2017-2021 жылдары мем­лекеттік және қоғамдық құрылыс жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және сот-құ­қықтық жүйені одан әрі реформалау, экономиканы дамыту және ырықтандыру, әлеуметтік сала, қауіпсіздікті, ұлтаралық келісім мен діни төзімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ теңгерімді, өзара тиімді және сындарлы сыртқы саясатты жүзеге асыру сияқты бес басым бағыт бойынша іс-қимыл стратегиясын жүзеге асырдық.

Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан ауқымды, дәйекті және жүйелі демократиялық реформалар ерекше сипатқа ие болды.

Бүгін осы бағыттың қисынды жалғасы ретінде біз Жаңа Өзбек­стан­ды дамыту стратегиясын әзір­ледік. Ондағы орталық орындары ұлтына, тіліне және дініне қара­мастан, әрбір азаматтың заң­ды мүдделері мен әл-ауқатын қам­тамасыз ететін халықтық жә­не із­гі­лікті мемлекет құру, еркін аза­маттық қоғамды дамыту, бір сөзбен айтқанда, «Адам­ның ар-намысы мен қадір-қа­сиеті жолында» деген басым қағи­датымызды толық жүзеге асыру міндеттерін алады. Енді біз өз іс-әре­кетімізді «адам – қоғам – мем­лекет» жаңа парадигмасы аясында ұйымдастырып жатырмыз.

Біз ұлттық экономиканың өсу қарқы­нын арттыру, жеке секторды ынталандыру және оның үлесін арттыру арқылы  экономиканың құрылымында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсуін қамтамасыз етеміз, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тарту арқылы 2030 жылға қарай Өзбекстан жан басына шаққандағы табысы орташа деңгейден жоғары бірқатар мемлекеттің қатарына кіре алады. Бұл ретте елімізде тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңның үстемдігі, әділ әлеуметтік саясатты жүзеге асыру, сондай-ақ рухани-білім саласындағы ре­фор­маларды күшейтудегі жұмы­сымыздың басты өлшемі «Жаңа Өзбекстан – ағартушы қоғам» концепциясы болып қала бермек.

«Іс-қимыл стратегиясынан – Даму стратегиясына» идеясын іске асыру шеңберінде  біз Орталық Азия аймағында өза­ра түсіністік пен құрмет, та­ту көр­шілік пен стратегиялық әріп­тестік атмосферасын нығайту бағытын жалғастыру ниетіндеміз. Бұл мақсаттарға қол жеткізу ең жа­қын көршілеріміз – Ор­та­лық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қи­мылсыз мүмкін емес екені сөзсіз.

Қазақстан бұл қатарда өте маңызды орын алады, байыпты саяси, қаржылық, экономикалық, демо­графиялық әлеуетке ие, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттері мен халықтарын жақындастыруға мүдделі.

Осы тарихи үдерістерде зама­­ны­­мыздың ірі мемлекет және саяси қайраткері, Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың сіңірген еңбегі зор екенін ерекше атап өткім келеді.

Әріптесім, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен әңгі­­мелерімізде және келіс­сөз­дерімізде мен әрқашан өз хал­қы­ның ғана емес, сонымен бір­ге бүкіл өңіріміздің игілігі үшін бел­сенді және сындарлы жұ­мыс істеуге деген ұмтылысты сезіне­мін.

Қазақстан Орталық Азия мем­ле­кеттері басшыларының Консуль­тативтік кез­десулерін өткізу­ді бірінші болып қол­дады, бес­жақты көршілестік туралы келі­сімшартқа қол қою туралы бастама көтерді және ХХІ ғасырда Орталық Азияның тұ­рақты дамуы жолындағы ынтымақтастық осыған бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға белсенді ықпал етті.

Әрине өңіріміздің болашағы, аймақтық қауіпсіздікті тереңдету келешегі, сондай-ақ бүкіл Орта­лық Азиядағы даму, өркендеу жә­не тұрақтылық өзбек-қазақ қаты­нас­тарының нығаюымен байланысты.

Сөзсіз, бұл мәселеде біздің елдері­міздің көшбас­шы­ларының рөлі өте ма­ңыз­­ды, өйткені олар­дың өңір­лік ынтымақ­тастықтың стра­те­гиялық бағыт­тарын анық­тау­ға тікелей қатысы бар. Алда­ғы сапардан не күтесіз? Жос­пар­­­лан­ған серпінді шешімдер бар ма?

– Өзбекстан мен Қазақстан ортақ тарих, мәдениет, дәстүрлер байланыстыратын жай ғана тату көршілер ғана емес, ғасырлық достығы бар, сонымен бірге өте жақын, бауырлас елдер. Біздің халықтарды ажырамас рухани және отбасылық байланыстар, ұмтылыстар біріктіреді, ортақ уайымдармен, үміттермен өмір сүреді.

Біз сөз етіп отырған өңіріміздегі сол тарихи оң өзгерістер өзбек-қазақ қатынастарында өте ай­қын көрінді. Соңғы бес жыл ішін­де біздің стратегиялық диалог пен ұдайы дамып келе жат­қан мемлекетаралық ынтымақтас­тығымыз өңірдегі берік тату көршілік әріптестіктің үлгісіне айналды. Оның нәтижелері біздің елдеріміз тұрғындарының барлық деңгейде, атап айтқанда, сау­да және бизнес, ғылым мен білім, мәдениет және спорт салаларында неғұрлым еркін өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болғанынан да көрінеді.

Біздің азаматтар Ташкент пен Нұр-Сұлтанның өзара қарым-қатынасты жан-жақты нығайту және тереңдету мақ­сатында ұс­тан­ған бағытына үлкен ықыласпен қарайды. Бұл туралы маған көптеген өзбекстандық таяудағы сайлау науқаны кезінде айтты. Халық бізден достық пен тату көршілік саясатын белсенді жалғастыруды, Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа да мемлекеттерімен жан-жақты байланыстарды орнатуды күтеді.

Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екеумізге үлкен жа­уап­кершілік жүктейді. Біз ынты­мақтастықтың қандай аспекті­лерін, бұл екі елдің және бүкіл аймақ ха­лықтарының мүдделеріне сай болуы үшін бірінші кезекте қандай жоспарларды жүзеге асыру қажет екенін жақсы білеміз, әлі толық ашылмаған қырын әрқашан ашық талқылаймыз.

Әрине бұл жолы Қазақстан Президенті екеуміз екіжақты және өңірлік күн тәрті­біндегі көптеген өзекті мәселені қарастырып, өзбек-қазақ қарым-қатынастарын жаңа, бұдан да жоғары деңгейге шығару үшін практикалық қадам­дар жасауды жоспарлап отырмыз. Сапардың күн тәртібінде саяси диалогты одан әрі тереңдету, ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде екі елдің өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да түрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, мәдени-гуманитарлық сала­лардағы ын­ты­мақтастықты және туристік бай­ланыстарды жандандыру, әсіресе пан­демия салдарын еңсеру мәселелері қам­тылған.

Екі ел азаматтарының білім және денсаулық сақтау сала­лар­ындағы ынты­мақтастығын арттыру, өзара барыс-келістеріне қолайлы жағдай жасау шаралары қарастырылуда. Сонымен қатар ортақ сын-қатерлер мен қа­терлерге қарсы күресте әріп­тес­тікті нығайту мәселелері бойынша маңызды құжаттар қабылданады.

Қазақ-өзбек экономикалық ын­ты­мақтастығының жоғары даму динамикасы бүгінде бар­лық салада байқалады. Мұн­дай нәти­желерге жетуге қандай механизмдер мен құралдар көмектесті?

– Соңғы жылдары елдеріміз ара­сындағы стратегиялық әріп­тес­тік үл­кен практикалық мазмұнға то­лы болды. Бірлескен күш-жігер арқылы сенім мен сындарлы ынты­мақ­тастықтың мүлдем жаңа атмосферасы қалыптасуда. Олар жыл­дар бойы қорда­ланып келе жатқан мәселенің шешімін табуда. Осының барлығы екіжақты эконо­микалық ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға, сауда-инвестициялық, көлік-ком­муникация, кооперация және өндірістік байланыстарды дәйекті түрде кеңейту үшін қолайлы жағ­дайлар жасайды.

Премьер-министрлердің жете­к­­шілігімен Өзбекстан мен Қа­зақстан ара­сындағы ынты­мақтастық жө­нін­дегі Үкімет­аралық комиссия нәтижелі жұ­мыс істеуде. Өз­деріңізге белгілі, жуырда Түр­кіс­тан қаласында оның кезекті отырысы, сон­дай-ақ екі ел өңірлерінің форумы өтіп, нәтижесінде келеше­гі зор ынтымақ­тас­тықты, коопе­ра­циялық жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімдер мен келі­сімшарттардың қомақ­ты пакетіне қол қойылды.

Министрліктер мен кеңселер деңгей­індегі кездесулер тұрақты сипатқа ие болды. Шекара байланыстары кеңейіп, тереңдей түсуде, экономикалық қатынастарды арт­­т­ы­рудың жаңа тетіктері қалып­тасуда. Осы күндері Нұр-Сұлтанда бір­лескен бизнес-форум өтеді, өзбек және қазақстандық кә­сіпкер­лер кездеседі.

Өзбекстан мен Қазақстан табиғи эко­но­микалық серіктестер екенін, біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтыратынын ерекше атап өткім келеді.

Біздің елдеріміздің әлеуеті өнімдерді өзара жеткізудің номенклатурасы мен көлемін айтарлықтай кеңейту үшін жеткілікті сұранысқа ие. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы 40 пайызға дерлік артып, жыл соңына дейін 4 миллиард долларға жетеді деп күтілуде – бұл біздің сауда қарым-қатынастарымыз үшін рекордтық көрсеткіш. Бірақ бұл шекті меже емес. Экономикалардың әлеуеті бізге болашақта 10 миллиардтық мақсатты батыл қоюға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік кооперация са­ла­сындағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айт­қанда, Қостанайда Қазақстандағы саты­лым бойын­ша жетекші орындарға көте­рілген автомобильдер, сон­дай-ақ автобус­тар мен ауылша­руа­шылық машиналарын бірле­сіп шығару жолға қойылған. Түр­кістан мен Шымкентте заманауи тоқы­ма кәсіпорындары іске қо­сылып, тұр­мыс­тық техникалар шы­ғарылуда. Ал мұндай мысалдар өте көп.

Бүгінде Өзбекстанда қазақ­стандық капиталдың қатысуымен экономика мен әлеуметтік са­ла­ның барлық дерлік бағытын қам­титын 1000-нан астам кәсіп­орын жұмыс істейді.

Еліміздің өңірлеріндегі филиалдар желісін кеңейтіп жатқан Өзбекстанда қазақстандық «Теңге банкі» екі жылдан астам жұмыс істеп келеді.

Химия, фармацевтика өнім­дерін өндіру, инфрақұрылымды жаң­ғыр­ту, ауыл шаруашылығы клас­тер­лерін құру, автомобиль өндірісін жер­гіліктендіру сияқты көптеген болашағы зор ірі жоба жасалу үстінде.

Біздің елдеріміздің геостра­тегиялық жағдайына сүйене отырып, өзара іс-қимылдың маңызды саласы көлік-логистикалық сектор болып саналады. Әңгіме Үш­құдық – Қызылорда темір жолын салу, сондай-ақ Түркістан – Таш­кент бағытындағы жоғары жыл­дам­дықты қатынасты іске қосу сияқ­ты маңызды жобалар туралы болып отыр.

Соңғы жылдары темір жол және автомобиль жүк тасы­ма­лы­ның кө­лемі айтарлықтай өсті. Әуе қа­ты­­насы толығымен қалпына кел­ті­рілгенін айта кету керек.

Тауар айналымының ұлғаюы, ынтымақтастықтың жаңа бағыт­тары­ның дамуы Өзбекстан мен Қа­зақстан халықтарының мүдделеріне қызмет ететіні сөзсіз.

– Қазақ пен өзбек ежелден достық пен келісімде өмір сүр­ген. Бізді ортақ тарих, мәде­ниет және дін, ұқсас салт-дәс­түр­­лер біріктіреді. Мәдени-гума­нитарлық алмасу елдеріміздің жұртшылығы арасында әрқашан үлкен қызығушылық тудырады. Екі халықтың осындай рухани тар­тылысын қалай түсіндіре ала­сыз?

– Мен сізбен толықтай келі­семін. Осы жерде ежелден қатар өмір сүрген халықтарымыздың тарихы бір ғана мыңжылдықпен шектелмейді. Бізді әрқашан достық, өзара қолдау біріктіреді. Біздегі тарих пен өркениет ортақ­тығы, тілдік туыстық, рухани құн­дылықтар арамыздағы мызғы­мас татулық пен келісімді, өзара сый­ластықты, елдеріміз бен халық­тарымызды одан әрі жақын­дас­тыруда маңызды рөл атқарады.

Өзбектерде «Узоқ қарин­дош­дан яқин қўшни афзал» («Алыстағы ағайыннан жаның­дағы көрші ар­тық»), қазақтарда «Туысы жақын жа­қын емес, қонысы жақын – жа­қын» («Туыс­тықтан татулық күш­ті») деген мақал бар. Осы тұрғыдан келген­де, Алла тағаланың өзі бізге баға жет­пес нығмет – тату-тәтті өмір сү­руді, көршілес, жақсы дос, се­німді серіктес болуды нәсіп етті.

Өзбекстанда біз Қазақстанмен достық пен бауырластық байланыстарды жоғары бағалаймыз және диалог пен екіжақты ынты­мақ­тастықты одан әрі нығайтуға күш саламыз. Біздің елдерімізде өзбек пен қазақтың үлкен диаспоралары тұрады. Бүгінгі таңда 620 мыңнан астам этностық өзбек Қазақстан азаматы, олардың мұнда ана тілінде білім алуына, ұлттық салт-дәстүрді сақтауына мүмкіндік жасалған.

Ал Өзбекстандағы этностық қазақтардың саны 800 мыңнан асады. Қазақ тілі 400-ге жуық ор­та мектепте, Сырдария, Жызақ, Нө­кіс және Науаи педагогикалық инс­титуттарының кафедраларында оқытылады, Өзбекстандағы ең көне газеттердің бірі «Нұрлы жол» газеті шығады, теле-радио хабарлары беріледі.

Біздің азаматтарымыз – қазақтар республиканың дамуына лайықты үлес қосуда. Олардың 700-ге жуығы жоғары мемлекеттік наградаларға ие болғанын мақтан тұтамыз. Олардың қатарында Өзбекстан Қаһармандары, сенаторлар мен депутаттар, министрлер мен генералдар, ірі кә­сіп­орындардың басшылары бар.

Республиканың халық сурет­шісі Орал Таңсықбаев – қазақ, Таш­кент қаласының тумасы, қазір оның мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді, Өзбекстанда тұрып, жұмыс істеген. Талант­ты мүсінші Жол­дасбек Құтты­мұ­ратовтың жұмысы да өңірде үлкен танымалдылыққа ие.

Мәдени-гуманитарлық бай­ла­ныстарды кеңейту – халық­тары­мыздың туысқандық байланыс­тарын нығайтудың маңызды фак­торы. Соның жарқын мысалы 2018 жылы Қазақстандағы Өзбек­стан жылының және 2019 жылы Өз­бек­стандағы Қазақстан жылының өткізілуі болды.

Ғылым, білім, мәдениет және өнер, спорт салаларында жал­пы бағдарламалар жүзеге асы­рылуда. Бұл бізді, әрине, қуан­тады. Қо­ғамдық дипломатияны дамытудың жарқын үлгісі ретінде бұл үдеріске бар күшімізді салуы­мыз керек.

 – Орталық Азия мем­ле­кеттері БҰҰ, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ сияқты көп­теген өңірлік жә­не халық­аралық ұйымдарға қаты­сады. 2018 жылдан бастап Сіз­дің бас­тамаңызбен Орталық Азия мем­лекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерінің мүлде жаңа механизмі іске қо­сылды, бұл ретте бірінші саммит Қазақстан астанасында өтті. Сіздің ойыңызша, бұл алаң­ның басқа форматтардан не­гізгі айырмашылығы неде жә­не қаншалықты сұранысқа ие?

– Расында да, соңғы жылдары Орталық Азиядағы мем­лекетаралық қатынастарды ны­ғайта отырып, біздің саммиттер заманауи ха­лық­ара­лық қатынастардың негізгі қаты­сушылары саналатын көптеген елдің саясаткерлері арасында үлкен қызығушылық оятуда.

Консультативтік кезде­су­лердің мақсаттары мен міндеттері туралы өте көп және егжей-тег­жей­лі айтылды. Бұл туралы менің әріп­тес­терім, Орталық Азия елдерінің президенттері талай рет айтқан болатын. Бастама Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясы аясындағы мәлімдемесінде және Орталық Азия мемлекеттері басшылары Консультативтік кеңе­сінің 2019 жылдың қара­шасында Ташкентте өткен кездесудің соңында қол қойылған Біріккен мәлімдемесінде көрініс тапты.

Біз жаңа халықаралық ұйым немесе өз жарғысы мен мем­ле­кет­үстілік органы бар қандай да бір интеграциялық құрылым құруға ұмтылмайтынымызды тағы да атап өткім келеді.

Бұл аймақтық келіссөздер алаңы­­ның қызметі, қысқаша айт­қанда, сауда-экономикалық, сая­си, құ­қықтық және мәдени-гума­нитарлық ынты­мақтастықтан қауіпсіздік мәсе­лелеріне дейінгі көпқырлы өңірлік дамудың негізгі мәселелері бойынша «сағаттарды теңшеуге» бағытталған.

Біз өзара мүдделерді ескеру, құр­меттеу және қолдау негізінде бір­лес­кен күш-жігер арқылы өңір­лік мәсе­лелерді тиімді шеше алатынымызды түсінеміз.

Біздің басты мақсатымыз – Орта­лық Азияны тұрақты, ашық және қар­қынды дамып келе жатқан аймақ, сенімді және болжамды халықаралық серіктес ретінде қалыптастыру. Орта­лық Азиядағы саяси диалог пен мем­лекетаралық жақындасудың оң үде­рістері ашық, сындарлы әрі үшін­ші елдердің мүдделеріне қарсы бағыт­талмаған.

Консультативтік кездесулер маңыз­ды формат болып есеп­теледі, онда өңірдің барлық елдері өкілдік етеді. Бұл кездесулердің негізгі прин­циптері консенсус пен теңдік болып саналады. Біздің саммиттеріміздің өзектілігіне олардың тұрақтылығы, сондай-ақ өзара әрекеттесу меха­низмдерінің кеңеюі дәлел.

Сонымен, Түрікменстанның Аваза қаласында Орталық Азия мем­лекеттері басшыларының соңғы кез­десуі аясында көшбасшы әйелдер диалогы, экономикалық форум, ұлттық бұйымдар көр­месі, ұлттық тағамдар фести­валі, аймақ елдерінің өнер майтал­мандарының концерті өтті.

Өзара әрекеттесуді дамыту үшін қосымша ынталандырулар, менің ойымша, Өңірлік парламенттік форум, сондай-ақ Орталық Азия жастар форумы, аймақтық ынтымақтастықты одан да тұрақты, прогрессивті етеді және динамикалық сипатқа ие маңызды құралдарға айналады.

Жалпы, Орталық Азиядағы жа­қындасу процестері бұл тиімді өңір­лік ынтымақтастық, сенім мен өзара түсіністікті қалпына келтіру, сондай-ақ өте маңызды, қордаланған мәселелерді жедел шешу туралы көптен күткен сұранысқа жедел жауап. Бұл тәсілдің нәтижелері әсіресе пандемия кезінде таңғалдырды.

– Осы орайда Орталық Азия­ның болашағына қалай қарай­тыныңызды білгім келеді?

– Консультативтік кездесу­лер­дің күн тәртібіне енгізілген мәсе­лелер ауқымы, менің әріптес­терім – Орталық Азия елдері пре­зиденттерінің бастамалары, сондай-ақ осы саммиттер аясында ұйымдастырылған іс-ша­ралар Орталық Азия кеңістігіндегі қауіпсіздікті және тұрақты дамуды, бейбітшілікті қамтамасыз ету негізгі бағыт екенін көрсетеді.

Өңірдегі жалпы өзгерістер, бы­­тыраңқылықтан бірігуге эво­лю­­циялану оң үрдіс екені күмән­сіз.

Бүгін біз Орталық Азия мем­ле­кеттерінің қарым-қатынасы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, ашық, болжамды және тұрақты сипатқа ие болды деп айта аламыз.

Өзара іс-қимылды нығайту және ортақ міндеттерімізді дәйекті шешу өңірдің барлық елдерімен жалғасын табатынына сенімдімін.

Қайталап айтамын, біздің бас­ты міндетіміз – Орталық Азияны гүл­денген және тұрақты дамып келе жатқан өңірге, сенім мен достық ке­ңістігіне айналдыру.

Өңірлік ынтымақтастық фор­мат­тарының табысты дамуы­­ның әлем­дік тәжірибесі олар­дың өзегінде гео­графиялық жа­қын­дық, тарихи тұтастық, сауда-экономикалық, мә­де­ни және өр­кениеттік байланыс­тар ғана емес, сонымен қатар тығыз серік­тес­тіктің өсіп келе жатқан өзара пайдасы сынды факторлар да жатқанын көрсетеді.

Мұндай шоғырлану халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, басқа әлеммен қарым-қатынас пен өзара байланысты жақсартуға көмектесетіні анық.

– Орталық Азиядағы күрде­лі мәселе – Арал экологиялық дағ­дарысы Қазақстанға және Өзбек­станға тікелей әсер етіп отыр. Оның салдарын азайту үшін қан­дай жұмыстар атқа­рылуда? Біз­дің елдер арасын­дағы ынты­мақ­­­тас­тықта экология мен кли­мат­тың өз­геруі қандай орын алады?

– Орталық Азиядағы тұ­рақ­ты дамуды қамтамасыз ету мәсе­лелеріне келгенде, әрине, қазіргі заман­ның ең өткір экологиялық проб­лемаларының бірі – Арал апатын да назардан тыс қалдыруға болмайды.

Бір кездері әсем су қойма­сы­ның су ресурстарын ойланбай пайдалану оның жойылып кетуіне әкеліп соқты, мыңдаған адамға бақытсыздық пен қасірет әкелді.

Жағдайды бұрын-соңды бол­маған климаттық өзгерістер қиын­­­датуда. Жылдық орташа тем­­­пе­­­ратураның жо­ғарылауы бай­қа­­лады, құрғақшылық, шаңды дау­ыл­дар, су тасқындары мен сел жүруі жиіленді, мұздықтар еріп жатыр.

Біз Өзбекстанда экологиялық мә­селелерге барынша мән береміз. Соңғы төрт жылда климат өзге­руі­нің салдарын бейімдеу және жұм­сарту бойынша жүйелі шаралар қа­был­данды.

Атап айтқанда, 2030 жылға дейін есептелген қоршаған ортаны қорғау тұжырымдамасы, Өзбекстанның «жасыл» эконо­ми­каға көшу стратегиясы, су ресурс­тарын дамыту тұ­жы­рымдамасы және экологиялық жағдайды жан-жақты жақсартуға ба­ғытталған басқа да маңызды құжаттар қабылданды.

Қоршаған ортаны қорғау сала­­сын­дағы мемлекеттік бас­қару жүйе­сін жетілдіру мақ­сатында инсти­ту­ционалдық рефор­малар жүргі­зілді. Елімізде эконо­миканың энер­гия тиімділігін арттыру, көмір­су­тектерді пайдалануды азайту, жаңғырмалы энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша да шаралар қабылдануда.

Өзбекстан Арал теңізі құр­ғауының зардаптарын барынша азай­туға ерекше көңіл бөлуде. Бүгін­де оның кеуіп қалған табанына жа­сыл желек отырғызу бойынша үл­кен бағдарлама жүзеге асырылуда. Со­нымен қатар Қарақалпақстанды 2020-

2023 жылдарда кешенді әлеу­­мет­тік-экономикалық дамыту бағ­­дар­ламасы жүзеге асырылып жатыр.

Өзбекстан осы экологиялық апаттың салдарымен Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру үшін белсенді қадамдар жасауда. Он жылдық үзілістен кейін 2018 жылы Түрікменстанда Аралды құтқару Халықаралық қорының отырысы өтті. Содан кейін Өзбекстанның бастамасымен Арал өңірі үшін БҰҰ-ның адам қауіпсіздігі жөніндегі көп­серіктестік Траст қоры құрылды.

Аймақ елдерінің, соның ішінде Қазақстанның қолдауының арқасында 2021 жылдың мамыр айында БҰҰ Бас Ассамблеясы Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялау туралы арнайы қарар қабылдады.

Біз осы мәселелердің бар­лы­ғына Консультативтік кездесу­лер шең­берінде үлкен көңіл бөлеміз. Мә­селен, соңғы кездесуі­мізде Өзбек­стан өңір елдерінің кли­маттың өзге­руіне бейімделуіне ықпал ететін «Орталық Азия үшін жасыл күн тәртібі» өңірлік бағдарламасын әзірлеу туралы бастама көтерді.

Бауырлас Қазақстан да Арал теңізінің қалған бөлігін қалпына келтіру үдерістеріне белсене араласып, су ресурстарын ұқыпты және тиімді пайдалануға, табиғатты қорғауға бағытталған, дер кезінде жасалған маңызды бастамаларды іске асыруда.

Өзбекстан мен Қазақстанның күш-жігерін бұдан былай да біріктіру өңірдің көптеген өзекті мәсе­лелерін шешуге оң әсер ететі­ніне бек сенімдімін. Тек бірлесіп қана біз барлық сынақты еңсере аламыз, балаларымызға жарық болашақты қамтамасыз етеміз.

– Өзбекстан 2019 жылы Қа­зақ­­станның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен құрыл­ған Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақ­тастығы кеңесіне қосылды. Ыстанбұлдағы соңғы саммитте ол Түркі мемлекеттері ұйымы­на ай­налды. Бұл құрылымның әлеуе­тін қалай бағалайсыз? Сіз­­дің ойыңызша, бұл ұйым түр­­кі әлемі елдері арасындағы ынты­­мақ­тастықты дамытуда қан­дай практикалық рөл атқара алады?

– Біз Түркі мемлекеттерінің ұйы­­­мына әлі іске асырылмаған үл­кен мүмкіндіктері және бірікті­ру­ші әлеуеті бар өңірлік ынтымақ­тас­­­тық­тың тиімді тетігі ретінде қараймыз.

Ұйымның маңыздылығын айта отырып, мен ең алдымен, қадірменді ақсақалымыз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев­тың түркі әлемі елдерін біріктіру идеясын концептуалды әзірлеу мен іс жү­зінде жүзеге асырудағы, сондай-ақ ынтымақтастықты инсти­тут­тан­дырудағы орасан зор, негіз қа­лау­шылық рөлін атап өткім келеді.

Бұл құрылым ортақ тіл мен дінге, Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени байланыстарына негізделіп құрылып қана қоймай, ең маңыздысы,  олардың диалог пен ынтымақтастықты ең алдымен, экономика мен орнықты даму, заманауи сын-қатерлерге бір­лескен лайықты жауап әзір­леу салаларында тереңдетуге мүд­де­лілігінің арқасында дамып келеді.

Сондықтан Өзбекстан толық­қанды мүше ретінде Түркі кеңесіне қосылды, сондай-ақ биылғы 12 қарашада Ыстанбұлдағы сегі­зін­ші саммитте оның Түркі мем­ле­кеттері ұйымына айналуын қолдады.

Бүгінгі таңда ұйымның алдында бірқатар маңызды мін­дет­тер тұр. Біздің ойымызша, бұл бірінші кезекте қатысушы мем­лекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту және нығайту. Осыған байланысты өзара тауар айналымы көлемін ұлғайту бо­йынша ұсыныстар әзірлеу үшін Түркі мемлекеттерінің сауда ынтымақтастығы мәселелерін зерттеу орталығын құру туралы ұсынысты алға тарттық. Ұйым­ның интеграциялық әлеуетін іс­ке асыруда қатысушы елдердің кө­ліктік сектордағы өзара байланыс бағдарламасының қабылдануы аса маңызды болады.

Жаңа, инновациялық және технологиялық даму моделіне өтуде, оның ішінде жасыл, эко­ло­гиялық таза, энергия үнемдей­тін және қауіпсіз технологиялар­ды енгізу, экологиялық дағда­рыс­тардың салдарын жеңілдету мен қоршаған ортаны қорғау бойын­ша бастамаларды жүзеге асыру, сондай-ақ туризмді тұрақ­ты даму факторы ретінде пайдалануда біз өз күшімізді бірік­тіруіміз керек. Сарапшылар мен IT мамандарының тұрақты плат­формасын, сондай-ақ түркі елде­рінің қоршаған ортаны қорғау құрылымын қалыптастыру бойын­ша штаб-пәтерін Арал бойын­да – экологиялық апаттан ең көп зардап шеккен аймақта құру бас­тамасы осыған бағытталған.

Елдеріміздің дамуындағы жас­тардың рөлі артып келе жатқа­нын ескере отырып, сондай-ақ олардың әлеуетін толық іске асыру мақсатында біз түркі әлемінде 2022 жылды Жастар бастамаларын қолдау жылы деп жариялауды ұсындық.

Түркі мемлекеттері орасан зор ресурстарға ие –  тарихи-мәдени және рухани мұраға ең бай мемлекет екеніне сенімдімін, орасан зор интеллектуалдық және экономикалық әлеует, толе­ранттылық дәстүрлері мен ағартушылық – адамзат алдында тұрған жаһандық мәселелерді шешуде барған сайын маңызды рөл атқаратын болады.

Ауғанстандағы қазіргі жағдай Орталық Азияның бар­лық елдерін алаңдатып отыр. Ауған мәселесі бойынша Қазақ­стан мен Өзбекстанның ұстаным­да­ры үндес. Сіздің ойыңызша, бұл дағдарыстан шығу үшін не­­гіз­гі қадамдар қандай болуы керек?

– Егер үйлестірілген тиімді шаралар қабылданбаса, Ауғанстан ұзақ уақыт бойына өңірлік қауіпсіздікке төнген жаңа сын-қатерлер мен қауіптің көзі болып қала береді. Бұл елде тыныштық пен тұрақтылыққа тезірек қол жеткізу оның дамуына, сондай-ақ өңірлік және халықаралық маңызы бар ірі экономикалық, энергетикалық жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашады.

Ауғанстанның географиялық тұрғыдан Еуразия мен Оңтүстік Азия, Шығыс және Батыс Азия арасындағы табиғи құрлықтық көпір ретінде тиімді орналасуы оның трансөңірлік байланысты ілгерілетудегі маңызын нақтылайды.

Ауғанстанның экономикасын қалпына келтіру мұндағы тұрақты және ұзақ мерзімді бейбітшіліктің міндетті шарты болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, менің ойымша, жағдайдың шиеленісуіне жол бермеу үшін жаңа билікпен диалогты дамыту, ауған халқына әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру қажет. Бұл елдегі ауқымды гуманитарлық дағда­рыстың және оның халықаралық оқшаулануының алдын алуда өте маңызды.

Құрметті Шавкат Миро­монович, еліміз Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында қазақстан­дықтарға қандай тілек айтар едіңіз?

– Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу – кез келген халықтың тарихындағы аса маңызды, тағдырлы оқиға. Біздің елдер 30 жыл бұрын қиын жағдайда еге­мендігін алды. Осы жылдары біз барлық сынақтардан абыроймен қатар жүріп өттік және жаңа өмір, жаңа қоғам құруда елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгінде мұны бүкіл әлем мойындап отыр.

Біз бауырлас Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы орасан табыстарына, оның заманауи серпінді дамуына шын жүректен қуаныштымыз. Еңбек пен таланттың, мақсатшылдық пен халық бірлігінің, Қазақстан басшылығының дана да көрегенді саясатының арқасында ел барлық салада орасан зор табыстарға жетті.

Ауқымды жобаларды, со­ның ішінде бізге жақсы таныс, озық отыз елдің қатарына кі­руді мақсат еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам», «Нұрлы жол» үдемелі ин­­­дустриялық-инновациялық да­­му бағдарламасын тиімді жү­зеге асыру қазақстандықтарға қуатты мемлекет әрі халықаралық бәсекеге қабілетті экономика құруға мүмкіндік берді. Қа­зір­гі Қазақстан бүкіл әлемге мемле­кеттік және қоғамдық құ­ры­лыс­тағы таңғаларлық жетістіктерді, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының тұрақты өсуін көр­сетуде.

Өзбек және қазақ халықтары қашанда бір-біріне тірек болып, сынақтарды жұмыла еңсер­генін, бү­гінде ортақ жарқын бола­ша­ғы­мызды бірге құрып жатқаны­мызды тағы бір рет атап өткім келеді.

Ұлы ақындар мен ойшылдар Әлішер Науаи және Абай Құнан­байұлы халықтарымыздың достығын ең үлкен байлық ретінде қорғап, нығайтуды бізге өсиет еткен. Ал бүгін біз бауыр­лас елдеріміз бен халықтары­мыз­дың, балаларымыз бен немере­леріміздің тыныштығы мен аман­дығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.

Қазақстан Республикасының халқын тамаша мереке – Тәуелсіз­діктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, жаңа жетістіктер, өркендеу мен табыстар тілеймін.