Тәуелсіздік таңы «Теңіз» тереңіндегі телегейді ел игіліне жаратуға ықпал етті. Дәлірек айтқанда, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кен орнын игеруге инвестор тарту үшін «Шеврон» компаниясымен тікелей келісім жүргізді. Әлемдік мұнай нарығында көшбасшы атанған алпауыт – дербес ел ретінде жаһанға таныла қоймаған Қазақстанның экономикасына инвестиция салуға тәуекел еткен тұңғыш компания. Сөйтіп, 1993 жылғы 6 сәуірде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. Осылайша, тереңінде телегей «қара алтыны» бар «Теңіз» кен орнын игеру басталды.
Компанияның бас директоры Кевин Лайонның мәліметіне сүйенсек, «Теңіз» кенішіндегі барланған мұнай қоры 3,2 млрд тонна (25,5 млрд баррель) болса, ал Королев кен алаңында 200 млн тонна (1,6 млрд баррель) шамасында «қара алтын» бар. Аталған кен орындарынан алынатын көмірсутекті шикізаттың көлемі 890 млн-нан 1,37 млрд тоннаны (7,1-10,9 млрд баррель) құрап отыр. Тағы бір дерек, «Теңіз» коллекторының ені – 20 (12 миль), ұзындығы – 21 шақырым (13 миль). Қазір кен орындарын игеріп жатқан «Теңізшевройл» акцияларының 50 пайызына «Шеврон» иелік етеді. Ал «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» – 25%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЛукАрко» компаниясының 5% үлесі бар.
– «Теңіз» кен орнында 1993 жылы шамамен 1 млн тонна мұнай өндірілді. Ал 2020 жылдың соңына таман өнім өндірудің жылдық көлемі 26,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл Қазақстанда өндірілген мұнай көлемінің шамамен 35 пайызын құрайды. Компанияның бұл табысы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен акционерлердің, жергілікті атқарушы органдар мен қызметкерлеріміздің қолдауынсыз мүмкін болмас еді. Енді, міне, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толар қарсаңда «Теңіз» кенішінен өндірілген мұнай көлемі 500 млн тоннаға жетті, – деп мәлім етті Кевин Лайон.
Бас директордың орынбасары Айбек Қрамбаевтың айтуынша, «Теңіз» кенішінің игерілуі тәуелсіз Қазақстанның жаһандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі ірі елдер қатарынан табылуына ықпал етті. Осы кезге дейін компания қазақстандық кәсіпорындарға 158 млрд доллардан астам тікелей төлем, жергілікті тауарлар мен қызмет түрлеріне 39,3 млрд-тан астам доллар аударған.
– Компания 28 жылдың ішінде Қазақстан аумағында 310 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға атсалысты. Ал 2000 жылдан бері қоршаған ортаны қорғау шараларына 3 млрд доллардан астам, оның ішінде парникті газды қоса алғанда, жалпы шығарындыларды азайту жобаларына 1,5 млрд доллар көлемінде қаражат салды. Осы кезеңде атмосфераға жіберілетін шығарындылардың жалпы көлемі 71 пайызға төмендеп, 2017 жылдан бері алауда газ жағу 67,8 пайызға қысқарды, – дейді А.Қрамбаев.
Қазір кен орнында жалпы құны 45 млрд долларды құрайтын екі жоба іске асырылып жатыр. Оның бірі – Келешек кеңею, екіншісі – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы. Кен орында 2023 жылы іске қосылатын бұл жобаларға 300-ге жуық қазақстандық компания мердігерлікке тартылды. Былтыр жобаға қажетті 408 модульді жеткізудің үш жылдық бағдарламасы сәтті аяқталды. Әрқайсысының салмағы 500-ден 1 800 тоннаға жететін модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалып, Ресейдің ішкі су жолымен Каспий теңізі жағалауындағы Прорва түбегінде салынған жүк түсіру терминалына тасымалданды. Барлық модульдік жүктің жалпы салмағы 280 мың метрикалық тонна құрады.
Жұмыстың үдемелі кезінде 120-дан астам кеме пайдаланылды. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылып, кейбірі осы жоба үшін арнайы жаңғыртудан өткізілген. Қазақстандық «ҚазМорТрансФлот» компаниясы Каспий теңізіндегі тасымалды жүзеге асырды. Кемелер Қазақстан мен басқа нүктелер арасында 140 мың шақырымнан астам қашықтықты жүзіп өтті. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі – «Теңіз» кен орны маңындағы Прорва түбегі. Мұнда модульдік жүкті қабылдау, одан әрі тасымалдау үшін салынған жаңа бағыт түзілді. Прорва түбегінде ұзындығы 71 шақырымды құрайтын теңізге кіру арнасы, жүк түсіру, сақтау қондырғылары мен кірме жол бар. Халықаралық сипаттағы бұл жобалар іске қосылғанда «Теңіз» кенішіндегі шикі мұнай өндіру көлемі жылына шамамен 12 млн тоннаға артып, жылына 39 млн тоннаға жетеді. Жобаның алғашқысы өндіріс қуатын арттыруға бағытталса, екіншісі кен орнындағы алты кешенді технологиялық желіден құралған зауыттардың толыққанды жұмысын қамтамасыз ететіні көзделіп отыр.
– Біздің басты ұстанатын мақсатымыз – өндірістің қауіпсіздігі. Осы мақсатта жаңа технологиялар енгізілді. Бұрғылау, өндірістік операциялар, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және басқа салаларда жұмыс істейтін жергілікті қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға инвестиция салынды, – дейді бас директор Кевин Лайон.
Атырау облысы