Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2021

Отыз жылдыққа ой қорытқан

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің бас басылымында  Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Тәуелсіздік тағылымы» атты отыз жылдық белеске көз жіберіп, парасатты ой қорытқан мазмұнды мақаласы жарық көрді. 

Отыз жылдыққа ой қорытқан

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәу­лелі құбылыс. Бостандық жо­лында басын бәйгеге тіккен ба­баларымыздың асыл арманы бол­ған азаттығымыз ақ қанат­ты періште сипатында халқы­мыздың басына бақ болып қонды. 

Дәлірек айтқанда, тәуелсіз­дік пен мәңгілік  елдің мұратын қалып­тастыруда Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің сіңірген еңбегі зор.

Елбасы мақаласында еге­мен­діктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық дей келіп: «Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азат­тық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық кү­ре­сінің заңды жалғасы, халық­аралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы» деп  тереңнен тартып ой толғайды.

Шындығында, Абылай хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапы­рашты Наурызбай сынды баһа­дүрлердің, сонымен бірге ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушылары Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары ханның  жорықтары Ұлы даланы қорғаудағы теңдесі жоқ ерліктің үлгісі болды.  «Сар дала – сары атандай жауыр еді» деп Жұмекен ақын зар илегендей, бұл ел теперіштің, небір зұлымдық, небір жырт­қыш­тықтың бәрін көрді. Дала данагөйі Бұқар жырау күн­батыстан бір қорғасындай қара бұлт шығып, қазақ дала­сын ойран-топыр ететінін көреген­дік­пен сезінді, зар заман ақындары Дулат, Шортанбай, Мұраттар отар­лық езгінің елге, жерге, дінге, тілге тигізер зиянын зар еңіреп тұрып жырға қос­ты. Олар дәстүріміздің, эпостары­мыз­д­ың түбіне балта шабылатынын күні бұрын сезіп, күйінді.

Нұрсұлтан Назарбаев  өткен ғасырдағы жұртымыз басы­­нан кешкен тарихи кезеңдер­ден сөз өрбіте отырып, әсіресе, 1916 жылы патша жарлығымен қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына тартылуына қарсылық көрсетіп,  ер мінезді тұлғалардың бастауымен ұлт-азаттық көтерілістің болуы, одан кейінгі – 1921-1922 жыл мен 1930-1932 жылдардағы сұр­қия саясат салдарынан орнаған зобалаңда халқымыздың тең жар­тысы қырылғаны мен Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы мол болғанына да тоқталып, 1989 жылы республикамыздың бірінші басшысы болып сай­ланғанда, сол жылы өткізілген КСРО-ның соңғы халық сана­ғының деректері бойынша еліміздегі қазақтардың үлес салмағы небәрі 40% ғана бол­ғанын келтіреді.

Сондықтан да Тұңғыш Пре­зидентіміздің «Біз тәуелсіздік­ке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұ­ның бәрін біз сенген, тәр­бие­ле­ген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын» деп айтқанынан ойлы сыр түйеміз.

Елбасы егемендіктің алғаш­қы күндерінен бастап, бере­ке-бірлік пен ынтымаққа, ұлтара­лық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты  қолға алды. Бүгінгі  жетіс­тік­тері­мізге берік заңна­ма­лық ір­гетас болып қалан­ған Ата за­ңы­мыз – жаңа Консти­ту­ция­­мыз қабылданды. Шекара­мыз­­дың барлық бойлығына қатыс­ты сындарлы келіссөз жүргі­зіл­ді. Осының бәрін аз уақытта жүзеге асыру оңай болған жоқ.

Тұңғыш Президентіміздің тағы бір ерлігі – Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салғаны. Иә, Сарыарқаның сайын даласында дәл осындай самаладай жарқыраған сұлу шаһар орнайды деген кімнің ойында болды дейсіз. Елорданы респуб­ликамыздың дәл география­лық кіндігіне көшіру идеясы – Елбасының кемел саясатынан, мемлекет тағдырын терең ойлағандығынан туындаған. Осы орайда Нұрсұлтан Назар­баевтың: «Астананың қарыш­тап дамуы еліміздің өзге өңір­лерінің өркендеп өсуіне серпін берді. Шымкент халқының саны миллионнан асқан респуб­ли­калық дербес үшінші қала қата­рына қосылды. Екі мың жыл­дық тарихы бар көне Түркістан кейінгі екі жылдың ішінде айтарлық­тай өзгеріп, әсем шаһарлардың біріне айналды. Еліміздің өзге өңірлері мен ірі қалаларын да дәл осындай болашақ күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын», деп айтуы да келешекке деген ел сені­мін ынталандыра түседі. Қоры­та айтқанда, Нұрсұлтан Назар­баевтың тарихтың тереңі­не бой­лап, азаттықтың абы­ро­йын асқақтатқан ойлы мақа­ласын оқып, Тәуелсіздіктің қадірі мен құн­дылығы бөлек екенін түсіндік.

 

Серік Негимов,

филология ғылымдарының докторы, профессор