Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты кеште сөйлеген сөзі
Осыдан он сегіз жыл бұрын Елбасы Жарлығымен енді ғана тәуелсіздік алған еліміздің Қарулы Күштері құрылды.
Бұл күн – Отан қорғаушылар күні, тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын, қорғаныс қабілетінің мықтылығын білдіретін тарихи күн.
Он сегіз жыл – жас мемлекеттің толыққанды әскерін құру үшін ұзақ уақыт емес. Осы қысқа мерзім ішінде Жоғарғы Бас қолбасшымыздың дана саясатының, халықтың өз еркіндігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуға деген ниетінің арқасында қазақ халқының тарихында тұңғыш рет тұрақты әскер құрылды. Ол егемен елімізбен бірге өсіп, заман талабына сай жарақтанып, бүгінде қазіргі заманның кез келген қауіп-қатеріне жауап беретін жинақы да ұтқыр армияға айналды.
Құрылған күнінен бері Қарулы Күштер талай жауапты жұмыстарды абыроймен орындап келеді.
Елбасы Қазақстан армиясын құруға тікелей басшылық жасап, үнемі қолдау көрсетеді.
Сол қолдаудың арқасында армиямызды дамыта отырып, біз оның күш-қуатын нығайтумен ғана шектелмей, әскерилердің әлеуметтік мәселесін де шешіп келеміз.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде Қазақстанның әскери қызметшілері әлеуметтік жағынан ең жақсы қорғалған болып саналады.
Отан қорғаушылар шеберліктерін жылдан жылға арттырып, әртүрлі халықаралық жаттығуларда жоғары жауынгерлік даярлықтарын көрсетуде. Мықты елдердің әскерлерімен тең екенін айғақтап, басымдықтарын дәлелдеуде.
Қазақстан халқы Қарулы Күштеріне сенеді және мақтан тұтады, өйткені армия – мемлекет қорғаны, бейбітшілік тірегі.
Ал өз Отанына, Елбасына адал қызмет ету – әрбір әскери қызметшінің қасиетті борышы.
Біздің армия Отанға, Елбасына адалдығын сақтай отырып, алға қойған тапсырмаларды орындауға әрқашан дайын деп сендіремін.
Бүгінгі мерекенің атауында “Отан” және “Қорғаушы” деген қатар тұрған екі сөз бар. Шынында да, бұл екі ұғым бір-бірінен ажырағысыз. Кез келген мемлекеттің тағдырын, әрбір халықтың тарихын ол Егемендік деп аталатын бөлінбейтін біртұтас ұғыммен байланыстырады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кез келген елдің егемендігі, ол экономикалық және саяси ғана емес, сонымен бірге, әскери әлеуетпен қамтамасыз етілгенде ғана нағыз егемендікке айналатынын өте дәл де ауқымды түрде бейнеледі.
Шынымен де, адамзат тарихы, тіпті, өзіміз қазір бастан өткеріп отырған таяу тарих та, өзге елдердегі жақында болған оқиғалар да кез келген ел армиясының, Қарулы Күштерінің тәуелсіздікті, мемлекеттілік пен конституциялық құрылысты қорғаудағы негізгі тірек екенін көрсетіп берді.
Сондықтан да ел Президентінің 1992 жылдың 7 мамырында “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы” Жарлыққа қол қоюы жаңа Қазақстанның мемлекеттілігін ресімдеудегі өзекті саты болды деп айтуға болады.
Қазақстандық армия қандай болуы керек? Ол үшін не істеу қажет? Адамдардың өз армиясына сенуі үшін не істеу керек? Офицерлердің, барлық әскери қызметшілердің бойында Отанға қалтқысыз қызмет ету мемлекеттің тағы да қажетіне айналып отырғандығына деген сенімді қалай жаңғырту керек? Жаңа мемлекеттің қорғаныс жүйесінің негізіне қандай идеялар алынуы тиіс?
Осы сауалдарға дұрыс жауап беру үшін сол сәтте қалыптасқан ахуалды жақсы аңғарып қана қоймай, сонымен бірге, Қазақстанның өзге мемлекеттер қауымдастығындағы ертеңін және одан арғы күнін де алдын ала айқын көріп, әлемдік тарихтың, саясаттың дамуының басты жүйесін сезіне білу қажет.
Қандай да бір мемлекеттік институттың заңгерлік мекемесінен ойға алғанды жүзеге асыруға дейінгі аралық әдеттегідей, зор көлемді қашықтық. Армияға келер болсақ, оның жаңадан құрылып жатқан былайғы институттарға қарағанда өзінің ұйымдық құрылымы болмағандықтан, оны нөлден, таза парақтан бастауға тура келді.
Ол кездері ел басшылығына мейлінше қысқа мерзімдерде мемлекеттік органды тағайындау, ел дамуының жаңа экономикалық және саяси моделін құру, күн сайын энергетикадағы, қазақстандықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемалары мен басқа да мыңдаған аса маңызды мәселелерді шешу қажет болды. Ең соңында елдің жаңа басты қаласы – Астананы тұрғызу міндеті тұрды.
Бірақ мемлекет қауіпсіздігі, жаңа армия құру мәселелері сол ауқымды жұмыстарда басты басымдықтар қатарында болды.
Ант беру, жарғылар, Әскери доктрина, бүтіндей алғанда, идеология, қамтамасыз ету жүйесі, дербес инфрақұрылымды, әскери кадрлар даярлау базасын қалыптастыру, командалық құрамды тағайындау – осынау аса күрделі мәселелерді қазіргі заманғы көзқарастар мен ұзақ мерзімді перспективаларды ескере отырып шешу қажет еді.
Қазақстанда әскери құрылыста жеткілікті тәжірибесі бар әскери мамандар санының шектеулі болуы да алға қойған міндеттерге жетуді күрделендіре түсті. Сол уақыттарда Қазақстанда қызмет еткен генералдар мен офицерлерден шынайы патриоттар іріктеп алынып, тұңғыш әскери басшылық қалыптастырылды.
Олардың есімдері жақсы таныс. Қазақстан армиясының қалыптасуының бастауында тұрғандардың ішінен үш әскери қолбасшы біздің мемлекетіміздің жоғары наградасы – Халық Қаһарманы атағына ие болды. Олар алғашқы Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, әскери буын сабақтастығын бейнелеген, тағдыры аңызға айналған адам – армия генералы Нұрмағамбетов, сондай-ақ армия генералы Алтынбаев және генерал-лейтенант Ертаев.
Қарулы Күштердің құрамы мен құрылымын белгілеу барысында сыртқы саяси бағдарлармен жымдаса үйлесетін жеткілікті қорғаныс қабілеті негізге алынды.
Дәл сол күндері Мемлекет басшысы тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге, уақыт көрсеткендей, бүкіл әлем үшін де теңдесі жоқ, шынымен де дәуірлік қадамға барды – ол планетадағы ең ірі ядролық полигонды жабу туралы шешім қабылдап, ядролық арсеналдан бас тарту және ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылды.
Ядролық қарусызданудың жаһандық үдерісін дамытуға баға жетпес үлес қоса отырып Қазақстан бүкіл адамзатқа өзінің бейбітшілік пен тату көршілік қағидаларын берік ұстанатынын паш етті, аумақтық тұтастық пен егемендікке халықаралық кепілдік алды.
Таяуда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте сөз сөйлей отырып, Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша жаңа іс-қимыл бағдарламасын ұсынды.
Ол ядролық қаруды қандай да бір жағдайда таратпау және оны жою туралы жалпыға бірдей жаңа әмбебап келісім бекіту жөнінде әлемдік ауқымдағы бастама көтерді.
БҰҰ Бас хатшысының таяудағы Астанаға сапары халықаралық қоғамдастықтың біздің мемлекетіміз бен оның Көшбасшысына деген жоғары сенімін растады.
“Қазақстан ядролық қарусыздану саласында барынша көшбасшылық танытып отыр. 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы батыл шешім қабылдады. Бұл көрегендік қадам болды”, деп атап өтті Пан Ги Мун.
Осылайша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ біздің шекараларымыздың өн бойында қауіпсіздік белдігінің іргетасы қаланды, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің өңірлік негізі қалыптасты.
1993 жылы бірінші және 2000 жылы екінші Әскери доктринаның қабылдануы егемен Қазақстанның Қарулы Күштерін құрудағы сатылық кезеңдер болды.
Елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық базасы жасалды. Қарулы Күштердің офицерлік діңгегі қалыптасып, нығая түсті.
Бұл кезең біздің армиямыздың қазіргі заманғы жұмылғыш, пайда болған қатерлерге жауап беретіндей әскер құруды қарастыратын (осыған дейін де біздің Президентіміз атап айтқандай) Доктрина, Әскери реформа тұжырымдамасы және әскери құрылыстың мемлекеттік бағдарламасы негізінде бірқалыпты дамуының басталуымен сипатталады.
Бүгінде 2007 жылғы үшінші Доктринаға сәйкес біздің армия алдында жүйелі модернизациялау мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру міндеті тұр.
Қазіргі жағдайда Қарулы Күштердің әскери дайындығы мен қабілеттілігінің бірінші кезекте соғысты жүргізудің құралы ретінде емес, оның алдын алудың маңызды алғышарты ретіндегі маңызы жоғары.
Осыған байланысты, екпін Қарулы Күштердің сапалық параметрлерін жақсартуға түсіріліп отыр.
Бүгінгі кезеңде армияны қазіргі заманғы ұрыс жағдайларына барынша жақындату жүйесіне көшіруге әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Міне, сондықтан қазіргі таңда әскерлердің оқу-тәжірибесін жетілдірудің басты тетігі жедел әскери дайындықты орындау міндетін жүзеге асыру болып табылады.
Мәселен, өткен жылы түрлі қару-жарақтар мен техникалардан 12 мың ату үдерістері атқарылып, әскери мәшинелерді жүргізудің 2 700-ге жуық жаттығулары орындалды.
Әуе қорғанысы күштеріндегі ұшулардың жалпы уақыты 24 000-нан астам сағатты құраса, бір ұшқыштың орташа ұшу уақыты 78 сағатқа жетті.
Біздің бүгінгі шарамыздың ауқымын ескере келгенде, біз түсінікті жәйттерге байланысты цифрлар туралы көп әңгіме айта алмаймыз. Бірақ, тұтастай алғанда, жоғарыда аталған және басқа да көрсеткіштерге Қазақстан армиясы соңғы жылдары ғана қол жеткізді.
Кезінде Конфуцийдің өзі былай деген екен: “Соғысқа оқымаған, тәжірибесі жоқ адамдарды жіберу – оларды сатумен тең”.
Әскери дайындықты жақсартудың тиімді факторларының бірі ретінде жеке дайындықты ғана емес, бөлімшелердің біріккен іс-қимылдарында жалпыға ортақ үйлесімділікті қалыптастыратын заманалық тренажерлық кешендер белсенді енгізілуде.
Армияның бейбіт кезеңдердегі әскери дайындығы жаттығуларда шыңдалатыны белгілі. Соңғы кездері біздің әскерлеріміздің мүмкіндіктері мен олардың нақты ұрыс жағдайларына барынша жақындатылған уақыттардағы іс-қимылдарға дайындықтары түрлі ауқымдағы жаттығуларда ұдайы тексеріліп келеді. Олардың ішіндегі аса маңыздылары – “Әскери достастық”, “Әуе күштері”, “Дала қыраны”.
Өткен жылы ТМД-дағы аса ірі ауқымдағы жаттығулардың бірі – “Өзара іс-қимыл – 2009” жаттығулары өткізілді. Оларға әскерлердің барлық тектері мен түрлері, арнайы бөлімшелер мен құрамалар тартылды. Тұңғыш рет ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел іс-қимыл күштерінің басқару органдары мен бөлімшелері іске қосылды.
Бұл жаттығуларда қазақстандық әскери қызметшілер мен техникалар оның негізін ғана құрап қойған жоқ, өздерінің жоғары кәсіби дайындықтарын көрсете білді. Бұған жаттығуларға қатысқан ҰҚШҰ-ға мүше 6 мемлекет басшылары, қорғаныс ведомстволарының жетекшілері мен әскери мамандары нақпа-нақ көз жеткізді.
Біздің әскеріміз туралы жақында шетел сарапшылары берген қорытындыны көлденең тартсам деймін:
“Қазақстанның Қарулы Күштері бүгінде посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер әскерлерінің жетекші үштігіне кіреді және де Орталық Азия өңірінде үздігі болып табылады”.
Қазіргі кезде Қазақстан әскері, оның жүзеге асырылу үстіндегі үлгісі өзге мемлекеттердегі әскерлердің жақсы жақтарын алып жатқанын атап өткен жөн.
Әскери-техникалық әлеуетті арттыру біртұтас мемлекеттік, әскери-техникалық саясат аясында жүзеге асырылып жатқан басымдықтардың бірі ретінде қарастырылады.
Қазіргі кезде екпін әскери-әуе күштері мен жоғары дәлдіктегі қару-жарақтарға, әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге, өзге де жоғары технологиялық және ғылыми ауқымдағы желілерге түсіріліп отыр.
Қарулы Күштеріміздің алдына қорғаныстық-өндірістік кешенді қалыптастыруға бақылау жасау жолымен оларға барынша мол ықпал ету міндеті қойылған.
Тұтастай алғанда, әскер қазақстандық мазмұнның үлесін арттыратын болады. Ал бұл өз кезегінде елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың ажырағысыз бөлшегіне айналады.
Қазақстан армиясы экономиканың индустриялық секторы локомотивтерінің бірі болуға дайын және болады да.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында адам капиталын инвестициялауға ерекше назар аударылған. Қарулы Күштер үшін бұл бағытты мына міндеттер астарында қарастырған жөн:
біріншіден, әскери білім мен әскери ғылым жүйесін жетілдіру;
екіншіден, әлеуметтік қамсыздандыруды нығайту;
үшіншіден, идеологиялық жұмыстардың тиімді жүйелерін құру.
Қазіргі заманғы әскер құру – бұл техникалар мен қару-жарақтарды модернизациялау ғана емес, бірінші кезекте кәсіби армияның іргетасы – әскери кадрлардың жаңа генерациясын тәрбиелеу.
Әскердің кадрлық әлеуетін жетілдірудің бөлінбейтін бір бөлшегі әскери қызметтің беделін арттыру мен әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін көтеру болып табылады.
Осылайша ел басшылығы тәуелсіз Қазақстан армиясында қызмет ету қай жағынан алып қарағанда да мәртебелі болуы үшін бәрін де жасап жатыр деп айтуға толық негіз бар. Егер бұрындары жастар әскери қызметтен тайқып шығудың қандай да бір мүмкіндіктерін жиі іздестіріп келген болса, бүгінде жағдай мүлдем басқаша сипат алып отыр – еліміздің барлық өңірлеріндегі қорғаныс істері жөніндегі департаменттер іс жүзінде әскерде қызмет етуге тілек білдірушілерден аяқ алып жүре алмауда.
Біздің жастарымыз үшін әскер бүгінде қуатты адамгершілік және идеологиялық мектеп – аға ұрпақтың ерлік және өрлік дәстүрлеріне негізделген қазақстандық патриотизм мектебі ретінде көрінуде. Сондықтан жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу – баршамыз үшін маңызды да жауапты міндет.
Өткенге көз жүгіртсек, біздің Қарулы Күштеріміздің жыл өткен сайын дәйектілікпен дамығанын және нығайғанын көруге болады.
Әрине, олардың қалыптасуына көптеген офицерлер, генералдар мен жетекшілер, бүкіл Қазақстан қоғамы атсалысты.
Алайда, тәуелсіз Қазақстан әскері пайда болған алғашқы күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі оның қалыптасуының әр кезеңі, оның толысуы мен қуат алуының әр сәті, күрделі сынақтардың әр күні, табыстары мен қол жеткізген жетістіктерінің әр сәті – яғни, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің барлық өмірбаяны, оның әрбір алған асулары – біздің Президентіміз – Жоғарғы Бас қолбасшының атымен тікелей байланысты.
Бүгінде қазіргі Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушының жаңа Қазақстанның жаңа армиясын құрудағы көшбасшылық рөлі толық көлемінде көрінді деп нық сеніммен айта аламыз.
Біздің барлық армиямыз, барлық әскери қызметшілеріміз Жоғарғы Бас қолбасшының маңына конституциялық парызы үшін ғана емес, нағыз Қазақстан азаматы ретінде саналы да жеке таңдауы бойынша топтасып отыр. Бұл қай жерде және қай уақытта да өзінің басты міндеті – тіпті өзінің өмірін қию арқылы да Отанын, халқын, Президентін қорғау болып табылады.
Бүгін, Отан қорғаушылар күні Нұрсұлтан Әбішұлы әскери қызметшілерге жоғары әскери атақ, ардагерлерге мемлекеттік наградалар тапсырып тұрып былай деді: “Бұл мерекені біздің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында атап өтуіміздің өзіндік терең символикалық мәні бар”.
Аталарымыз бен әкелеріміздің өшпес ерлігі біздерді күшті де батыл болуға, ең қиын сынақтардың өзіне қасқайып қарсы тұрып, кез келген майдан мен ұрыстарда толық жеңіске жеткенше күресуге үндейді.
Жеңіс қашанда біздің Президентімізге оның барлық бастамаларында жолдас болсын, Жеңіс біздің халықтарымызды қуатты да өркендеген Қазақстан құру жолына жетелесін!
Отан қорғаушылар мерекесі, келе жатқан Ұлы Жеңіс күні құтты болсын, қымбатты достар!
Мерекеңізбен, Жоғарғы Бас қолбасшы!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, Елбасымыз жасасын!