Үкімет • 22 Желтоқсан, 2021

Асқар Мамин Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Асқар Мамин Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бойынша 2021 жылғы жұмыс қорытындылары шығарылды.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және өзгелер баяндама жасады.

Қазіргі уақытта Ұлт жоспарында көрсетілген 100 қадамның 76 қадамы іске асырылды: «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бағыты бойынша 15 қадамның 13-і, «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша 19 қадамның барлығы, «Индустрияландыру және экономикалық өсу» бағыты бойынша 50 қадамның 31-і, «Бірегейлік және бірлік» бағыты бойынша 6 қадамның 3-і, «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыты бойынша барлығы 10 қадам орындалды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформа аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың реформаларын толыққанды әрі сапалы жүзеге асыруға ерекше көңіл бөледі. Биыл едәуір жұмыс жүргізіліп, жақсы нәтижелерге қол жеткізілді», деді А. Мамин.

Премьер-Министр Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша одан әрі белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды. Денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ, бірінші кезекте экономиканың басым секторларындағы жаңа ірі жобаларға инвестиция тарту көлемін арттыру жөніндегі тармақтарға ерекше назар аударылды.

Отырыста геология және жер қойнауын пайдалану, медицина және фармацевтика, энергетика, цифрландыру және т. б. салалардағы Ұлт жоспарының қадамдарын келесі жылы іске асыруды көздейтін Ұлттық комиссияның 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.