Ол – республикада бірінші лектегі араб тілінің маманы, шығыстанушы ғалым. Ташкент мемлекеттік университетінде үздік оқып жүріп, 1963 жылы КСРО Жоғары білім министрлігі Дамаск университетіне оқуға бөлген жалғыз орынды Сайлау Батырша-ұлы жеңіп алып, Сирияда алғашқы кеңестік студент болды. Ағаның айтуынша, Ұлы даланың Әбу Насыр әл-Фараби және басқа да білім іздеген жастары Бағдатқа, Шамға барып оқып, ғылыммен айналысқан. Қазақ ауыз әдебиетінде, хиссаларда, халық ертегілерінде жиі айтылатын Шам – осы Дамаск шаһары. Сөйтіп, тағдыр Сайлау ағаны бұл қиянға салған жазмыш оны жерлесі, екінші Аристотель деп аталған ұлы ұстаз әл-Фараби ізімен Дамаскіге тегін жолын түсірмеген сияқты. Ол – кеңес заманында ұлы ғалым бабасының басына барып дұға оқыған алғашқы қазақ.
Халықаралық қарым-қатынас саласындағы алғашқы қадамын С.Батырша-ұлы 1964 жылы Қазақ шетелдермен достық және мәдени байланыстар қоғамының жауапты хатшысы ретінде бастады. 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Онда дипломатиялық қабілетін көрсете білді, көп шетелдің делегацияларын Алматыда қабылдап, оның ішінде Иран шахы Мохаммед Реза Пехлевимен кездесті. Ол 1967 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы жолдамасымен Мәскеудегі Кеңес Одағы Сыртқы істер министрлігінің Жоғары дипломатиялық мектебіне (бүгінде Дипломатиялық академияға) тыңдаушы ретінде қабылданды. Кеңестік кадр жүйесінде дипломатия саласындағы жауапты қызмет аз ұлттар өкілдеріне сирек бұйыратын. Нақтылай айтқанда, КСРО Сыртқы істер министрлігінің құрамында қазақ дипломаттары некен-саяқ, саусақпен санарлықтай болатын.
Жоғары дипломатиялық мектепті бітірген соң, С.Батырша-ұлын араб және француз тілдерінің маманы ретінде Алжир Республикасындағы Кеңес Одағы елшілігіне үшінші хатшы дипломатиялық қызметіне жібереді. Онда жас дипломат өз қызметін абыроймен атқара білді. Сондай-ақ ол Қазақстанның Алжирдегі мәдени күндерін өткізуге белсене қатысты. Делегация құрамында Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі К.Айманов, атақты әртістер Б.Төлегенова, Е.Хасанғалиев, Ә.Есқалиев т.б. өнер майталмандары болды. Қазақ өнерін араб жұртшылығына кеңінен таныстыруда С.Батырша-ұлы да өз үлесін қосты.
Дипломатиялық қызметпен қатар, Сәкең ғылыми жұмыспен де шұғылданды. 1973 жылы кандидаттық диссертациясын ол кезде жабық мекеме болған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында қорғады. 1993 жылы Плеханов атындағы халық шаруашылық институтында «Индустриализация экономики стран Северной Африки (Алжир, Египет, Ливия, Марокко, Тунис)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды.
Ол КСРО Сыртқы істер министрлігінің құрамына қайтып келіп, 1978-1981 жылдары аралығында Конгодағы Кеңес Одағы елшілігінің екінші хатшысы болды. Шетелдегі жауапты қызметтер оған әлемнің тынысын ұғынуға, өз елінің келешегін өзге елдермен салыстырып, дүниені тани білуге айқара жол ашты. Халықаралық тәжірибесі бар дипломат Кеңес Одағы ыдырағанда ғана еліміз дербестік алатынына көзі жетеді. С.Батырша-ұлы 1990 жылы 3 маусымда Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевпен кездеседі. Кеңес Одағы дағдарысты бастан кешіп отырғанын, ұлттық мүддені ойластыру керектігін білген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағын ойлап, дипломат С.Батырша-ұлына: «Бұндай жағдайда сыртқы саясаттағы тәжірибеңді есептеп сені Сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындаймын, харакет жаса», деп айтады.
1990-1993 жылдары Сәкең Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде Тәуелсіздік үшін белсенділік танытты және жас мемлекетті халықаралық аренаға шығаруда тиянақты да абыройлы еңбек етті.
Қазақ дипломатиясы 1990 жылы Мемлекеттің Егемендігі туралы декларацияны және Тәуелсіздік жариялау жөніндегі құжаттарды дайындауға зор үлестерін қосты. Сыртқы істер министрлігі бұл маңызды құжаттарға өз тарапынан «Қазақстанның шет елдермен саяси, сауда және мәдени байланыстар жасауына өзіндік құқығы бар әрі біздің ел дүниежүзіндегі қазақтардың атамекеніне оралуына жағдай жасайды» деген тармақты ұсынды. С.Батырша-ұлы Моңғолияға екі рет ресми сапармен барып, 50 мыңнан астам қазақтың тарихи Отанына оралуына қол ұшын беріп, мүмкіндік туғызды. Қазақ мемлекетін күшейтуге шеттегі қандастарымыздың оралуының стратегиялық маңызы зор екенін дипломат ерте түсінді.
Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ, 1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың шешімімен Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы С.Батырша-ұлы Сенегалдың астанасы Дакар қаласында Ислам конференциясы ұйымының саммитіне Қазақстанның атынан тұңғыш рет қатысады. Ал көрші төрт мұсылман Орталық Азия республикалары «Ислам» деген сөзден шошып, Сенегалдағы саммитке барудан бас тартты. Иран президенті Рафсанжани өзінің ұшағымен бірге Қазақстан өкілін Тегераннан Дакарға алып барады. Осы сәтті пайдаланып Сәкең оннан астам шетел делегация басшыларымен кездесіп, оларға Қазақстан туралы мәлімет береді және Президенттің Тәуелсіздік жариялау жөніндегі ойын жеткізеді. 1991 жылы 10 желтоқсан күні арнайы шақыру бойынша Сәкең және Әзербайжан делегациясының басшысы Аллахшүкүр Пашазаде Түркия президенті Тұрғыт Өзалмен кездескенде еуропа тілдерінде сөйлесуден бас тартып, ортақ қазақ-әзербайжан-түрік тілдерінде әңгіме болады. Біздің дипломаттан Президент Н.Назарбаевтың Тәуелсіздік алу туралы ойын естіген Т.Өзал қуанып, Түркия бірінші болып Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындайтынын айтты. Шынында да, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары республика тәуелсіздігін жариялаған соң, жарты сағаттың ішінде Анкарадан Түркия Республикасы Қазақ КСР-нің тәуелсіздігін мойындайтынын және дипломатиялық қатынас орнатуға даяр екенін мәлімдеді.
1991 жылы 16 желтоқсанда Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізіп, әлем елдерімен тең құқылы байланыс орнату дипломаттарға жүктелді. Жас мемлекетті әлемдік қоғамдастыққа мойындату және халықаралық ұйымдарға кіру міндетін Сыртқы істер министрі Т.Сүлейменов және оның орынбасары С.Батырша-ұлы ойдағыдай атқарды. Бұл – қазақ дипломатиясының ерекше сыналған кезі еді. Экономика тоқырауға түсті, кеңестік империядан қалған ядролық қару бар. Ескі жүйе келмеске кетіп, жаңа жүйе қалыптасуы оңай болған жоқ. Сыртқы істер министрлігінің құрамы шағын еді, шетелдік тәжірибесі, дипломатиялық дәрежесі бар адамдар аз болды. Сол себептен Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген бір топ қазақ дипломаты елге шақырылды. Олардың министрлік құрамын қалыптастырудағы еңбегін Сәкең жоғары бағалайды.
С.Батырша-ұлы бір сұхбатында бостандық жолы туралы былай дейді: «Қазақстанның сыртқы байланысын кеңейту үшін 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ, Мәскеумен санаспай АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкерді Алматыға шақырып, екі ел арасындағы экономикалық байланыс жасауға келісті».
Осы кездесуді жақсы ұйымдастырғаны үшін С.Батырша-ұлы АҚШ мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкерден алғыс хат алады. Бұл хатта Дж.Бейкер мырза Алматыға шұғыл сапарының ұйымдастырылуына министрдің міндетін атқарушы Сәкеңнің ерекше күш салып, нақты рөл атқарғанын әрі келіссөздің сәтті өтуіне қосқан үлесі үшін шынайы ризашылығын білдіреді.
Министрліктің басына келе салысымен Сәкең Қазақ КСР-нің БҰҰ-ға мүше болу мәселесін көтереді. Ол 1990 жылғы 6 қазанда «Ленинская смена» газетіне берген сұхбатында біздің республика БҰҰ-ға мүше болуға толық құқылы дегенді ашық айтады. Мысал ретінде БҰҰ-ға Ресей Федерациясы, Украина КСР-і, Белорусия КСР-і мүше болғанын келтіреді. Ал Одақ құрамында болған он бес республиканың барлығы Кеңес Одағын құру туралы шарт бойынша тең құқылы. Соған қарамастан газет редакторы күмән келтіріп: «Казахстан полноправный член ООН: фантазия или реальность?» деп Сыртқы істер министрінің орынбасарын «фантазер» деп жазды. Алайда дипломаттың айтқаны ақиқат болып, Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ-ға толық мүше болып кірді.
С.Батырша-ұлы 1991 жылы Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессия жұмысына КСРО делегациясы мүшесі ретінде қатысады. Ол БҰҰ қабырғасында еліміздің тәуелсіздігін көксеген сындарлы дипломатиялық әрекеттер жасады. С.Батырша-ұлы БҰҰ жанында тіркелген шетел тілшілеріне баспасөз конференциясын өткізеді. ТАСС тілшісі Евгений Менкес дипломаттан сұхбат алады. КСРО делегациясы мүшесі Сайлау аға БҰҰ қабырғасында Қазақстанның тәуелсіздігін алу және республиканың Ұйымға кіруі туралы мәселесін ашық көтереді. «Халықаралық құқыққа және Қазақ КСР Конституциясына және БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, Қазақстан егеменді мемлекет ретінде Ұйымның толық мүшесі болуына құқы бар және Қазақстан Мемлекеттік Егемендік туралы Декларациямен шектелмей толық тәуелсіздікке барады», деп тұңғыш рет батыл мәлімдеме жасады. Бұл сұхбат ТАСС арқылы бүкіл әлемге таралды. Негізінде ол Президент Н.Назарбаевтан Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алатыны, соған сай әрекет жасау туралы нұсқау алған болатын. БҰҰ-ға Кеңес Одағы атынан бара тұрып, оның биік мінберін пайдаланып Қазақстанның мүддесін көздеуі Сәкеңнің дипломатиялық өнердің шеберлігін жетік меңгергенін дәлелдеп берді.
Қазақ КСР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Кеңес Одағының БҰҰ-ға келген делегация мүшесі С.Батырша-ұлы арнайы Вашингтон қаласына барады. Оның себебі АҚШ Балтық жағалауы елдері, Кавказ, Украина республикаларының тәуелсіздігін қолдап отырды. Ал Қазақстанға келгенде АҚШ Мемлекеттік департаменті ешқандай пікір білдірмей отырған еді. АҚШ-тың Қазақстанға деген көзқарасын анықтау үшін министрдің орынбасары ресми түрде Вашингтондағы Кеңес Одағының елшілігінен нота жіберіп, Мемлекеттік департаменттің Орталық Азия республикаларымен шұғылданатын басқарма бастығының орынбасары Джонсонмен кездеседі. Америкалық дипломатқа біздің республика тәуелсіздігін жариялауға дайындалып жатыр, сондықтан АҚШ-тан Қазақстан Тәуелсіздігін қолдауды сұранады. Сонымен Сәкең АҚШ мемлекеттік департаментіне кіріп ресми келіссөз жүргізген бірінші қазақ болды. АҚШ-тың сыртқы саясатын қосымша қадағалайтын Конгресске де кіріп, конгрессмен Джонстонға Қазақстанның саясатын, Орталық Азиядағы оның геосаяси орнын толық түсіндіріп, қолдауды сұрайды. АҚШ-тың дипломаты мен конгрессмені жылы қабылдап, Қазақстанның жоспарын жоғары билікке жеткіземіз деп уәде берді. Соның нәтижесінде Алматыда бірінші болып АҚШ өз елшілігін ашты. Оның ресми ашылуын Сәкең өзі басқарды.
Тәуелсіз мемлекет жарияланған соң оны БҰҰ, басқа да халықаралық ұйымдар және шет мемлекеттер мойындауы керек. Президент бұл маңызды істі Сыртқы істер министрлігіне тапсырды. Соның нәтижесінде бір айдың ішінде Тәуелсіздігімізді 40 мемлекет, ал бір жылдың ішінде 100-ден аса ел мойындады.
Халықаралық жағдайды білмейтін кейбір журналистер, сарапшылар кеңестік империя ыдырап, оның құрамындағы елдер жеке-дара қалғанын «Тәуелсіздік бізге аспаннан түскен сый», «Егемендік оңай уысқа түсті» деп бұра тартқысы келеді. Дербестікке жету үшін ғасырлар бойы қаншама ұлт-азаттық күрес жүрді. Бабалардан мирасқа қалған атамекенді сақтап тұру үшін туған елді қорғауда талай боздақтардың қаны төгілді. XX ғасыр басында Алаш арыстары тәуелсіздік үшін күрессе, XX ғасырдың соңында бабалардың бостандық аңсаған ұлы рухын қазақтың өрімдей қыз-ұлдары 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде жаңғыртты. Дүниедегі теңдесі жоқ қуатты ұғым – Азаттық , Тәуелсіздік деп еңіреген ерлердің ерлігі, 1990-1991 жылдары патриоттық қоғамдық ұйымдар, партиялар күреске шықты, осылайша Тәуелсіздікке қол жетті. Тәуелсіздік жолында талмай тер төккен қазақ дипломатиясының еңбегін неге айтпасқа.
Орталық Азияда құрылған жаңа мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнату, сауда-экономикалық әріптестік, шекара мәселесін шешу проблемасы туындады. Сондықтан 1993 жылы Президент Жарлығымен Қазақстанның Өзбекстандағы тұңғыш Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне білікті дипломат С.Батырша-ұлы тағайындалды.
С.Батырша-ұлының айтуынша, Тәуелсіздік жариялаған соң Мәскеуден келген білікті дипломат Сәлім Құрманғожин және Бейжіңнен оралған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ КСР Сыртқы істер министрінің орынбасарлары болып тағайындалды. Олар 1992 жылы 2 шілдеде Сыртқы істер министрлігі туралы Үкіметтің жаңа қаулысын, елшілер, дипломаттар туралы заңнамалар, ережелер даярлауда және шетелдерде Қазақстан елшіліктерін ашуда қыруар іс атқарды.
С.Батырша-ұлы Өзбекстан Президенті Ислам Каримовке Сенім грамотасын қазақ тілінде сөйлеп, жазбаша да қазақ тілінде тапсырған бірінші елші болды. Сол кезден бастап біздің елшілер де дипломатия алаңында ана тілінде сөйлеуді үлгі тұтты.
Өзбекстанда елші болып қызмет атқарғанда Сайлау аға қазақ диаспорасымен байланысты күшейтті. Өзбекстанда қазақтың дарынды азаматтары көп болатын. Мысалға, осы елдегі қазақ зиялыларын, оқымыстыларын елге тартты. Олардың ішінде Өзбекстанға еңбек сіңірген архитектор, Қазақстанның Елтаңбасын жасаған Жандарбек Мәлібеков, Өзбекстанға еңбек сіңірген архитектор, қазақ халқының хандары, билері және батырларының алғашқы портреттерін салған суретші Ә.Бұхарбаев сынды тұлғалар болды. Қазір Ж.Мәлібеков Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия ұлттық университетінің профессоры, архитектура орталығының меңгерушісі болып істейді. Ә.Бұхарбаев бүгінде Алматы қаласының жанындағы Райымбек ауылында еңбек етуде. Оларға Қазақстан азаматтық паспортын қолдан тапсырған біздің кейіпкеріміз болды.
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын белгілеу күрделі де қиын мәселе болды. Елші шекараны бекітуде табандылық танытып, бұрынғы Черняевка, қазіргі «Жібек жолы» бекетіне барып, өз аяғымен шекараны түгел аралап шығып, Алматыға хабар жеткізіп отырды. Үкіметаралық делегация келіссөздер жүргізіп, екі жақ мәмілеге келіп, шекара бекіді.
Сайлау аға 1997-2002 жылдары Қазақстанның Израильдегі елшілігінің кеңесшісі және бір мезгілде Қазақстанның Палестинадағы арнаулы өкілі қызметін атқарды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хаттарын Палестина билігінің лидері Ясир Арафатқа тапсырып, біздің ел Палестина халқының бостандығын қолдайтынын жеткізді. 1999 жылы Нұрсұлтан Назарбаев екінші рет Палестинаға ресми сапарында Сайлау Батырша-ұлы кездесуді ұйымдастырды. Сол жылдарда Таяу Шығыста жұмыс істеу қауіп-қатерге толы екенін сезіне тұра тәжірибелі дипломат от пен оқтың ортасында жүріп ел мүддесін мүлтіксіз қорғады. Қанша қиын сәттер болса да, министрліктің тапсырмасын орындап, мәлімет жинады.
Дипломатиялық қызметпен қоса Сәкең ана тіліміз үшін де табанды күресіп келе жатқан азамат. Ол мемлекеттік тілді дипломатияға енгізуді қолға алады. Ол 2007 жылы сол кездегі Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің қабылдауына кіріп, қазақ тіліне қатысты келелі ұсыныстар жасайды. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде Сыртқы істер министрлігіне енгізуді, құжат айналымын, елшіліктерде нотаның қазақ тілінде жүргізілуін сұрайды. Оның бұл ұсынысын министр М.Тәжин оң қабылдап, содан бастап сыртқы әлеммен хат-хабар алысу сипаты ана тілімізде жүргізіледі. Бірнеше шет тілін білетін дипломаттар әуелі өз тілін құрметтеуі қажет. Сәкеңнің ұсынысымен дипломатиялық кәсіби мерекені атап өтуді сол кездегі Сыртқы істер министр М.Тәжин енгізді.
Бүгінде С.Батырша-ұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы. Ол халықаралық қатынастар саласы мамандарын даярлауға белсенді атсалысуда. Қазақ тілінде алғаш рет студенттер мен магистранттарға арналған «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» атты оқулық (2011 ж.) жазды. Тұңғыш рет БҰҰ-ның Жарғысын қазақ тіліне аударып шығарды. «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» эссе-диалог кітабының тұсаукесері 2017 жылы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының дипломатиясы: қалыптасуы, дамуы және перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның аясында өтті. Конференцияға қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко өз сөзінде С.Батырша-ұлы өзінің терең білімі мен жан-жақты біліктілігінің арқасында Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін нығайтуға еңбек сіңірді, еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуына зор үлес қосты, деп баға берді. Оның еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.
Елбасы Н. Назарбаев: «Сіз – қалтқысыз қажырлы еңбегі осындай берік іргеге өрілген өрелі жанның бірісіз. Осынау қиындығы көп жолда жанымда өздеріңіздей замандастарымның болғанын мен мақтан етемін», деп Сәкеңнің еңбегін атап өтті. Ал Президент Қ.Тоқаев: «Сіз, білікті дипломат ретінде Тәуелсіздік үшін еліміздің сыртқы саясатын сарабдал жүргізуге атсалысып, өзіңіздің айрықша қабілетіңізді толық көрсете білдіңіз. Кәсіби шеберлігіңіз, принципшілдігіңіз және табандылығыңыз тәрізді бірқатар қасиеттеріңіздің арқасында лайықты құрметке бөлендіңіз», деп жоғары бағалады.
Бүгінде ол жас буын дипломаттарға бағдар беріп, дәрістер оқып, ғылыми жетекшілік етеді. Сонымен қатар Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі, «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қоғамдық қорының төрағасы. Қазақтан шыққан белгілі тарихшы «Қадырғали би Жалайри» халықаралық қоры президентінің орынбасары. Сәкең Ресейдің Африка институтының қоғамдық кеңесінің мүшесі. Көптеген мемлекеттік, халықаралық, ведомстволық наградалармен марапатталған. Атап айтсақ, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, Нәзір Төреқұлов атындағы медальдың, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалінің иегері. Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Сәкеңді екі ел арасындағы достықты нығайтуға жасаған еңбегі үшін Өзбекстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен марапаттады.
Биыл еліміздің тәуелсіздігі жолында белсенді еңбек еткен көрнекті дипломат Сайлау Батырша-ұлының 80 жылдық мерейтойы. Оның өнегелі өмір жолына қарап жас ұрпақ рухтанып, үлгі алары сөзсіз.
Гүлсім ЕҢСЕПОВА