Экономика • 09 Желтоқсан, 2021

Экономиканың қалпына келу қарқыны жеделдеді

321 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қарашадағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Сондай-ақ әдеттегідей елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай сөз болды.

Экономиканың қалпына келу қарқыны жеделдеді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жеті өңірдің көрсеткіші жоғары

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерға­лиевтің баяндауынша, қаңтар-қараша аралығында Қазақстан эконо­ми­касының өсу қарқыны 3,8%-ға дейін жеделдеген. Есепті кезеңде қызмет көр­сету сек­то­рын­да­ғы өсімнің жыл­дамдауы, нақты сек­тор­дағы өсу қарқынының тұрақ­ты­лы­ғы, сау­да балансының ны­ғаюы, өнді­ру­­ші емес секторлардағы жо­ғары инвес­ти­циялық белсенділік бай­қалып отыр.

– Осы жылдың қаңтар-қара­ша­сында нақ­ты сектордағы өсім 2,9%-ды құрады. Қыз­мет көрсету саласында іскерлік бел­сен­ділік 3,9%-ға дейін өсті. Салалар ара­сында ақпарат және байланыс, сауда, су­мен жабдықтау, құ­ры­лыс, электрмен жаб­­дықтау, өң­деу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетті. Ішкі және сыртқы ин­вес­­­тицияларды тарту экономикалық өсу­­дің маңызды факторы болып отыр. Бұл ретте өндіруші емес салалар инвести­ция­лар үшін тартымды бағыт саналады. Осы жылдың 11 айында негізгі капи­тал­ға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,6%-ды құрады, – деді Ә.Ерғалиев. 

Сондай-ақ өткен 11 айдың қорытын­ды­сы бойынша құрылыс саласы жо­ғары қарқынын сақ­тап, орындалған құ­рылыс жұмыс­та­рының көлемі 6,2%-ға өскен. Көр­сеткіштің оң өсімі 15 өңір­де тіркелген. Құ­рылыс-монтаж жұ­­­мыс­тарының ең жо­ғары өсуі Ал­маты қаласында, Маң­ғыс­тау және Ақмола облыстарында бай­қа­лып отыр.

– Тұрғын үйді пайдалануға бе­ру бо­йын­­ша оң динамика сақ­­талуда. Есепті ке­зең­де 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй пай­да­ла­ну­ға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,6%-ды құрады. Оң динамика 15 өңір бойынша тіркелді. Ауыл шаруа­­шы­лығ­ындағы өндіріс 2,5%-ға төмендеді,  – деді ол.

66 млрд теңге игерілмеген

Қаржы министрі Ерұлан Жа­мау­­баев­тың ай­туынша, 11 ай­дың қоры­тындысы бойын­ша мем­ле­кеттік бюджетке 10 трлн 179 млрд теңге кіріс түскен. Жоспар 103,6%-ға орындалды. Рес­пуб­ли­ка­­лық бюд­жетке 6,7 трлн теңге түс­кен.

– Жалпы кірістер бойынша жос­пар 109 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде са­лықтар – 51 млрд тең­ге­ге, салық­тық емес түсімдер 54 млрд теңгеге атқарылды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сома­лары кор­по­ра­тив­тік табыс са­лы­ғы­на, шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажға және пайдалы қазбаларды өндіруге са­лы­натын са­лыққа тиесілі, – деді Е.Жамаубаев.

Ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмаған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда осы жылғы 11 айда қосылған құн салығын қайтару со­ма­сының 340 млрд теңгеге немесе 62%-ға ұл­ғаюына байланысты.

– Жергілікті бюджеттердің кіріс­те­рі 107,5%-ға атқарылып, 3,5 трлн тең­гені құрады. Жоспар 243 млрд тең­­геге, оның ішінде са­лық бойынша 202 млрд теңгеге асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыс­тары 97,5%-ға, республикалық бюд­жеттің шы­ғыстары 99,4%-ға, жер­гі­лікті бюд­­жет­тердің шығыстары 95,8%-ға ат­қа­­рылды. Республикалық бюд­­жет бойынша шығыстар 13 трлн тең­ге­ні құрады. Атқарылмау 81 млрд тең­ге­ге тең, оның ішінде 15 млрд теңге үнем­дел­ді. Игерілмегені – 66 млрд теңге. Иге­рілмеген ірі сомалар Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Индус­­трия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы және Ішкi iстер минис­тр­лік­те­ріне тие­сілі. Бұған негізінен қата­рын­да нақ­ты көрсетілген қыз­мет­тер көлемі үшін ақы төлеу, орын­дал­ған жұмыстар акті­ле­рін, шот-фактураларды уақтылы ұсын­бау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу себеп болған, – деді ол.

Министрдің айтуынша, жер­гі­лікті бюд­жеттердің шығыс­та­ры 8 трлн теңгені құ­рады. Биыл өңірлерге 2,5 трлн теңге сома­­сында ны­саналы трансферттер көз­дел­ген. 1 қарашадағы жағдай бо­­йынша оларға 2 трлн 157 млрд теңге бө­лін­ген. Оның 94,2%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 124 млрд теңге, оның ішінде үнемделгені – 21 млрд теңге. Ең көп игерілмеу Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Батыс Қазақ­стан, Түркістан облыстарында және Ал­ма­ты қаласында қалыптасқан.

Үкімет басшысы Қазақстан эконо­ми­касы пандемия жағдайына сәтті бейім­дел­генін және сенімді өсім қарқынын көр­сетіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ өңірлердің жыл соңына дейін әлеуметтік-эко­номикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Омикрон» штамы анықталған жоқ

Елдегі санитарлық-эпи­де­мия­лық жағдай тура­лы баяндаған Ден­сау­лық сақтау ми­нис­трі Алексей Цойдың айтуын­­­­ша, әлемдік рейтингте 1 млн тұр­ғынға шаққанда Қа­зақстан сырқаттанушылық бойынша 108-орында, өлім-жітім бойын­ша 222 ел ішінде 102-орында тұр. Рес­публикада оң ПТР тестімен коронавирус инфекциясының 977 714 жағдайы және теріс ПТР тестімен 83 209 жағдай тір­кел­ген. Науқастардың 95%-дан астамы сауығып шықты. Бүгінгі таңда Ақмола об­лысы ғана «қызыл аймақта» тұр. 5 өңір – «сары аймақта», 11 өңір «жасыл аймақта» орналасқан.

Министрдің айтуынша, әлемде қалып­тас­қан эпидемиялық жағдай­ды ескере отырып, Иммундау жө­нін­дегі ұлттық кон­сультативтік комиссия ха­лықты ревак­циналау тактикасын қайта қараған. Осы­лайша, 8 желтоқсаннан бас­тап 6 айдан кейін вакциналауды екі дозамен аяқтаған барлық адам, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар ревакциналанады. Бүгінде ревакциналаумен 44 702 адам қамтылған.

–Министрлік коронавирус инфек­ция­­сы штамдарының ай­на­лымдағы нұсқа­ла­ры­на тұрақты негізде мониторинг жа­сай­ды. Алматы қаласында коро­на­ви­рус­тың «Омикрон» штамының нұс­қа­сына тән мутацияның болуына алдын ала ПТР скринингі жүр­гізілді. «Омикрон» штамы нұс­қа­сының айналымы анықталған жоқ. Барлық өңірде алынған оң сынамалардың үлгі­лерін толық геномдық секвенирлеу жұмыстары жалғасуда, – деді ол.

Үкімет басшысы Асқар Мамин вакциналау қарқыны төмен Маң­ғыс­тау, Қостанай және Батыс Қа­зақ­стан облыс­тарында халықты вакциналаумен және ревакциналаумен қамтуды ұлғайтуды тапсырды. Премьер-Министр шетелде вирустың жаңа штамының таралуын ескере отырып, елге сырттан келетін адамдарға мемлекеттік шекарада күшейтілген бақылау жасауды жалғастыруды тапсырды.