Өнер • 16 Желтоқсан, 2021

Геральдика – халықты біріктіруші фактор

516 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздық желі ескен мына сөздерін тағы бір еске түсірейікші: «Әрқашан мемлекет туы жауға аттанған ерлердің қолында асқақ желбіреп бара жатады. Жеңімпаздар сол туды тізе бүккен дұшпан жеріне қадайды. Біз бір кездері құрамында болған Кеңес Одағының туы Рейхстагқа тігілгенін білеміз. Біздің ата-бабаларымыз да бір тудың астында жеңіске жетіп, Ұлы даланы сақтап қалды. Біз – солардың бүгінгі мирасқор жалғастырушыларымыз. Бір тудың астында Ұлы дала төсінде жеңіспен қарыштап қадам басып келеміз. Осы уақыт ішінде Қазақстанды бір ту астындағы біртұтас халық ете алдық. Біздің ту жолақ емес, бір түсті. Мұны бірліктің символы ретінде мен ұсындым. Ұлы дала көгінде алтын күн жарқырайды, бұл – ата-бабаларымыздың ақыл-ойының жемісі. Қыранның біздің даланы шарлап жүргені – халқымыздың биік рухы мен ұлы болашаққа бағыт алғанының белгісі».

Геральдика – халықты біріктіруші фактор

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Елтаңба, Ту, Ән­ұран – Тәуелсіздігіміздің басты құн­ды­лықтарының көрінісі, бейбіт­ші­ліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз халқымыздың мүддесін қор­ғай­тын күшті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жетеміз», деген сөздері тәуелсіздігіміздің абыройын ас­пандатып, мәртебесін асқақтата түсері және шындық.

Геральдика саласы мемлекеттің әрбір аза­матының дініне, тіліне, басқа да ерек­ше­ліктеріне қарамастан, бәрінің көңі­лі­нен шығатын ашық демократиялық сипатта болып келеді. Бірақ соған қарап, бұл нәрсе тұзы жеңіл, оп-оңай екен деп қарауға болмайды. Бір ғана бейнелеу өне­рін­дегі импрессионизм, соның ізін ала пайда болған фовизм, пуантилизм, футуризм ағымдары геральдика саласына да елеулі ықпалын тигізіп отырды. Осыған қарап, оның қаншалықты күрделі екеніне көз жеткізуге болады.

Әлем халықтарының мерекелері ке­зін­дегі өрнектер немесе көз үйренген кә­дімгі киімдегі түрлі ою-нақыштардың өзі геральдикаға тікелей қатысты. Архео­лог­тер қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған баға жетпес жәдігерлерінің біраз бөлігін нумизматика, сфрагис­тика, фа­леристика саласына тиесілі деп бөл­ге­ні­мен, олардың бәрінің түбі ге­раль­ди­каға тиесілі екенін біледі.

Ұлтымыздың мақтанышы Қаныш Сәтбаев өз еңбегінде былай деп жазыпты: «Таңбалы тас – Қазақ халқының ең ал­ғашқы мемлекетінің іргетасын қалап жат­қандағы жазып қалдырған Дала Кон­ституциясы». Ұлан-байтақ қазақ дала­сы­ның әр түкпірінен табылып жатқан бағ­зы дәуір тарихы жәдігерлерінің бәрінде таза геральдикалық сипат бар әрі ол құндылықтар бүгінгі ғасырда елі­міздің әлемге таңдай қақтырған бренді­не айналып отыр. Ал академик Әлкей Марғұлан көне деректерге сүйене оты­рып, «Пайзалардың қол­данылуы ғұн­дар дәуірінен бас­тау алады», деп түйін жа­­са­ған. Есік, Берел, Шілікті, Са­рай­­­шық­тан табылған дүниелердің кез кел­­генін алсаңыз да, дүниетанымдық, фи­ло­софиялық мәні жөнінен терең өнер туындысы ретінде шексіз көркем әрі гео­мет­­риялық мінсіз формасы бар таң­ға­жа­йып символдар.

Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киіміндегі барыс бейнесін дәл сондай етіп ойластыру, барыстың жон арқасын 180 градус қайқайта бұрап отырып әдемі қиюластыру, соншалықты шеберлікпен стилизация жасай білу – оқыған-тоқығаны көп, академия мен уни­верситет бітірген бүгінгі заман сурет­ші­лерінің де қолынан келе бермейтін биік өнер, дегдар шеберлік. Қалайша сүй­сін­бессің! Мұзарт шыңды мекендейтін епті аңның адам сенбес ширақ қимылын, шек­тен тыс батылдығын, сесі мен сұсын, айла­керлігін, бәрі-бәрін стильдік тұр­ғыдан тама­ша әрі дәл бейнелей білген ғой.

Тәуелсіздік таңымен бірге қазақ топы­ра­ғындағы геральдика саласы қайта тү­ле­ді. Тұңғыш рет мемлекеттік рәміздер бойынша мемлекеттік басқару органы пайда болды. Бұл сала бойынша әртүрлі деңгейдегі ғылыми мақалалар, нақты тәжірибелік тың ізденістер пайда болды.

Елбасының 2011 жылғы 30 қыр­күйек­тегі «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де награ­да­ла­ры­ның Мемлекеттік рә­міз­дері мен геральдикасы мәселелері тура­лы» №155 Жар­лығына сәйкес геральдика өз алдына дербес сала болып құрылды. Әйтсе де, соңғы жылдары осы бағытта нақты жұ­мыс істейтін арнайы бір орталық ашу қа­жет­тігі туралы арагідік сөз айтылып жүр­ген-ді.

Үкіметтің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен ел халқын бірлікке үн­дейтін, барша қазақстандықтың мем­лекет құраушы ұлттың тарихын, ға­сыр­лар бойы қалыптасқан болмысын, өмірлік ұстанымдарын құрметтеуге ша­қы­ратын «Геральдикалық зерттеулер ор­талығы» республикалық мемлекеттік меке­месі құрылды. Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжат­та­маны басқару комитеті жанындағы жаңа Орталыққа жеке және заңды тұл­ға­лардың мемлекеттік рәміздерге құр­мет­пен қарауды қалыптастыру және ведомств­о­лық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру міндеті жүктелді.

Тәуелсіз Қазақстанның әрбір аза­ма­ты­ның туған Отанға, кең-байтақ елге деген шексіз құрметі, ең алдымен, мем­лекеттік рәміздерді кие тұтып, қас­тер­­леуінен бас­тау алады. Осы ретте мем­­лекеттік рә­міз­­дердің насихаты Орта­лық­тың басты мін­­деті болмақ. Ал бұл өз кезегінде тың із­деніс пен сонылықты талап ететіні сөзсіз.

Заңмен көзделген ведомстволық наградаларды сипаттауға қойылатын бірыңғай та­лаптарды әзірлеу де күн тәртібінде тұр­ған мәселе. Жұмыс тәжірибемде осы мәсе­­лелермен бұрын да айналысқан адам ретінде басын ашып айта кететін бір мәселе: кей ретте мекеме беделі мен сала қызметкерлерінің мәртебесін көте­ре­міз деген желеумен ведомстволық наг­радалар дайындау кезінде жөнсіз қайта­лау­шылыққа ұрынып, қолданыстағы ресми марапаттарға көлеңке түсіріп алатын жағдай ұшырасып жатады. Қоғамдық ұйымдарды қоспағанда, күні бүгін мем­ле­кеттік органдардың ведомстволық наг­радаларының жалпы саны екі жүзге жетіп­ті. Мұның сыртында жаңадан құ­рыл­ған мемлекеттік органдар тарапы­нан қосымша ұсыныстар барын тағы ескеру керек.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік рәміздер мен гераль­дикалық белгілерді қолдану мен наси­хат­тау тұрғысында консультациялық және әдістемелік көмек көрсету – жұмы­сы­мыздың басты бағыттарының бірі. Бұл ретте еліміздегі маңдайалды мамандармен тығыз байланыс орнатып, архив, музей қызметінің, кітапхана ісінің көмегіне жүгінудің және мемлекеттік рәміздерді, геральдикалық белгілерді қолдану бойынша халықаралық тәжірибені зерделеудің маңызы зор.

Қазіргі қолданыстағы облыстар мен қалалардың, аудандар мен ауылдардың герб­теріне әдейілеп сараптама жасаға­ны­мызда көптеген проблеманың беті ашылды. Жергілікті билік өздері жасап, өзде­рі бекітіп жатқандықтан, әсіресе, аудандық, ауылдық гербтерде нендей фи­гура жоқ дейсіз, бәрі бар... Ешқандай шектеуі де, шеңбері де сызылмаған еркін композициялар, ұзынша төртбұрыш, квадрат, ұзын сопақ, жартылай дөңгелек қалқандары сияқты композициялар толып жатыр. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, осылардың жалпы сыртқы формасын бір ізге түсіру керек. Мемлекетіміздің бас гербінің барша элементтері бір дөңгелектің ішіне тоғысқан. Ал өз кезегінде ол дөңгелек бір кездегі елі мен жерін қорғаған қазақтың батырлары мен баһадүрлерінің дөңгелек қалқандарын еске түсіреді.

Жақында архив комитетімен бірлесіп әкімшілік-аумақтық бірлігі герб­терінің бейнесін сипаттау және пайдалану тәр­ті­бін айқындайтын әдістемелік нұс­қау­лық дайындадық. Нұсқаулық арқы­лы төмендегі жағдайға қол жеткіземіз деген үміттеміз. Біріншіден, «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару туралы» заңда қандай елді мекендердің мәр­те­бесі айқындалса, осы уақытқа дейін соның бәрінде герб жасау құқығы болған. Біз әкімшілік-аумақтық бірлік категориясы бойынша ауданнан төмен бармауды ұсындық. Сондай-ақ қала ішіндегі аудандардың да дербес өз гербі болмайды. Екіншіден, бұған дейін герб қал­қандарының бірыңғай формасы бекі­тіл­мегендіктен, түрлі гео­мет­рия­лық фи­гу­ра беталды қол­да­ны­ла береді екен. Бұл жағдай әлемдік тәжі­ри­беге сәй­кестендірілді. Үшіншіден, бояу тү­сін­де де бірізділік болмаған. Бұдан былай халықаралық стандарт бойынша геральдикалық жеті түс қана қол­данылады. Төртіншіден, тілдік жа­ғы­нан ала-құлалық жойылып, енді тек мемлекеттік тілде жазылады. Герб­тер мерейтойлық монетаға ұқсап кете­тін­дік­тен, сандардан мүлдем бас тарту ұсы­нылды. Бесіншіден, Қа­зақ­станның әкім­шілік-аумақтық бір­лі­гі гербінде ұрандар, даналық сөздер, поэ­ти­калық толғамдар болмауы керек. Алты Алашқа ортақ тұлғалардың бейнесін жергілікті деңгейге түсірмеу мақсатында жалпы адам бейнесін пайдаланудан бас тарттық.

Жаңа технология ғасыры өмірімізге көптеген жаңалық енгізіп жатыр. Тұр­мы­сымызға дендеп енген олармен бірге қаншама жаңа неологизмдер баса-көктеп кіруде. Соның бірі – геральдика саласы дер едім. Сынаптай сырғып, зулап жатқан уақыт ішінде тек осы саланың айналасында тілдік қорымызда бұрын-соңды болып көрмеген талай термин еріксіз айналымға түсіп үлгерді. Бәрін терминкомға артып қоймай, аударма мәселесіне аралассақ, тілдік қорымыздың алтын қоржынына үлкен олжа түсері сөзсіз.

Тамыры кәрі тарихтың терең қой­на­уында жатқан саланың Тәуелсіз­ді­гі­міздің 30 жылдығы аясында өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, ел кәдесіне асып жатқанында символдық нышан бар. Қазақ геральдикасы, сөз жоқ, қасиетті тәуелсіздіктің жемісі, ғасырлар бойғы ата-бабамызға арман болған азаттықтың ақиқатқа айналғандығының арқасында халқына қызмет жасау мүмкіндігіне ие болды.

Ісімізге ақ жол тілейік, ағайын!

 

Әлібек АСҚАР,

«Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры