Қазақстан • 09 Желтоқсан, 2021

Алға жетелеген асыл мұрат

4278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың ұшқан құстың қанаты талатын кең далаға ұқсас дарқан пейіліндей, жері де – ұлан-ғайыр. Ел ертеңін ойлаған батыр бабаларымыз жерімізді де, қойнауындағы шикізаттық мол байлықты да көзінің қарашығындай қорғап, бүгінгі тәуелсіздікті нығайтқан ұрпағына аманаттауды көздеді. Алайда КСРО аталған алып одақтың боданында болған кезеңде тәуелсіздік туралы ойламақ түгілі, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың өзі мұңға айналды. Оның үстіне қазақ жерінен тонналап өндірілген мұнай да, зауыт-фабрикалардан шығарылған сан алуан өнім де Одақтың ортақ қазаны үшін қыр асқаны ұмытылған жоқ. Қазір соның бәрі көрген түс секілді.

Алға жетелеген асыл мұрат

Барша адамзатты жаратқан тәңірдің қазақ халқына ерекше сыйы бар екен. Ел несібесі тәуел­сіздігімізбен еселене түсті. Әрине, егемендіктің елең-алаңын­дағы қиындықты еңсеру оңай бола қойған жоқ. Өйткені өз дербестігіне қол жеткізген талай ел осындай жолдан өткенін кәрі тарихтың шежірелі бетінен білеміз. Сол кезеңде зауыт-фабрикалар бірінен кейін бірі жұмысын тоқтатып, кәсіпорындардың дені жұмысшыларына жалақыны тауып бере алмады. Бейнетке толы еңбегінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлердің зейнет­­ақысы мен көпбалалы аналар­дың жәрдемақысы да айлап қолға тимеді. Қазақ­стан Респуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев ел сенімін ақтау үшін тәуел­сіздіктің алғашқы күнінен эко­н­о­микалық һәм саяси рефор­маларды іске асыруды қолға ал­ды. Тәуел­сіз еліміздің мемлекет­тік рәміз­дері – Елтаңбасы мен Әнұра­ны, көк байрағы мен Ата Заңы қабылданды. Отандық эко­номиканы еңселендіру үшін шетел­­дің алпауыт компанияларын ша­қырып, инвестиция салу­ға илан­дырды. Тіпті кейбірін қолы­нан жетелегендей етіп, елге әкелді.

Экономикасы мен демократиясы қанат жайып, әлемдік өр­кениеттің биігіне өрлеген ел­дермен, ежелден көршілік хақы бұзылмаған мемлекеттермен іскерлік, әріптестік, ын­тымақтастық байланыс орнатты. Шарболаттай шыңдалған шекарашыларымыз кірпік ілмей, күні-түні күзететін шекарамыз шегенделді. Сан алуан өнімді өз елімізде өндірудің қамы­мен за­уыт-фабрикалар мен кә­сіп­орындар, онда сан мың­да­ған жұмыс орны ашылды. Алыс аудандардағы ауыл адам­дары­ның әлеуметтік тұрмысын жақ­сарту үшін мектептер мен бала­бақ­шалар, ауруханалар, өзге ны­сандар бой көтерді. Шаһар мен ша­һарларды, ауыл мен ауылдар­ды жалғаған тақтайдай тегіс жолдар салынды. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті кәсіп етіп, табыс табуға ынта танытқандарға қолдау көрсетілді. Қалаларда көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, табиғи газбен, электрмен, сумен жабдықтау үшін жаңа желілер тартылды. «Теңіз», «Қашаған» секілді әлем­де теңдесі жоқ кен орындары игерілді. Қара теңіз жағалауын­дағы айлаққа тікелей құбырмен мұнай тасымалдау басталды. Отандық эко­но­миканың бар саласына, әсіресе ауыл шаруашылығына жан бітіп, тамырына қан жүгірді. Қазір өрісте отар-отар қой өріп, үйір-үйір жылқы жайылады.

Сарыарқаның төрінде еңселі елорда қанат жайды. Шығыс пен Ба­тыстың ең көркем архитек­ту­ра­лары өзара үйлесім тап­қан, өзіміз қызығып, жаһан жұр­ты тамсанып, тіпті қызғанып қарай­тын Нұр-Сұлтандай жаңа дәуір шаһары елдің де, қазақтың да абыройын асырып, мерейін тасытты. Елорданың төрінде талай жұрттың басы қосылған саммиттер мен форумдар, ЭКСПО-ның көрмесі өтті. Дәл осы қаланың әуежайынан әлемнің төрт бұры­шы­на, еліміздің әр өңірі­не заманауи ұшақтар ұшады. Сол ұшақ­­тармен еліміздің мыңда­ған өрені «Болашақ» бағдарлама­сымен шетелдің танымал уни­вер­ситеттерінде ілім-білімін жетіл­діру үшін жолға шықты.

Мұның бәрі тәуелсіздікті тұ­ғыр­лы етіп, бодандықтың қа­мы­тынан босаған тәуелсіз елдің еңсесін тіктеудің қамы болатын. Тыңнан түрен салғандай, саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартумен бірге, ел тарихы мен әдебиетіне, мәдениеті мен өнеріне, ұлт келешегінің ертеңін ойлап, жанқиярлық іс-әрекетке барғаны үшін сотталып, атылып кеткен Алаш арыстарына қатысты деректердің ақтаңдақ беттері ашылды. Ғылымның «инемен құдық қазғандай» қиын жолына бет бұрған ғалымдарға қолдау көрсетіліп, ұлт тарихын қайта жаңғырту үшін архивтерде шаң басқан деректерге іргелі зерттеулер жүргізілді.

«Egemen Qazaqstan» газетін­де жарияланған Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Тәуелсіздік тағылы­мы» атты мақаласын оқып отыр­ғанда, отыз жылда тәуелсіз Қазақ­станы­мыздың қаз тұрып, қалыптасу, шыңдалып, шыңға өрлеу кезеңі ойға оралды. Тәуелсіздікті тұ­ғыр­лы етіп, Қазақстандай еңсе­лі елді, қазақтай қайсар ұлтты әлемге танытудың бастауында сенім білдірген елін асыл мұрат­пен алға жетелеген Тұңғыш Пре­зи­дент – Елбасы тұрғаны, бар­ша қазақстандықтың баянды бола­шағы үшін ерен еңбек сіңір­гені даусыз. Ендігі тілегіміз – баһа­дүр бабаларымыз бен Алаш арыс­тары­ның түн ұйқысын төрт бө­ліп, аңсары мен арманына айнал­ған тәуелсіздігімізді баянды ету.

 

Илья ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері

Атырау облысы