Біз Фаризаның кітаптарына, өлеңдеріне жиі үңілетін болдық. Онымен сол тілде ғана сөйлесуге үйреніп келеміз. Жайшылықтағы өз дауысы, телефон қоңырауы үзіліп қалғанмен, ақын жырлары ойымыз бен сезімімізді қозғап, оған деген сағынышымызды, құрметімізді арттырып жатқаны анық. Фаризамен қай жылы, қай күні, қандай жағдайда кездескенім есімде жоқ. Бірақ оның жырларын алғаш рет газет бетіне ұсынып, алғысөз жазған Әбділда ақыннан бастап оның талантына ризалықпен қарағандардың ішінде болғаным рас. Өзінің айтуына қарағанда, Алматыға алғаш келгенде, одақта болған бір жиналыстан соң Әбішке еріп келген үйі – біздің үй болыпты. «Сондағы сіз бен апамның жылы қабағы маған бүкіл Алматының жылы қабылдауы сияқты көрініп еді», дейтін. Содан басталған ағалы-қарындасты сыйластығымыз ол өмірден өткенше үзілген жоқ. Соңғы күндері де оның қасынан табылдық. Мен – оның ақындығы жайында алғаш мақала жазғандардың бірімін. Өткен жылы «Бір жыл – бір кітап» мәдени шарасы бойынша оның «Дауа» атты (1985) жинағы талқыға түсті. Менің «Мұң мен сезімнің ақыны» атты мақалам сол кітап шыққаннан кейін-ақ жарық көріп еді. Сөйтіп, бізді Фаризаның өлеңі туыстырды.
Фаризаның ұлы таланты кешегі заманның аясында мәуелеп өсті. Оған өз замандастары мен аға буын ақындар жырлаған уақыт сыры, оның қуанышы мен қайғысы да жат емес. Ол да басқа ақындар сияқты, Отанын, туған жерін, өзі туып-өскен өлкенің кешегі және бүгінгі өмірін, революция мен ерлікті, адам еңбегін, әкесі мен анасына деген ұлы махаббатын, достық пен сүйіспеншілікті жырлады. Сол арқылы басқаның айтқанын қайталамай, өз сөзін, өз түсінігін, өзінің сезінуін танытуға ұмтылды. Ақын қаламының тегеурінділігін, оның бойында бұлқынған күш барын ол осы дәстүрлі тақырыптарды жырлау арқылы-ақ байқатты. Аты ауызға іліге бастаған тұста Фариза екі-үш шағын жинақтардың авторы еді. Алайда, Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия ақынның алғашқы сезімтал жырларына емес, патриоттық, отаншылдық өлеңдеріне мән берді. «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» деп аталатын топтама өлеңдерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуының өзі оған тындырған ісінен гөрі алдағы үмітіне сенуден туған шешім сияқты еді.
Фариза бұл үмітті алдаған жоқ, үздіксіз ізденумен, құдай берген дарынын дұрыс жолда, шын поэзияға арнап дамыта алуымен аз жылдарда үлкен ақын болып қалыптасты. Ұрандаудан, заманның сөзін қайталаудан аулақ, шын үлкен ақындарға тән көңілімен сүйіп, сүйсінген немесе көңілі қалып жерінген сезімдерін ашық әрі батыл айтуға, оны көркемдікпен бейнелей танытуға, кейде тіпті суретке айналдырып көз алдыңнан өткізуге қабілетті, өлеңдері оймен өрілген ұлы таланттардың тобына кірді. Өлеңнің көркі – ой мен сезім болса, осы екеуі тоғысып ақынның «менін» биікке көтерді. Фаризаның отансүйгіштігінің, патриоттығының өзі патетика емес, жаны нәзік адамның туған жерін немесе нақты бір географиялық объектінің әдемі суретін танудан туған ойды сезіммен сырлауы, ол жердің тарихы мен халық өміріндегі дәстүрлі сипатын түсінуі. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері – елімен, жерімен рухани туысып кеткен сезімтал, бауырмал жан.
Ол қазақ даласын бөлмей, рулық немесе жыныстық ұғыммен шектемей, тұтас сүйеді. Саумалкөлдің самалы, Оқжетпестің басындағы сағым-мұнар, Үшқараның биігі, даланың ақ түні – бәрі де ақын ойын қозғады, жырына азық берді. Қиналған, шаршаған шағында ол қырға шығып, жанына шипа іздеді, саумал иісінен дауа тапты. Сол даланың дарқан, жаны шуаққа бай адамдары да ана сүті сіңген тіршілік иісін сақтаушылар боп елестеді. Бұлардағы ойлар мен суреттер тек ел, табиғат сырын түсіну үшін ғана емес, тарих жолын жүрек көзімен саралар шындыққа жүгінеді. Сондықтан да ол «Қаратаудың басынан көш келеді» әнінен қазақ тарихының қайғылы үнін естісе, кейінгі даладағы өзгерістерден ел еңбегінің күшін таныды. Еңбекқор халқын батыр етіп жатқан осы дала екенін өткір сезінді. Дала адамы мен табиғатты тұтастыра, кең көзбен қарап суреттеген Фариза жырлары ақындық қуатты да, сезімталдықты да, көңіл күйінің әр қилы жағдайларын да солардан алды. Адам бойындағы рух та табиғат арқылы толысты. Ақын өзін сол табиғатпен егіз сезінді. Сондықтан ол ашық күнге қуанды, жаңбырлы аспанға қарап қамықты, көктемде шалқыды, дауылға қарап бұлқынды. Ақын сезімінің күрделі болатыны да осыдан. Табиғаттың құпия сырлары оның жанына кейде өзі де түсініп болмайтын ғажайып сезім дарытты. Мұны Фариза жырларын оқи отырып қана түсіне аласыз.
Кеше ғана «Кеудесіне жиналған запыранды жағаға лақтырған тентек теңіздің» мінезі бүгін өзгеріп, теңіздің бұйығып жатқан күйін көресіз. Кешегі «ағынды, жырлы ақынның» бүгін қымызы сарқылған торсықтай, дабылы, кегі бітіп қалғанын ұғасыз. Бірақ теңіздің қайтуы – тартылуы емес, асау толқын тағы да арпалысқа шығады, ақын жаны да бұрқанысты сырымен әсем, көркемдікке ие болады. «Қоңыраулатып көктемдер келді маған», «Көктем күліп келеді» деген жолдардың өзі көктемнің нұрға бөленген әдемі күйін елестетеді. «Балғын бүршіктерімен сұлу қайың толықсиды босанған жас анадай», «тырмысады жабысып тасқа қына», «Жан сезімін түнекке тасаламай, табиғатқа қызуын шашады арай» – ақын көңіл күйінің куәлері сияқты өлең жолдары. Тасқа жабысқан қына оның көңіліне де үміттің ине сәулесі болып қадалады, «Қанат қылып жанымның қуанышын, ұшып келем аяғым жер жанамай», «ән шырқағым келеді бар ғаламға шаттығымды сездірер үнімменен» дейді тағы да оның шат көңілі. Осының артынша-ақ жаңбырлы аспан оның көңіл күйін бұзғанының куәсі боламыз. Табиғат – ақын үшін тазалықтың, пәктіктің бейнесі. Ол адам бойынан тазалық іздесе де табиғатқа жүгінеді. Ол көз алдында тарылып бара жатқан тіршілік қысымына табиғаттың кеңдігін қарсы қояды, шаң-тозаңға былыққан қара жерден мөлдірліктің белгісі – аспанға ұмтылады, жағадан жиіркеніп, теңіздің тұнығын кешеді, қасаң тартқан жандардың кеудесін тазартар Арыстанды-Қарабастың дауылын күтеді.
Адамды сүю, адамға жақсылық тілеу, оны жасауға ұмтылу, осыған қайшы ұғым, іс-әрекеттерге қарсы батыл күресу Фариза гуманизмінің мөлшерін анықтайды. Ол адамгершілік үшін, игі мінез үшін, адам жанын жылытар күн, шуақ үшін, қасаңдыққа қарсы тұра алатын шындық үшін күресті. Жақсылық жасау адам жанына нәр береді, «Кезінде етпеген жақсылық – қылмыспен кейде пара-пар», «Жасалмай қалған жақсылық ішіңді жейді тышқандай», дейді ол. Адамға жақсылық жасай отырып, оның бойындағы қасаңдықты жібіту, адамды мейірім арқылы тәрбиелеу мәселесіне ақын адамдықты, адалдықты сақтаудың жолы ретінде қарады. Фариза адамдық характердің тұтастығын іздеді, тіршіліктің ұсақ-түйегімен шектелушілікті ұнатпады. Ірілікті сүйді. Даланың жігіттерін күңкіл мен ұсақтықтан сақтауды тілеп, олардан «ат баптап, қыран салған, елдікті айтып ұран салған» «дала көңіл халықтың ұрпағына» лайық мінез күтті.
Фаризаның көп өлеңдері әйел тақырыбына арналған. Өзі де әйел затынан болғандықтан, ол әйел психологиясын, оның басындағы өмір сырларын көбірек білді, айқынырақ түсінді. Ол әйелге тән төзімді, өткір сезім күйлерін, кейде сол сезімге малтығып қалатын әлсіздікті, көңілдің нәзіктігін, адал махаббатты тереңірек жырлады. Оның сезімі мұңды, ойлы. Оның өлеңдерінде қуанышы мен қайғысы аралас жүретін азапты күндерінің суреттері мол кездеседі. Адам жүрегінің тазалығы, сүюдің саудаға, есепке құрылмауы, сүйгенінің жанын ауыртпауы – автордың ой қалауы. Лирикалық кейіпкер сезімінің тазалығын, әйелге тән адалдықты, көңіл күйінің әрқилы қалтарыстарын ол нақтылықпен бейнеледі. Жаңбыр құйып тұрғанда қол шатырдың астын жігітпен бірге паналаған қыз сезімінің дір етуі, қос жүректің тілсіз қимылдап, қабақтан түсінісуі оқырманның көз алдына жанды сурет алып келеді. Әшейінде тәкаппар қыз да осал тартып, «Менің тәкаппарлығымды, ерлігімді қоштасқанда өзіңмен ала кеттің» деп мойындайды. Фариза суреттейтін әйел осалдығы – махаббат алдында бас ию, сезім нәзіктігі, сүюдің азабына көну. Ондай жағдайда әйел: «байлық емес, мансап пен атақ емес, махаббатың өзіңнің – ең керегім» дей алады. Сүйгенінің сезімімен қанаттанады.
Лирикалық кейіпкердің осындай көңіл күйін ақын Қыз Жібектің қоңыраулы күймесімен өмір көшін бастап бара жатқан суреттен, Айша бибі, Баба әже сияқты тарихи ескерткіштерден, әйелдің адал сезіміне деген бүкілхалықтық ілтипаттан таныды. Сонымен бірге, Фаризаның өлеңдері – ол кешкен үлкен өмір мектебінің суреттері, ойы мен көңіл күйі. Оның жастық шағы соғыстың өртіне шалдықты. Өткен күн ауырлықтарының соңын үмітке арта бастаған шағында, жалғыз сүйеніші – ағасы қайтыс болып, үйдің ересегі өзі боп қалды. Жас балаларға ие болып, соларды өсіру мен асырауға жегілді. Жастық сезімі жарқылдап келе жатқан ақын қыз мұң мен ойдың шеңберіне кірді. Дүбірлі даланың әр көрінісіне ол өз тұрғысынан қарайтын болды. Бұл оның ерлік пен еркіндік аңсаған отты сезіміне өжеттік дарытты. Тек қуаныштан тұрмайтын өмірдің мұңы мен шерін арқалай жүріп, айналасына сын көзімен қарады, «тіршіліктің шабуылынан қорғану» үшін күреске шықты. Фариза өлеңдері де оның өз басының тіршілігімен, өзі арқылы бүкіл туған елінің, халқының өмірімен, сол негізде бүкіл адамзаттың арман-мүддесімен біте қайнасып біріккен. Оның ойлары мен қуанышы, жүрегін жайлаған мұң сарыны ақынның жеке басын күйттеуден тумайды, бүгінгі дәуірдегі жалпы адамға, адамзатқа тән шындықтан туады.
Осылардың бәрін өлеңіне сыйғыза отырып, ақын заман үнін, жырын бүгінге арнайды, келешек ұрпаққа жеткізеді. Онда заманнан, халқынан, соларды жырлаған өлеңінен өзгеше өмір жоғын да сезесің. Фариза ақындығының өз замандастарынан өзгеше бір ерекшелігі – оның жырларындағы ойшылдық сарынның молдығы. Ол не айтса да, не жайлы ойланса да, ылғи бір толғанысты көңіл күйі әсеріне орай айтады. Өмір бар жерде күрес, тартыс бар, ал күрес, тартыс азапсыз өтпек емес. Оның қуанышы, әкелер жеңісі мен қайғыртар, мұңға бөлер жеңілісі де болады. Айналаңа қарап, өмірдің ұсақ-түйегін паналап, болымсыз тіршілік кешкен адамдарды көріп те қайғырамыз. Кешегі Абайды қоршаған, ақынның ащы дауысын шығарған ортаның психологиясы бүгін түгелдей өзгеріп кетпегенін көресің. Уақыт, заман өзгеріп жатқанмен, адам бойындағы ұнамсыздықтар соған ілесе өзіндік түрін, сыртын өзгертіп, ішкі берік ұғымын сақтап өмір сүріп жатқаны жаныңа тиеді. Қазіргі жағымсыз әдет-ғұрыптардың, ұғым-түсініктердің көрінісі – бәрі де, сөзсіз, ақын жүрегін тырнайды. Мұндайды ақын алдымен сезінеді. Қонған екен тағдырдың құсы маған, Енді қалай төбемнен ұшыра алам. Бақытым да, болмаса азабым да, Біле алмадым ал бірақ сұсы жаман, Тағдырымның жыр атты сыйына мен Кезіктім де, Жол тарттым қиырға кең. Маңдайыма осылай жазылыпты Ғажап та қиын әлем. Отау – айдын, жасауым – жасыл кемем, Ойнайды айдын көгінде жасыл жебең. Думандатқан жерлерде отырамын, Көзде – мұң, басымда – өлең. Көп адамға көктем де, қыс та арайлы, Ал мен үшін алтын да – мыс талайғы. Жай құбылыс секілді құшсам Айды, Бақытым да, әйтеуір, басқалардың Бағына ұқсамайды. Елтімеймін дауылсыз таң ғұмырға, Түк еместей шыңың да, шалғының да, Жүрек емес, жүрегім – антеннадай Қабылдайтын әлемнің ән, мұңын да. Ем іздеуім бекер-ақ, бұл болмысым Қанымда, тағдырымда! Осы бір өлеңінде Фаризаның бүкіл ақындық болмысы жатыр.
Ең алдымен бұдан біз ақындық тағдырдың ғажап қиын тіршілігін, оны мойнына алған таланттың азапты жолын көреміз. Ол өз басының қызығын күйттемейді, әлемнің мұңы мен әніне құлақ тосады, ақын тілімен айтқанда, оның жүрегі антеннадай дүниенің әр бұрышындағы қуаныш-қайғыны қабылдайды. Думанды ортада көзіне мұң, басына өлең оралып, оңаша ой кешеді. Тыныш ұйықтап, Айды құшса қуанып, алтын көрсе көңілі көтерілетін сезім оған жат. Осының бәрін өз тағдырым деп түсінеді, басқаның бақытына ұқсамайтын өз бақытын мақтан тұтады. Өлеңдегі ой сезіммен өріліп, тұтас суретке айналып, ақын тағдырын жарқын бейнелейді. Фариза – биік сезімнің ақыны. Оның көңіл күй ырқына тез берілетіні, жаны тез жараланатыны да осыдан. Бүгінгі адам жанына, сезіміне оқыс әсер ететін жағдайлардың көптігі өлгендердің ғана жанын ауыртпайды. Фариза көңілін жайлаған адалдық, әсемдік, жақсылықты ғана мұрат тұтқан арман-тілек күнделікті өмір қайшылықтарымен үйлесімге келмейді де, ақын сезіміне кері әсер етеді. Ол ұнамсыздыққа шыдамай күйінеді. Үнемі мұңаюдың, күйректіктің неге апарып соғатынын ақын түсінбейді емес.
Кейде ол сезіміне ақылымен тоқтау салғысы келеді. Осыдан барып, оның өлеңдері, көбінесе, сезім мен сананың, ойдың арпалысына құрылады. Ақылды шыңға қойып, өз жанын жайлауда ұстап, құмарлық сезімге тұсау салуды армандайды. Бүгін сезім басып тұрса да, ақыл-дананың түпкі жеңісіне күмән келтірмейді. Өз бойынан азапқа қарсы тұрар күш те көрінеді. Осындай сезім мен ойдың тартысы ақын жырларында үлкен суреткерлікпен бейнеленеді. Көңілімде құрсаулы қатпар мұңдар, Өлеңімде шаттық аз, жатқан бір зар. Қайран жігер, қайдасың, тілеулес ең, Тұншықтырған кеудемді батпан зілді ал. Жарасым жоқ жалғанның сәні кемдей, Анау аспан, күн мен ай – бәрі жердей. Көзі біткен құдықтай қалды жұртта Сезіміме санамның әлі келмей. Фариза ұғымында, жүрек тек сезімнің ұйытқысы ғана емес, ақыл-сананың да көзі, негізі. Ал таза сезім – өзімшілдік дертімен уланған дұшпан, тұман-қайғы. Сондықтан ол жүрекке жиі жүгінеді. Оған тіл қатып, сезімнің ырқына берілмей, қажыр-қайрат көрсетуге қайрайды. Жүрек пен ақыл – мәңгілік тағдырлас. Бірі оттай ыстық сезім болса, екіншісі – салқынқанды ойлылық.
Ақыл мен жүректің диалогында ақыл жүрекке: «Күйіп жанба, есіңді жи, күңіренбе!» десе, жүрек «Құрысын кешкен ғұмырым, өртенбей күлмей, өкінбей», дейді. Жүрек жүгінген сезімнің де өмірде өзіндік үлкен орны бар. Сезімсіз адам – қайырымсыз, тасбауыр. Сезім адамды жылытады, оның бойына қайырымдылық, мейірбандық береді, сүюді, сүйіспеншілікті оятады. Ендеше, ақынның сезімталдығы – өмірдің өзінен алынған, адам бойындағы жылылықтың, сүйіспеншіліктің, гуманизмнің белгісі. Ақынның жүрекпен сырласуларында бұл жайлар анық байқалады. Менің барлық жек көру, сүюлерім, Басталады өзіңнің лүпіліңнен, – дейді ол жүрекке. Мұнда адам тіршілігіндегі жүректің қызметі көркем бейнелі тілмен өрнектеледі. Ақынның жүрек туралы ұғымы «Сенсіз менің әнім жоқ, жоқ арым да», «Сенің махаббатыңсыз құнсыз маңай», «Жақсы көрген жандарым, байтақ елім – соның бәрін сыйғызып тұрсың қалай?», «Торғай-ұя кеудемнен аттамай-ақ күллі әлеммен тілдесіп отырғаның», «Сені от, суға салыппын шырылдатып» деген өлең жолдарынан анық көрінеді. Өлең «Жүректі түтіндерден қайтып сақтасам екен» деген ойлы сұрақ туғызады. Фариза – өмір қайшылықтарының заңдылығын, жақсылық пен жамандықтың алмасу шындығын жақсы түсінген ақын.
Сондықтан оның өлеңдері осы қайшылықты тіршіліктен әрдайым ілгері, озық тұруға ұмтылысты бейнеледі. Алайда, болмыстан озу оңай іс емес. Ол күнге ғашық, бірақ жер оны тез «шылбырымен арқандап» қояды. «Күн жайлаған қиырды» ала алмай, жердің азапты өмірін кешеді, ондағы «арсыз бен ептінің» тіршілігін көреді. «Көтеріле беріп ем, мен бәрібір – қара жерге қайтадан кеп құладым», деген түйіннің өзінде жер бетінде өмір сүрудің қиындығы мен заңдылығы көрінеді. Ой мен сезімнің арпалысында ақынның өзін жалғыз сезінетін тұстары да кездеседі. Ондайда ол тұншығып, ойын сыртқа шығара алмай, іштен тынып қалады. «Сәби ойларын шырылдатып жұтып жатқан» жүрегін ол қанға, өлімге тойымсыз қара жерге теңейді. «Обалардан қайысқан жер секілді өлген ойлар сірескен көкірегім», дейді. Фаризаның өзін жалғыз сезінуі – оның қоршаған ортадан, туған халқынан, достарынан безінуі емес, ойларының қолдау таппай, тұншығуы. Оның лирикалық кейіпкері – өз замандастарынан ой-санасы биік адам, ой-арманын жұртқа түсіндіре алмай өкінеді. Бұл – өз ортасынан оза шыққан адамның бәрінің трагедиясы. Абайдың жалғыздығы да кезінде осыдан туды. Лермонтовтың «Одиночествосы» да осындай жағдайда жазылған. Бірақ Фариза ақындығы күйректік сезімге бой алдырудан, дертке ұрынып қалудан аулақ. Оның жыры, үні өктем.
Ол қазақтың даласындай жаны кең, көгінен бұлт арылмаса да тарылуды білмейтін ақын көңілін «баяғының құс қанат тұлпарындай» дүбірмен оятып, қобыздың сарынымен жұбатады. «Ойсыздықтан өрекпіп тойғандардың» құлағына қайғы боп ызыңдап, елдік, ерлік ұғымы «қалғығандарды» дабыл қағып дүрліктіреді. «Жағымпазды ту сыртынан тілгілеп», зорлық көргендерге «әділет сыбағасын әпереді». Ақынның бойындағы бес қаруы – өлең-жыры. Ол – ақынмен бірге неше түрлі қатерден өткен, соның бәрінде оның намысын батыл қорғаған, өнер мұхитын онымен бірге кешкен жан серігі. Енесін – елін іздеген қос құлындай ылғи желіні айналып жүретіні де олардың туған елге деген махаббатының белгісі. Ол жалғыз қалған кездерінде Абаймен сырласып, мұңдасады. Махамбетше қайраттанады. Шығарған шындық арды естен, Зұлымдықтарды қан кешкен, Махамбеттен қалған наркескен – Айбалта жырмен шапсам деп, Шаңын бір сүйтіп қақсам деп, Әділеттің шаңын ғаламға, Қарамай құрсау – қаламға, Лаулатып солай жақсам деп. Қайсарларды жасқап шегерген Тасқыны тылсым тереңнен, Серігім – жырым – жебеммен, Жүрегім – желкен, Жел кернеп, Қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп. Қағылез, құйттай денеммен Дауылдарды құшып келем мен, – деп шамырқанады. Бұл – Фариза жырларының мінезі.
Ол алғашқы жастық жырларында да «Батылдықпен аралас жатыр мұңым» деп заманның мұң-шеріне бой алдырмайтынын сездірген еді. Одан кейінгі өмірінің барлығында да «Жүректердің құрсауын ағытар»жігерлі жырлар жазды. Қандай өмір кешсе де, елімен, ағаларымен, інілерімен бірге болды, қолдау көрді. Өз сыры арқылы замандастарының арман-мұңын айтты. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан басталатын қоғамдық дамудың кезеңі алғашқы біз сенген коммунистік рухтың әлсіреп, әділдік пен шындықты айналып өтіп, әлеумет мүддесінен өз мақсат-мұратын жоғары қоятындардың, жағымпаздық пен дүниеқұмарлықтың өрістеген дәуірі болғаны белгілі. Осы тұстан бастап Фариза өлеңдерінде кейін тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетке ұласқан, жаңа, өзгеше бір күрескерлікке беталу көзге түсті. Өмір сүріп жүр екем бекерге мен, Кешсем де азап, арманға жетем деп ем. Жүретінмін көңіл тоқ – жырым бар деп, Кәрі, жастың жүрегін мекендеген. Бүгін барлап қарасам: ұят қандай! (Өлген артық өлексе сияқтанбай). Жыр жарыста жүріппін жүйрікпін деп, Өрден өрге шабатын тұяқ қалмай. Енді үңілсем: Жер басқа, аспан да ерек, Күштер де өзге жүретін жасқап, жебеп. Тегі маған азабын, ақыретін – Бәрін, бәрін қайтадан бастау керек. Бұл жырлар әділетсіздік пен қолдан жайма шуақ жалған тіршілік жасап, астарында заманның рухани күшін әлсіретіп жатқандарға қарсы ақын сезімінің лап етіп жарылуына, өртенуге дайын тұрғанын бейнеледі.
Ол сөз арқылы адам жанын қозғайтын сезімді оятуға қызмет етті. Заманды шірітуге бағытталған дерттерге (отансыздық, опасыздық, жағымпаздық, өзімшілдік, пайдакүнемдік, т.б.) қарсы батыл үн көтеріп, сол арқылы адамдар бойында әлі де сақталған әділетті күш болса, соны қозғалысқа түсіруге ұмтылды. О, менің өкініштерім! Ар ағашына асыңдар мені – Жалмасын, жұтсын жасындар мені. Қызықсыз, мәнсіз ғұмырым үшін, Мастанған, құнсыз қылығым үшін Таптасын мені ғасырлар легі. Бұл өлең – заман бойына жабысқан дерттерге қарсы тұру ғана емес, солардың қоғамнан орын алуына себепкер жандардың (соның бірі есебінде өзін) өзін өзі құрбандыққа шалуға баратынын аңғартады. Өзі арқылы келеңсіздікке қарсылық таныту жолына өмірін де қиятын күрескерлік рухқа күш береді. Фаризаның өмірі – өлеңі. Оның осы аттас өлеңінде Фариза өзінің ақындық кредосын танытады. Өзінің поэзиямен шын туысуы, қуанышты да, қайғылы күндерде де бірге болған досы – өлең туралы ұғымы жеткізіліп айтылған. «Ақынға адамзаттан дос болмайды, тек қана сырын сөйлер қаламына», деп Мағжан айтқандай, жайшылықта екінің біріне сыр аша бермейтін Фариза да ойы мен сезіміне өлеңін ғана куә етті. Және оны керемет шыншылдықпен еркін төгілген өлеңдік формада өре білді. Дара күндерімнің, Нала түндерімнің Серігі болғаның үшін, Сенімі болғаның үшін, Мен сені аялаймын.
Біреудің пасықтығынан, Біреудің жасып мұңынан, Жүрегім сыздаған кезде, Жаным мұздаған кезде, Мен сені саялаймын, – дейді ол өлеңге. Ақындық ізденістерінде Фариза қазақтың қара өлеңі түрімен шектеліп қалмайды. Ол айтылар ойдың мазмұнына сәйкес интонацияға негізделген жыраулардың ақ өлеңін де, шешендік үлгілерін де мол пайдаланады. Кейде толғап та кетеді. Бәрінде де жауынгерлік рух бар. Дәстүрді бүгінгі шындықпен жалғастыра отырып, терең ой мен талғамнан туған тың образдармен, жаңа теңеу, сөз оралымдарымен байытады. Фариза жырлары адамдықты ардақ тұтқан, кісілік пен кішілікті бойына дарыта білген, адамгершілік иесі үшін күрес мектебі деуге лайық. Сондықтан ол «тірілермен тірілерше» сөйлесе бермек.
Серік ҚИРАБАЕВ, академик.