Қоғам • 13 Желтоқсан, 2021

Жандарбек Мәлібеков жеке құжаттарын ұлттық архив қорына тапсырды

835 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков жеке қоры ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жандарбек Мәлібеков жеке құжаттарын ұлттық архив қорына тапсырды

Мұнда Егемен елдің Елтаңбасын жасаған автор Жандарбек Мәлібекұлындай тау Тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығы, тың туындыларының түпнұсқа жобалары, қолжазбалары мен сүбелі сұхбаттары, жарияланған еңбектері, фото-бейне материалдары секілді барлық құжаттары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Ұлттық архивтің 15 жылдығы қарсаңында сақтауға алынды.

Салтанатты шараға мемлекет қайраткері, құжаттанушы Жақыпов Мірболат Хабиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, жазушы, драматург, журналист, тарихшы, филолог-ғалым Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Қошқарұлы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Байқоңыр Ижанұлы, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Жандос Болдықов сынды белгілі тұлғалар қатысты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы Ұлттық архивтің жеке тектік қорына қабылданған Жандарбек Мәлібекұлының құнды құжаттары мен қолжазба-сызбаларының қаншалықты маңызды екенін айта келіп, Елтаңба авторының үлгі боларлық бастамасына алғысын білдірді.

«Мемлекетіміздің Елтаңбасының авторы ретінде ғана емес, көптеген елдердегі сәулетті ғимараттардың архитекторы ретінде, қазақ халқының сан ғасырлық сәулет өнерін бойына сіңірген дара тұлға ретіндегі сіздің құнды жазбаларыңыз бен эскиздеріңіз Ұлттық архив қорында келешек ұрпаққа аманат ретінде сақталатын болады», деді С. Есімсейітқызы.

Жандарбек Мәлібекұлы Ұлттық архив ұжымына алғысын білдіріп, көзінің қарашығындай сақтап келген дүниесін келешек ұрпаққа жеткізер деген үлкен сеніммен табыстап отырғанын айтты.

«Ертеңгі тарихты сақтайтын архив. Сондықтан ел ағалары ертеңгі ұрпаққа үлгі болатындай құнды дүниелерін архив қоймаларына табыс етуді қолға алу керек», деді.

Сонымен қатар Ұлттық архивтің директоры Сағила Нұрлановаға алғыс ретінде өз жобасымен құйылып әзірленген, Елтаңба пішініндегі әшекей бойтұмарды сыйлады.

Мәңгілік елдің қоржынында мәңгілікке сақтауға алынған бұл алтын қор болашақ ұрпақтың отансүйгіштігі мен ұлтжандылығын оятатын, маңдайында жарқыраған айбыны болып тұрған Елтаңбаның қалай барлыққа келіп, ұлт рухын көтеру мен әлем алдындағы абыройын асқақтатып тұрғандығын зерттеп, сезініп және мақтан тұтуына бұйырған теңдесі жоқ сыбаға деп білеміз.