Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2021

Үш бірдей кәсіпорын іске қосылды

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі аясында Арқалық қаласында мал бордақылау кешені, элеватор және жем зауыты іске қосылды. Қаланың ғана емес, жалпы, Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін инвестициялық жобалардың ашылу рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келіп қатысты.

Үш бірдей кәсіпорын іске қосылды

Биыл жылдың басында шағын шаһардың маңайындағы кен қорының түгесілуіне байланысты 65 жыл бойы жұмыс істеп келген Торғай боксит кен басқармасы жабылғанда, Арқа­лықтың келешегіне күмәнмен қара­ған­дар да болған. Алайда өңдеу өнер­кәсібін дамытуға мықтап бет бұрған қалада бұрын-соңды болмаған көптеген тың жоба қолға алынды. Мал шаруа­шылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс ошақтары бірінен соң бірі ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Қала тұрғындарының біразы жаңа кәсіп түрлерін игерді. Осылайша, өнеркәсіпте қарқын алған қызу тіршілік көпшілік көңіліндегі күмәнді тез сейілтті.

Енді міне, «Арқалық Айдар» ЖШС мал бордақылау алаңын іске қосып отыр. 40 адамды жұмыспен қамтып отырған жаңа кешен «Торғай ет» ет өңдеу комбинатын шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Мұнда 1 мың ірі қара бордақыланады, ал келесі жылы оның үстіне тағы 2,5 мың бордақы мал қосылады деп жоспарланған. Жо­ба­ны жүзеге асыруға 2,7 млрд теңге жұм­салып отыр.

– Бұл енді мемлекеттің қолдауымен іске асырылып жатқан үлкен жоба. Бізде Арқалықта «Торғай ет» деген комбинат жұмыс істеп жатыр. Қазір шикізат тапшылығына байланысты бұл комбинат өзінің өндірістік қуатын толық пайдалана алмай отыр. Бордақылау алаңы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жасалып жатқан шар­уа. Биыл 1 мыңдай қой, 1 мыңдай сиыр әкелдік. Мұның сыртында, облыс тұр­ғындарынан жылқы, түйе сатып алып жатырмыз, – деді бордақылау алаңының меңгерушісі Қаратай Нұрманов.

Меңгерушінің айтуынша, мал шаруашылығы кешенінде төрт жабық қора бар. Мұнда тұратын малға азық беру, астын тазалау сияқты жұмыс­тар­дың бәрі арнайы техниканың көмегімен атқарылады. Мәселен, қорадағы мал­ың зәрі арнайы кәріз құбырлары арқылы ағып барып, сырттағы құдыққа жиналады. Құдықтағы сұйық кейін жер тыңайтуға пайдаланылады. Бордақы малдың тезегі де дәл осындай жолмен бір шұңқырға көміліп, бір жылдан соң, алқаптарға тыңайтқыш ретінде шашылады. Сонымен қатар, мұнда қолайлы күндері мал жайылатын жеті жазық албар, малшыларға арналған жеке ғимарат бар. Оның ішінде асхана, жуынатын бөлме, дәретхана, демалатын бөлме бар, малшының жағдайы жан-жақсы қарастырылған. Биыл әкімшілік ғимараттың құрылысын аяқ­тап үлгермеді. Ол ғимаратта келесі жылдан бастап ветеринариялық зертхана, бордақылау алаңына кіріп-шығатын малшылар мен мамандарды дезинфекциядан өткізетін бекет жұмыс істемек.

Облыс әкімінің қатысуымен ашыл­ған тағы бір кәсіпорын – 20 мың тон­наға дейін астық сақтайтын элеватор. Бұл жобаның құны 1,3 млрд теңгенің үстінде. Сондай-ақ Арқалықта сағатына 20 тонна құрама жем дайындап шығаратын жаңа зауыт жұмысын бастады. Құны 545,6 млн теңге болатын қуатты зауытта жылына 13 мың тоннадан астам жем өндірілмек.

– Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің негізінде жатыр. Соңғы 30 жыл ішінде Арқалықта халықтың әл-ауқатын жақ­сар­туға бағытталған көптеген жаңа нысандар іске қосылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында мұндай нысандардың ашылуы Арқа­лық­қа жаңа серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақ­сартады, – деді А.Мұхамбетов.

 

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы