Білім • 07 Желтоқсан, 2021

Мұғалімнің кәсіби дамуындағы көшбасшылық

819 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

ACQUIN (Германия): «Педагогикалық шеберлік орталығы бағдарламалары­ның мазмұны мен ұйымдастырылуы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орта­лық Азия үшін ерекше, ал мұғалімдер мен басшыларды осы бағдарламалар бо­йынша оқыту мектептің және барлық білім беру жүйесінің келбетін өзгертуге үлес қосады».

Мұғалімнің кәсіби дамуындағы көшбасшылық

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталы­ғының миссиясы – мұғалімнің кәсіби да­муы саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

Қызметінің басты қағидасы – ұлттық құндылықтар мен педагогикалық дәстүр­лерге сүйене отырып, заманға сай бар жақ­сыны пайдалану. Орталық он жыл бойы педагогтерді үздіксіз кәсіби дамытуда біліктілікті арттырудың жаңа тәсілдері мен нысандарын әзірлеумен айналысып келеді.

Қазіргі уақытта бізде әлемдік тәжі­рибені, озық халықаралық тәжіри­бе­лерді және қазақстандық мектептің қажет­тілік­терін ескере отырып әзірленген білім беру бағдарламалары мен жобаларының инновациялық портфелі бар.

Орталықтың білім беру бағдарла­ма­ларын зерттеу негізінде әзірленеді, жо­ғары білікті тренерлер құрамы дами түсуде, оқыту кезеңдері мен практиканы ұштастыруды және оқытудың тәуелсіз сараптама жүйесін көздейтін біліктілікті арттыру курстары өткізілуде, мектеп деңгейінде және мектептер желісінде педагогтерді курстан кейінгі жүйелі әдістемелік сүйемелдеу іске асырылады.

Біздің ұйым – өз қызметін сыни баға­лай білетін, даму барысында тұрақ­ты әрі прогрессивті ұйым. Шетел­дік серік­тестермен әрдайым ынтымақтастық­тамыз: олардың тәжірибесі мен жетістіктерін зерттейміз, сарапшылар мен ақпараттар алмасып отырамыз, білім беру қызметінің озық практикасын пайдаланамыз.

2012 жылдан бері орталықта мектепке дейінгі кезеңнен бастап жоғары білім беру аралығында барлық деңгейдегі педагогтерді оқытуға арналған 200-ден астам бағдарлама әзірленді және іске асуда. Он жыл ішінде орталықтың өз базасында оның бағдарламаларын жүзеге асыратын басқа ұйымдардың базасында да 540 мыңнан астам қазақстандық мұғалім оқудан өтті. Сонымен қатар бар­лық бағдарлама мұғалімдердің кәсіби қажеттіліктерін (мақсаттарды, міндеттер­ді және күтілетін оқу нәтижелерін анық­тау үшін) курсқа дейінгі зерттеулерге негізделген.

Біліктілікті арттырудың 10 бағдарла­масы ACQUIN (Германия) аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтында халықаралық сапа стандарттарына сәйкес сертификаттаудан бірауыздан өтті. Сертификаттаудың қорытындысына сәйкес халықаралық сарапшылар: «бағдарламалар мазмұны мен ұйымдастырылуы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін ерекше, ал мұғалімдер мен басшыларды осы бағдарламалар бойынша оқыту мектептің және барлық білім беру жүйесінің келбетін өзгертуге үлес қосады» деп атап көрсетті.

Сертификатталған біліктілікті арттыру бағдарламалары мен кәсіби тренерлер құрамы ТМД және алыс шетелдердің ғылыми-білім беру қоғамдастығымен өзара жемісті жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Біз өз идеяларымыз бен жобаларымызды ірі шетелдік жоғары оқу орындарымен және орталықтармен, атап айтқанда, Кембридж университетімен (Ұлыбритания), Білім беру саясаты сала­сындағы ұлттық зерттеу институтымен (Жапония), EduCluster Finland (Фин­ляндия), Солтүстік Каролина уни­верситетімен (АҚШ) ынтымақтаса отырып, ілгері жылжып келеміз.

Орталықтың халықаралық деңгейдегі жарқын жетістіктерінің бірі – UNESCO-Hamdan 2019-2020 байқауына қатысуы. Оқытуды жақсарту бағытында қызмет атқаратын әлемнің 190 ұйымының ішін­де біздің орталық білім берудегі озық тәжірибелер мен мұғалімдердің тиімділігін арттырудағы жетістіктері үшін әлемдегі ең үздік 10 жобаның қатарына енді. Фина­листерді педагогикалық қызмет саласында бірегей білім мен тәжірибеге ие танымал сарапшылардан құралған, әлемнің түкпір-түкпірінен келген халықаралық қазылар алқасы таңдағанына айрықша назар аударған жөн.

Халықаралық қазылар алқасы педа­гогтердің кәсіби дамуындағы ұйым­ның академиялық жетістіктері мен құнды тәжі­рибесін мойындауы халықаралық сенім­нің артуына себепкер болды. Орталық Югра–Ханты-Мансы автономиялық окру­гінің жалпы білім беретін мектеп мұға­лімдеріне арналған екі біліктілікті арттыру бағдарламасын әзірледі. Онлайн курстар sdo.cpm.kz қашықтан оқыту платформасында өтті. Сауалдама нәтижелері бойынша, тыңдаушылардың басым бөлігі (96%) кәсіби қажеттіліктерінің жоғары деңгейде өтелгенін және оқыту форматының тиім­ділігін атап өтті. Сонымен қатар Ресей Федерациясының басқа өңірлерінде – Самара, Барнаул, Тольятти қалалары­ның мұғалімдеріне арналған оқыту іс-шара­лары өткізілді.

Еуропалық одақтың «Түрікмен­стан­дағы білім беру жүйесіне ықпал ету» жобасымен ынтымақтастық аясын­да білік­тілікті арттырудың тоғыз бағдар­лама­сын әзірлеп, Түрікменстанның Ашға­бад қаласы мен уәлаяттарындағы мек­тептер мен колледж педагогтерін, білік­тілікті арттыру орталықтарының және Түрік­менстанның ұлттық білім беру инсти­­тутының қызметкерлерін оқыттық.

Орталықтың қызметі шетелдік әріп­тес­тердің үлкен қызығушылығын тудырып келеді. Біз орталық тренерлерінің ресейлік педагогтерге арналған шеберлік сабақтарын өткізетін EdCrunch білім бе­ру­дегі жаңа технологиялар аясында Еуропадағы ең ірі конференцияның бел­сенді қатысушысы болдық. Бүгінде олармен бірге мектепті басқарудың цифрлы жаттығу құрылғысын жасау жобасымен жұмыс істеудеміз.

Педагогтердің біліктілігін арттыру сапа­сын жақсартуға бағытталған сер­пін­­ді өзгерістер тренерлердің кәсіби­лігі­не байланысты болмақ. Осы ретте тре­нерлердің жоғары деңгейлігін олар­дың зерттеу жұмыстары айқындайды. Қызмет­керлердің 20-дан астам ғылыми жұмыс­тары халықаралық журнал беттерінде жа­рық көрді.

Бағдарламалардың мониторингі бо­йын­ша бірлескен қазақстандық-британ­дық зерттеуді ерекше атап өткіміз келеді, оның нәтижелері «Педагогикалық шебер­лік орта­лығының бағдарламалары. Ықпа­лын зерттеу» (Impact Study: Centre of Excellence Programmes. Report) халықаралық рецензияланатын Teacher Development журналында (2016) жарияланды. Бұл орын алған өзгерістердің ауқымын және олардың сапасын дәлелдеу жүйесін білдіреді, ол мектептердің жұмыс істеу мәдениетінде, мұғалімдерді сыныптарда оқыту практикасында, қазақстандық мектеп оқушылары­ның ынтасы мен оқу жетістіктерінде көрі­ніс табады. «Педагогикалық шеберлік орталығының бағдарламалары. Ықпалын зерттеу» нәтижелері Майндағы Франкфурт (Гер­мания), Нью-Йорк (АҚШ), Мәскеу (Ресей) қалаларында өткен халықаралық кітап көрмелерінде алтын медальдармен марапатталды.

Сондай-ақ орталық тренерлерінің зерт­теулері WALS-тің (Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығы, 2015 ­жылдан бастап орталық оның ресми мүшесі) жыл сайын өткізілетін халықаралық конференцияларға ұсынылды. Дүние­жүзілік қауымдастық сабақты зерттеуді енгізудегі қазақстандық тәжірибе қауым­дастықтың Бейжің қаласындағы Сарап­шылық кеңесінде (2018) және Амстердам қаласындағы конференция аясындағы жеке симпозиумда (2019) арнайы мәселе ретінде қаралды.

Малайзия Білім министрлігінің шақыр­туымен 2021 жылдың қыркүйегінде Орта­лық мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жүйесіне сабақты зерттеуді енгізу тәжірибесі бойынша таныстырылым жасады. Орталық мектептің ішкі әлеуетін арт­­тыру, мұғалімдердің жүйелі және құ­­ры­­­лымдық кәсіби дамуы үшін екі ба­ғытта жүзеге асырылған курстан кейінгі әдістемелік қолдау жүйесін құрды.

Біріншіден, бұл әдістемелік белсен­ділерді дайындау. Осы жүйе арқылы еліміздің әрбір мектебінде үйлестірушілер мен тренерлердің төрт санаты табысты жұмыс істейді: оқыту әдістемесі мен технологиялары, зерттеулер, критериалды бағалау, тапсырмаларды әзірлеу және сараптау бойынша. Биыл мұғалімдердің зерттеу және талдау, деректерді жүйелеу және өңдеу, диагностиканы жүзеге асыру дағдыларын кеңейту мақсатында талдау бойынша жаңа санатты мектеп тренерле­рін оқыту басталды. Сондай-ақ тренер­лер құрамын дайындау барысында прак­тик-мұғалімдерге үлкен көңіл бөлінетінін атап өткен жөн. 2021 жылы пәндік курстар­да тренерлер құрамының 75%-ынан астамы алдын ала іріктеуден және орталық­та оқытудан өткен жалпы білім беретін және зияткерлік мектептердің үздік пән мұғалімдері болды.

Екіншіден, әр аудан мен қалада же­текші мектептер желісін құру. Орталық жетекші мектептер қызметінің қарапайым, бірақ тиімді моделін жасады: оқытудан өткен және жетекші мәртебесін алған әрбір мектеп өз өңіріндегі бірнеше серіктес мектептерді өзара іс-қимыл ауқымына «тартып», әдістемелік ынтымақтастық және «тепе-теңдік» қағидаты бойынша тәжірибе алмасады немесе оқытады. Жыл сайын жетекші мәртебесіне ие болған мектептер тізімі белсенді түрде толықтырылып отырады. 2023 жылға қарай олардың республикадағы жалпы саны 2000-ға жетеді, бұл жалпы, ауқымды әдістемелік қолдаудан жеке және атаулы қолдауға көшуге мүмкіндік береді.

Егер алғашқы жылдары әдістемелік қолдау мұғалімдердің метапәндік дағды­ларын дамытуға негізделсе, соңғы жылдары ол білім беру процесін бақылау және талдау, пәндік құзыреттіліктерді дамыту, жиынтық бағалау нәтижелері бойынша оқу жетістіктерінің динамикасын, білім беру сапасын басқаруға арналған мектепішілік бақылау сияқты тақырыптарға бағытталған.

Біз цифрлы қайта құру дәуірінде өмір сүрудеміз. Педагогтердің цифрлы дағ­дыларын дамыту – орталықтың білім беру қызметінің маңызды құрамдас бөлігі. 2018 жылдан бері еліміздің педагогтері­не арналған қашықтан оқытудың sdo.cpm.kz білім беру платформасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда педагогтер мен басшылар­ға арналған 400-ден астам онлайн курс­тар мен вебинарлар орналастырылған. Мұғалімдердің онлайн оқытуға мүмкін­діктерін кеңейте түсетін online.cpm.kz екін­ші платформасы әзірленді.

Мұғалімдердің дамуындағы жеке траек­торияны қалыптастыру үшін осы платформаға орталықтың білім беру өнім­дерінің онлайн тізілімі (курстар, семинарлар/вебинарлар, құралдар) біріктірілген.

Жаңа құзыреттіліктерді алудың тиім­ді құралы ретінде орталықтың бастама­сымен барлық ниет білдірушілер үшін «Қашық­тан оқытуды үйренемін», «Бақытты ата-ана – табысты бала», «Эссе жазу» жаппай ашық онлайн курстары әзірленіп, іске қосылды.

Цифрлы технологиялар, цифрлы ресурстар және оларды пайдалану проце­сінде туындайтын жаңа кәсіби байланыс­тар мен қатынастар бізге жаңаша ойлауға, жоспарлауға және шешімдер қабылдауға жол ашып, ұйымды дамытуға жаңа мүм­кіндіктер береді.

Бұл педагогтердің кәсібилігі мен шеберлігін дамытуда, қазіргі заманның жаңа сын-тегеуріндеріне сәйкес шығар­машылық ынтымақтастықта жаңа биік­терге қол жеткізуге шабыт береді.

 

Жанбота КАБДЫКАРИМОВА,

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының директоры