Белгілі жазушы, қазақ журналистикасына сүбелі үлес қосқан Шерхан Мұртазаның: «Шөп екеш шөп те еркіндікті аңсайды. Қалың қара асфальттің өзін тесіп шыққан қияқ шөпті көріп жүрміз ғой. Сол аңсау. Күннің көзін аңсау. Ал сонда қандай халық тәуелсіз болуды аңсамайды? Кім өз еркімен құлдықта, езгіде жүргісі келеді? Әлдебір мәңгүрттер болмаса, ондай халық та, ондай адам да жоқ» деп толғанатыны бар.
Рас, тәуелсіздікті жылдар емес, ғасырлар бойы аңсадық. Қияқ шөптің қара асфальтті жарып шыққанындай, қазақ халқы да қиын-қыстау кезеңдерден жанын жалдап өтіп, ұрпағын тәрбиелеп, азаттық сәулесі нұрын шашқан бейбіт заманға да жетті.
Қай заманды алсақ та қазақ азаттықты аңсаумен өтті. Рас, хандық құрып, өз алдымызға бөлек ел болған кездеріміз де бар. Бірақ ол кездер әр кез тарих беттерінде жаулаушылық соғыстарымен, қанды шайқастарымен бедерленіп тұр. Геосаяси тұрғыдан да қолайсыз орналасуымыз – екі алып империя – Ресей мен Қытайдың қақ ортасында орналасуымыз біздің бейбіт күнге жету мүмкіндігімізді күн сайын кеміте бергені де өтірік емес. Тәуелсіздік үшін болған күрес жылдарында Алаш кезеңін ерекше бөле-жара қарасақ болады. Бәлкім, Алашорда қайраткерлерінің қарымды еңбегі, ұлт үшін жанын бәйгеге тіккен бірбеткей ерлігі болмағанда бүгінгі күнге жету-жетпеуіміз де неғайбіл еді. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та айырықша атап өтеді.
Алаш мұраты мен тәуелсіздік мұраты бір-бірімен ұштасып жатыр. Алашордашылардың бар концепциясы Тәуелсіздік еді. Тек ол заманда егеменді ел болуға еш мүмкіндік болған жоқ. Жаратқанның өзі солай үйлестіріп тұрған сияқты. Қазақтың санасы мен рухын бір сынақтан өткізіп алып, гендік-рухани жад арқылы кейінге ұрпаққа беріп, сол ұрпақ 1991 жылы бабалар аманатын ұшпаққа шығарғандай көрінеді. Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышпаев, Халел-Жаһанша Досмұхамедовтар, Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов, Әлімхан Ермеков, Барлыбек Сыртанов, Санжар Асфендияров сияқты тау тұлғалардың қай-қайсының да тағдыр жолын алып қарасақ, ұлы күреспен өткенін аңғарамыз. Олардың ешбірі де жеке басының қамын күйттеп көрген емес. Тағдырын елдің келешегімен байланыстырды. Өздері білім мен ғылымның тереңінен қанып ішіп, сол білгендерін елге бергісі келді. Ғылым-білімді түсіндірудің жүйесін негіздеп, қайтсем халықтың сауатын ашамын деп жанталасты. Сол істері нәтижесіз де болған жоқ. Қазіргі қазақ жастары сол азаматтардың үмітін ақтап жатыр. Еліміздің білім жүйесі саннан сапаға көшіп, дамудың сара жолына түсті. Ағылшын тілін меңгерген саналы жастар еңбек нарығын жандандырып отыр. Біз де тәуелсіз елдің тұғыры берік болуы жолында еңбек етіп келеміз. Тәрбиелеп, оқытқан шәкірттеріміз қазір түрлі салада білікті маманға айналды. Ағылшын тілі аса қажетті тілге айналған заманда сол тілдің үйретушісі, ұстазы болғанымызға, заманға, қазаққа қажетті сапалы мамандарды тәрбиелеп жатқанымызға іштей қуанамыз. Осы қуаныш, осы көңіл бізді алға жетелей түседі.
Тәуелсіздікті сақтап тұру – оны алудан да асқан ерлік. Сақтау үшін бізге қуатты экономика, таусылмайтын өндіріс көзі керек-ақ. Отыз жыл ішінде біраз шаруаны еңсердік. Өзіндік экономикалық саясатымызды да қалыптастырдық. Әлі де бір қайнауы кем жұмыстар да жоқ емес. Ондай кезде тағы да айналып кеп Алаш идеясына жүгінеміз. Мәселен, Әлихан Бөкейханның «Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек! деп айтуы әсте тегін емес. Қайраткер өз жазбаларында қазақ топырағында өндірілген бір уыс жүн сол елдің адамдарының үстіне киім болып қонуы керек деп айтады. Яғни сол кезден бастап-ақ олар экономикалық дербестікті көксеген. Қазақ өзі өндіріп, өзі тұтынып отырар мамыражай шақ туса деп арман еткен.
Тағы бірде олардың дегдар кемеңгерлігіне куә боласың. Қазақ даласында білім мен ғылымның шырақшысындай болған Мұхаметжан Тынышпаев пен Халел Досмұхамедов сол заманда «Ақмоланы қазаққа астана етеміз» деп іргелі идея көтерген екен. Әлбетте, қиын-қыстау заманда ол ойлары жүзеге асқан жоқ. Елдің шаңырағын көтеріп, астанасын сайламақ тұрмақ, айналасы аз жыл ішінде өз басын алып жүрудің өзі мұңға айналды. Бірақ ұрпақ бар да ұлы мақсат түбі орындалады екен. Араға ғасырға жуық уақыт салып қазақ елі егемендік алды. Шекарасын бүтіндеді. Төл теңгесін айналымға енгізді. Халықаралық ұйымдарға мүше болып, жаһандық сауда-саттыққа араласты. Халықтың көзі ашылып, енді өз елім, өз жерім үшін деп еңбек қыла бастады. Сөйтіп, ес жиып, етек жинай бастаған шақта Нұрсұлтан Әбішұлы астананы Алматыдан Ақмолаға көшірді. Бастапқыда көпшілік бұл шешімге күмәнмен қарағанымен, кейін оның дәл уақтылы әрі әділетті шешім болғанына көз жеткізді. Осылайша, Алашорда азаматтарының аяулы арманы да айнымай келді. Адалынан орындалды.
Қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев билік сабақтастығын сәтті жалғастырып, егемен елімізді үлкен белестерге бастап келеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастық түгел мойындаған, әлемдік аренада беделі бар, Орталық Азияның анық лидеріне айналған біртұтас һәм қуатты елге айналды. Ендігі меже – бұдан да биік – түрлі геосаяси жағдайлар кезінде тәуелсіздікті сақтау әрі оның мәні мен маңызын арттыру, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету. Тәуелсіздік тудырған тағылым да сол.
Толқын ҚОҢЫРБЕКОВА,
Ақсәуле ҚАЙБҰЛДАЕВА,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың Филология факультеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушылары