Егемендіктің алғашқы жылдары жақсы есімде. 1991 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің құрамында борышымды өтеп шықтым. Сол кезеңде еліміздегі жағдай қандай еді? Одақ тараған бойда өнеркәсіп орындарында өндіріс тұрақтап, ауыл шаруашылығының жағдайы мүшкіл болатын. Жұмыссыздық белең алды. Көпшілік менен «30 жылда атқарылған шаруаға қандай баға берер едің» деп сұрағанда айтарым, бұл уақытта іске асырылған ауқымды жұмыстың барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған қажырлы еңбегі мен салиқалы саясатының жемісі. Өз басым Елбасы қолға алған барлық іске зор құрметпен қараймын!
Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында айтқандай, біз – көшпенді халықтың ұрпағымыз. Осындай ұлан-ғайыр даланы бізге аманаттап, табыстаған бабаларымыздың алдында борыштармыз. Көлемділігі жағынан әлемде 9-орын алатын мемлекетті қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ұстау оңай емес.
Рас, қазір дүние жүзінде өз алдына ту тігіп, мемлекет құруды армандап отырған халықтар қаншама?! Сондықтан да барды бар деп бағалағанымыз дұрыс деп есептеймін.
Әсіресе, аталған мақаланы жастар зейін қойып, оқып шықса артық болмайды. Бүгінгі жастар бақытты ұрпақ деп айтуға толық негіз бар. Неге десеңіз, олардың қазір кез келген мемлекетке саяхаттап, білім алып, озық идеяларын жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар. Міне осының бәрі егемендіктің жемісі демей не дейсіз? Тәуелсіздік оңай жолмен келмеді. Сондықтан осы бағымызға бұйырған дербестігімізді сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау – сіз бен біздің парызымыз. Еліміздің болашағы жарқын болсын десек, өзгерісті әр адам алдымен өзінен бастаған ләзім. Бүгінгі ұрпақ заманауи Қазақстанның жылнамасы қалай басталғанын білсе, елімізден жырақтамай, оны өркендету үшін атсалысады деген ойдамын.
Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ,
Qazaq Aqbas республикалық палатасының төрағасы