Естеріңізде болса, сонау 90-жылдардың басында даралығы мен даналығы тең Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз қиын-қыстау сындарда да өзіміздің жауынгерлік даңқымызға дақ түсірмеген халықпыз» деген еді. Жалпы, «жауынгерлік» деген ұғымды кең мағынада түсінуіміз керек. Егер азаттық деген талап болмаса, елдің бақыты жолында маңдай тер төгілмесе, биылғы 30 жылдық торқалы тойы аталып өтіп жатқан Тәуелсіздік болар ма еді?
Жауапты жылдарда Елбасы: «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап алуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деп жазған еді. Бұл сөз бүгін де көкейкесті.
Жақында Нұрсұлтан Әбішұлы «Елдіктің жеті тұғыры» атты тамаша тұжырымдама жариялап, жас ұрпақты серпілтті. Мұның ең негізгі идеясы – жаңа Қазақстанның адаспас бағытын айқындау.
Елбасы билік сабақтастығына айрықша мән беріп, таяуда Nur Otan партиясы тізгінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеді.
Халықаралық деңгейдегі дипломат, Қазақстан мен әлемнің жауапты да лауазымды қызметтері мектебінен өткен Президентіміз халық үмітін ақтап келеді. Бұған заманауи бастамалары, пандемиядан кейінгі экономиканы жандандыруға билік пен барша әлеуметті сауатты жұмылдыруы дәлел болады.
Елімізде мұғалім, медицина қызметкерлерінің беделі көтеріліп келеді. Қоғамның әлеуметтік аз қорғалған мүшелеріне көмек қолын созу, зейнетақы қорын халықтың жеке әлеуметтік сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік туғызу, өңірлік қауіпсіздік мәселесін жүйелеу, т.б. қадау-қадау жұмыстар атқарылды. Халық Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазір той емес, ой жарыстыратын заман» деген ұсынысын жақсы қабылдады.
Былтырғы Әл-Фараби мен Абай мерейтойы, биылғы Жамбыл, Әлихан, Қажымұқан мерейтойлары осы ұстанымды басшылыққа алды.
Ал ғылымға келсек, ол – қоғамның темірқазығы. Инновация мен технологиялық жаңғырулар тек қана ғылымның арқасында жүзеге асады. Бұл ретте отандық ғылымға мемлекеттік қамқорлық пен мемлекетшіл жауапкершілік кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Білім және ғылым министрлігінің ғылыми грант санын көбейтіп, қомақты қаржысы бар «Үздік ғылыми қызметкер» байқауын жариялауы, іргелі ғылым саласы қызметкерлеріне базалық жалақы тағайындауы – маңызды бастамалар.
Президент Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты ұстанымы қоғамда оң бағаланып отыр. Қоғамдық қабылдаулар, түрлі бағыттағы БАҚ – осы пікірлердің айнасы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп, мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне қатысты елдік бастама көтерді. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасау, оның шешу жолдарын көрсету – Үкіметтің мойнындағы жауапты міндет.
Бүгінде жаңарған қоғам сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруді, бизнесті орайлы дамытуды, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуді, халықты әлеуметтік қолдауды барынша жетілдіруді, өңірлер арасындағы теңсіздікті жоюды талап етсе, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар бұл сұранысты кезең-кезеңімен шешетініне сенімдіміз.
Президент білім мен ғылым саласына мемлекет дамуындағы стратегиялық маңызға ие сала ретінде қарап отырғаны да орынды. Әсіресе білім жүйесіне кәсіптік бағдарлау саясатын енгізу, сол арқылы еңбек нарығы сұранысына бейімдеу – қазіргі уақыт талабы. Сондай-ақ Президент жас мамандарды ауылға жіберудің тетіктерін ойластыруды Үкіметке жүктеді. Жоғары оқу орындары жұмыс сапасы мен нәтижелілігі осымен өлшенетін кез де алыс емес деп ойлаймыз.
Осы жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған 10 Ұлттық жобадан келелі нәтиже күтеміз. Соның ішінде «Білімді ел – сапалы білім» мен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттың деңгейін көтеруге себепші болады деп үміттенемін.
Мысалы, географ-эколог ретінде бұл мамандықтың мәні дәл бүгін бұрынғыдан да өзекті деп санаймын. Ел мен жер тұтастығына, Қазақстанның төрт тарапының да нығаюына, шекарасының шегенделе түсуіне география ғылымы жауапты екенін жақсы түсінеміз. Осы бағытта шәкірттерімді жұмылдырып та жатырмын. Ал экологияға келсек, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының төбесінен түнерген бұлт, лас ауа бәрімізді қатты толғандырады. Әкімдіктер, тәртіп пен құқық қорғау органдары көліктен шығатын улы газдарды реттейтін қатаң ереже бекітпей болмайды. Оның орнына экологиялық таза көліктерді енгізу – қай жағынан да арзан және қайтарымы мол жоба. Сонымен бірге биылғы батыс өңірлеріндегі құрғақшылық мәселесі де қатты ойландырады.
Биылғы тәуелсіздіктің жөні бөлек. Отыз жыл – ордалы елдің айтарлықтай маңызды белесі. Аға буын жастардың тілегін тілеп, ақ батасын беріп отыруы – заңды құбылыс. Өмірде жақсылық пен қиындық қатар жүреді. Биыл қазан айының соңында жетпіс екі жыл қол ұстасып, білім саласы мамандарын тәрбиелеген, отандық әдебиеттану саласына өлшеусіз үлес қосқан жұбайым, академик Серік Қирабаев бақиға озды. Ол кісі әрдайым: «Білімді де білікті жастарға сену керек. Тәуелсіздікті баянды ететін – солар» деп, ізгі ниетін жеткізетін. Жаратқан 95 жыл ғұмыр бұйыртқан Серағаңның Қазақстанның келешегіне деген тілегі орындалатынына сенемін.
Тәуелсіздігіміз жемісті, ауыл-қаламыз келісті, ұрпағымыз өрісті болғай.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
ҰҒА академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері