Алайда Ойыл өзенінің бүгінгі мүшкіл жағдайы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен, тіпті Үкіметтің тарапынан шұғыл шараларды қолға алуды талап етеді.
Бұл өзен Ақтөбе мен Атырау облысындағы төрт ауданның аумағымен өтеді. Ұзындығы – 800 шақырым. Қызылқоға ауданында тұратын табиғат жанашыры Есенбай Нұровтың айтуынша, өзеннің су жинау алабы 31,5 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал ені 14-80 метр аралығында, тереңдігі 0,5-3,0 метр, ағысының жылдамдығы 0,2 м/с-қа дейін. Ойыл өзеніне 60-тан астам ірі және ұсақ өзен құяды. Негізгі салалары – Ащыойыл, Кенжалы, Қиыл, Қайыңды, Қуырдақты, Шилі, Жарлы, Қайыңды, Бабатай, Құмды, Шығырлықұмды және басқалары. Дегенмен соңғы жылдары өзен арнасына су келмеген. Бұған заңсыз салынған бөгеттердің кері әсері тиіп отыр.
«Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы А.Кимнің табиғат жанашырына жолдаған мәліметіне сүйенсек, былтыр су ағынына тексеру жүргізіліпті. Сол кезде өзеннің ең терең тұсы – 7, орташа тереңдігі 3-5 метр екені анықталған. Ал Ойыл ауылының тұсындағы орташа тереңдігі 0,5-1 метрге жетіп, күрделі ахуал қалыптасқан.
Осыған орай Қызылқоға ауданының табиғат жанашырлары бұрынғы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың атына арнайы хат жолдап, заңсыз салынған бөгеттерді бұзуға ықпал етуді сұраған еді. Осы хатқа министрдің бұрынғы орынбасары Сергей Громов «Ойыл өзенінің көпжылдық су ағынының жылдық орташа көрсеткіші – 127,0 млн текше метр. «Қазгидромет» РМК Ақтөбе филиалының деректері бойынша, өзеннің Ойыл ауылы тұсындағы бес жылдық су ағыны төмендегідей: 2016 жылғы су ағыны – 360 мың текше метр (бұл қалыпты норманың 2,8 пайызы), 2017 жылғы су ағыны – 190 текше метр (1,5 пайыз), 2018 жылғы су ағыны – 118 мың текше метр (0,9 пайыз), 2019 жылғы су ағыны – 18,3 мың текше метр (0,01 пайыз) болса, 2020 жылы су тасқыны мүлдем болған жоқ. Бұл осылай қайталана берсе, алдағы жылдары өзеннің кеуіп кету қаупі бар» деп жауап берген.
Соңғы бірнеше жылдан бері Ойыл өзеніне төнген қауіптің алдын алу үшін шырылдап жүрген табиғат жанашыры Е.Нұровтың айтуынша, өзенге құятын салаларда 57 гидротехникалық құрылыс бар. Бұған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетовтің төрағалығымен мамыр айының ортасында Ойыл, Қиыл өзендерін тексерген жұмысшы тобы да көз жеткізді. Оның ішінде иесіз 34 бөгет пен 5 көпір-өткел анықталған. 7 бұлақты тазарту қажет, 8 бөгет республикалық меншікке алынса, 3 бөгет коммуналдық меншікке тіркеліпті.
– Министрліктің тарапынан заңсыз бөгеттерді бұзу туралы тапсырма берілген еді. Алайда екі бөгетке су реттегіш салу туралы ұсыныспен келіспейміз. Қазір министрліктің берген тапсырмасын орындауға Ақтөбе облысының әкімдігі құлықсыздық танытып отыр. Іс-шара жоспарына сәйкес бөгеттер мен көпірлерді бұзу, өзен арналарын, бұлақтарды тазалау жұмыстары қыркүйек-қараша айларында жүргізілуі тиіс болатын. Осы кезге дейін 6 бөгет бұзылды. Егер бөгеттерді бұзу мәселесі сағыздай созылып, «қыс түсті, жер қатты» деген желеумен келесі жылға қалатын болса, сотқа жүгінуімізге тура келеді, – дейді Е.Нұров.
Екі өңірге ортақ Ойыл өзеніне қатысты түйінді мәселеге Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов та алаңдаушылығын білдірді. Осыған байланысты ол Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, Атырау облысындағы шағын өзендер тобына кіретін Ойыл өзенінің төменгі сағасы құрғап жатқанын тілге тиек етті.
– Ойыл өзені арнасының құрғауына байланысты тұщы судың жерасты көздері бітеліп, жарамсыз күйге түсуде. Флора мен фауна тозуға ұшырап, жайылымдық жерлердің жойылып кету қаупі туындады. Осының салдарынан Атырау облысының бірқатар ауданында қиын жағдай орын алды. Мәселен, Қызылқоға ауданының 8 ауылдық округі су тапшылығын бастан өткеріп отыр. Бұл аудан Тайсойған құм массивінің бір жерасты тұщы су көзінен қамтамасыз етіледі. Оның қоры түгесіліп жатыр. Жақын арада мұндай ахуал ауданның 18 мыңнан астам тұрғынын көшіру қажеттілігіне әкелуі мүмкін, – дейді Д.Тұрғанов.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, Жем, Ойыл және Сағыз өзендеріндегі су көлемі азаюының негізгі себептерінің бірі – жүйесіз және заңсыз салынған қорғау бөгеттері. Бұл бөгеттердің көпшілігі су шаруашылығы нысаны ретінде ресми тіркеуден өтпеген. Жергілікті атқарушы органдар әлі күнге дейін осы проблемаларды шешу жөнінде жеткілікті шаралар қолданбай отыр.
– Министрліктің су ресурстары комитетінің деректеріне сәйкес, елімізде 6 960 гидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде
5 751-і – республикалық меншікте, коммуналдық меншікте – 980, жеке меншікте 229 нысан бар. Ал 10 гидротехикалық құрылыстың иесі жоқ. Бұған қоса, 9 су қоймасы, 1 тоған, 10 бөгет, 1 бөгет, 10 су торабы және 2 156 каналдың жағдайы қанағаттанарлықсыз деңгейде, яғни жөндеуді талап етеді. Демек, мемлекеттік органдарда істің нақты мән-жайы туралы ақпарат жоқ. Гидротехникалық құрылыс-жайлардың іс жүзіндегі есебін жүргізбейді. Осы мәселені ретке келтіру үшін тиісті шаралар қабылдамайды. Мұның бәрі халықтың наразылығын тудырып отыр, – деп есептейді Д.Тұрғанов.
Депутаттың айтуына қарағанда, жерасты суларының артық қорын пайдалану, анықтау және растау, өздігінен ағатын ұңғымаларды жою мәселесіне қатысты немқұрайлық байқалады. Қазір еліміздегі 4 286 су көзі орнында 2 мыңнан астам апатты ұңғымадан су далаға ағып жатыр. Мәселен, 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасын бағалау жөніндегі есеп комитетінің мәліметінше, 2015 жылдан бері іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу функциясы жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген екен. Бірақ 2020 жылға дейінгі іс-шараларды іске асыру мониторингін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырыпты. Енді былтырдан бері іздестіру-барлау жұмыстары жөніндегі іс-шараларды «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына енгізбеу себебінен мемлекеттік органдар тарапынан бақылау мен үйлестіру жүзеге асырылмай қалған. Осының нәтижесінде сумен жабдықтау саласында мемлекеттік реттеу мәселесі келісілмеген. Бұл ортақ мақсатқа қол жеткізуге қатысатын мемлекеттік органдар (ЭГТРМ, ИИДМ, ҰЭМ, Еңбекмині және жергілікті атқарушы органдар) арасында орталықтандырылған үйлестірудің, мониторинг пен бақылаудың, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және өкілеттіктерді бөлудің болмауына әкеп соғады. Осылайша, 2012-2019 жылдары іздестіру-барлау жұмыстары, сондай-ақ жете барлау бойынша жоспар тиісінше 86% және 91%-ға ғана орындалыпты.
– Мемлекеттік органдар іс-әрекеттерінің мұндай сәйкессіздігі мен тиімсіздігі халық үшін де, жалпы ел экономикасы үшін де жойқын салдарларға алып келуі мүмкін. Сондықтан іздестіру-барлау жұмыстары мәселелеріндегі іс-қимылдарды бақылау және үйлестіру жөніндегі мемлекеттік органды айқындау қажет, – деп тұжырым жасап отыр Д.Тұрғанов.
Осы орайда депутаттың Үкіметке жолдаған бірнеше ұсынысы бар. Біріншіден, Сағыз, Ойыл, Жем секілді шағын өзендерін сақтау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленуі керек. Екіншіден, жергілікті органдарға Бас прокуратураның заңсыз салынған бөгеттерді жою жөніндегі нұсқауын орындауды және бөгеттер мен су қоймаларын есепке алу мен салуды одан әрі ретке келтіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған жөн. Үшіншіден, ірі жерасты су көздері бар Атырау облысындағы «Тайсойған» полигоны жерінің бір бөлігін мемлекет иелігінен алу жөнінде шаралар қабылдануы қажет. Төртіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу үшін тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды жөндеу мен өздігінен ағатын ұңғымаларды жоюды іске асыруға тиіс.
Түйіндей айтқанда, Қызылқоға ауданының тұрғындарын алаңдатқан Ойыл өзенінің бүгінгі аянышты ахуалы Үкіметті ойландыруға тиіс.