Тәуелсіздік бізге керемет мүмкіндіктер ала келді. Соның бірі – шетелде білім алуға жағдай жасау, талаптанған жастарды қолдау. Өзім де осы «Болашақ» бағдарламасының жемісін көрдім. Ұлыбританиядағы Уорик университетінде «Білім беру жөніндегі көшбасшылық және менеджмент» бойынша магистратурада білім алдым. Мен секілді мыңдаған замандасымның әлемнің әр қиырынан сапалы білімді туған жерге экспорттап, елге еңбек етіп жатқанын тәуелсіздіктің зор табысы деп айтар едім.
«Болашақ» бағдарламасы – әлемде баламасы жоқ жетекші стартаптардың бірі. Сондай тың бастаманың жемісіне айналғаныма қуаныштымын. Еліміз бізге салған инвестиция арқылы тәуелсіздікті нығайта түсетінімізге сенемін. Қазір «Болашақ» түлектері өңірлердің әлеуетін арттыруға еңбек етіп жатыр. Мен де қазіргі таңда ауылдық жердегі орта білім сапасын арттыру мақсатында Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы Қособа мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде жұмыс істеп жүрмін.
«Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан шықсын» демекші, осы азат күннің таңын көріп отырған барлық отандасымды тәуелсіздікті сақтап қалу жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.
Жансұлтан НҰРМҰХАНОВ,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қособа
мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры
Батыс Қазақстан облысы