Ғылым • 30 Желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жатақханалар бой көтереді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығында студенттерге арналған 5000 орындық жаңа жатақханалар құрылысының капсуласын салу рәсімі өтті, деп жазады Egemen.kz.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жатақханалар бой көтереді

​Тоғыз қабатты бес жаңа жатақхана ҚазҰУ қалашығы құрылысының II даму жоспары аясында бой көтереді. 

Студенттік жатақханалардың құрылысын іске асыруда Қытайдың «Чжунтайхуа» Баоцзи құрылыс еңбек қызметтері компаниясы» инвестор ретінде тартылды.

Айтулы шараға университет басшылығы, құрылыс компаниясы өкілдері, оқу ордасының танымал түлектері, оқытушы-профессорлар құрамы мен  студент жастар қатысты. 

Салтанатты рәсімде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – РекторЖансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, бұл бастаманың университет тарихындағы стратегиялық маңызына тоқталды. 

«2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі басталған болатын. Жаңа жатақханалар жастардың білім алуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізеді», деп атап өтті ректор.

Сонымен қатар жиында Баоцзи қаласының құрылыс және еңбек қызметтері жөніндегі «Чжунтайхуа» компаниясының директоры Чжан Хунцян құттықтау сөз сөйлеп, жобаның халықаралық әріптестік аясында жүзеге асатынын және құрылыс сапасына ерекше мән берілетінін жеткізді. 

Шара барысында болашақ ұрпаққа арналған  жолдау хатқа қол қойылып, салтанатты түрде капсула жерге қойылды. 

«Біз ҚазҰУ-ды дамыту мен жаңғыртудың жаңа дәуірінің табалдырығында тұрмыз. Бұл – сапалы білім алуға, ғылыми қызметті дамытуға және студенттік өмірді жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер ашатын тарихи сәт. Студенттік жатақханалар құрылысы аясында атқарылып жатқан барлық жұмыстар білім алушы жастар мен университеттің профессор-оқытушылар құрамы үшін лайықты, заманауи және жайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Осы жатақханаларда тұрып, университет қабырғасында білім алған студенттер еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатынына нық сенеміз», делінген хатта. 

Жоба білім алушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жалпы аумағы 66 мың шаршы метрді құрайтын кешен 5000-нан астам орынға есептелген. Инвестиция көлемі шамамен 33,8 миллиард теңгені құрайды.

Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қаңтар айында басталып, бір жарым жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған. Жатақханалар халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, қауіпсіздік жүйелері мен тұрмыстық инфрақұрылым толық қамтылады.

Аталған жоба студенттердің тұрғын үйге қолжетімділігін арттырып, әсіресе өзге өңірлерден және шетелден келген білім алушылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. 

 АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар