Менің еңбек жолым сонау тың игеру жылдары басталды. 1956 жылдан бастап тыңгер жастармен қоян-қолтық араластым. Қыста совхоздың малын бағып, жазда трактор тізгініне отырдым. Онан кейінгі жылдары әр түрлі жауапты қызметтер атқардым. Елбасының мақаласын оқып отырып, өзім куә болған мына бір жай есіме оралды.
Елбасы сонау тоқсаныншы жылдары, алғашқы Президент сайлауы қарсаңында біздің өңірге келіп, облыс активімен кездескені есімде. Сол жиында Нұрсұлтан Назарбаев мінберге шығып ұзақ сөйледі. Бір аңғарғаным, оның ел жағдайына жете қанықтығы. Алда талай ауыртпалықтар күтіп тұрғанын, алайда ол сыннан өте алмаған халықтың болашағы бұлыңғыр болатынын айта келіп, халыққа қиындықтан шығу жолдарын түсіндірді. «Тәуелсіз мемлекет құру бұрын-соңды біздің тәжірибемізде болған жоқ. Бірақ дана халқымызда «Шешінген судан тайынбайды» деген нақыл бар, біз қазір кеңестің көнерген шапанын иығымыздан ысырып тастап, тәуелсіздік деген алып мұхиттың жағасында тұрмыз. Ол мұхит сырттай сұлу көрінгенімен, ел болып ескегімізді тең еспесек, қауіпті ауыр толқындары түпсіз тұңғиығына тартып әкетуі мүмкін. Сондықтан, ең бірінші бірлік, содан кейін тірлік керек», дегені жадымда жатталып қалыпты.
Нұрсұлтан Назарбаев сөзін аяқтап болған соң, залдан көптеген сұрақтар түсті. Соның бәріне табан астында, қысқа да, нұсқа көңілге қонымды жауап беріп жатты. Ол кез желтоқсан оқиғасынан кейін біздің бас көтере алмай жүрген кезіміз еді. Сол жерде отырған Сағындық Орынтаев жолдасым екеуміз өзге тілді аудиторияны әп-сәтте баурап алған бауырымызға керемет риза болып, төбеміз көкке жеткендей болды. Осыдан кейін-ақ, ел тізгіні нағыз лайықты тұлғаның қолында екеніне күмәнім қалмады. Мен өз басым сол аласапыран заманда саяси аренада Нұрсұлтан сияқты батыл қимылдайтын, жігерлі қазақтың болғанын тағдырдың бізге жасаған ең үлкен сыйы деп білемін.
Мұны айтып отырған себебім, Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында айшық тапқан кесек ойлар мен бүгінде еліміз бағындырған биік белестердің көбі сол жиында алда орындалатын мақсаттар, жүзеге асырылатын жоспар-міндеттер ретінде айтылды. Мақаланы оқып отырып, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің келешек даму бағытын осыдан отыз жыл бұрын айқындап қойған екен ғой деген ойға қалдым. Сол мінберде айтылған ауыртпалықтарды бүгінде бірлік пен табандылықтың арқасында түгелдей еңсеріп, кемел келешекке ұмтылған тәуелсіздігі баянды елге айналдық. Сондықтан Тұңғыш Президенттің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай айтқан тағылым-өсиетін Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ – жастар жадына тоқып, өнеге алуы керек деп білемін.
Мырзағали ҚҰРМАНОВ,
зейнеткер
Қостанай облысы,
Тобыл қаласы