Пікір • 10 Қаңтар, 2022

Басты мақсат - антитеррорлық қимылды ерте аяқтау

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әу баста ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін шақыру туралы шешім шыққанда, мұны қоғамда әртүрлі қабылдады. «Өзіміздің күштік құрылымдардың мүмкіндігі жетпей ме?», «шетелдік көмекке жүгінудің қаншалықты негізі бар?» деген секілді көзқарастар туындады. Оның үстіне, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің кейбіріне қатысты қоғамдағы пікір де шешімге күмәнмен қараушылар қатарын көбейткен.

Басты мақсат - антитеррорлық қимылды ерте аяқтау

Бірақ бұл қай жағынан алғанда да негізді шешім екенін уақыт көрсетіп отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл халықаралық шешімдер аясында қарастырылған. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі өзара көмек мақсатында құрылған. Яғни, әлдебір мүше мемлекетке іштен не сырттан қауіп төнгенде қалған одақтас елдер көмек береді, тығырықтан шығуға қол ұшын созады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда Қазақстанда сондай жағдай туындап тұр.

Екіншіден, Қазақстан осы күндері террористер мен бүлікшілердің жаппай шабуылына ұшырады. Осындай кезеңде шабуылға тойтарыс беру үлкен күшті, үлкен әлеуетті талап етіп отырғаны көрініп отыр. Бұл күштік құрылымдарға бастапқы кезде өте ауыр тиді. Сондықтан ҰҚШҰ-ның мүмкіндігін пайдаланудың бір себебі осында жатыр.

Үшіншіден, оқиғаны бақылауға алуға күштік құрылымдарымыздың әлеуеті, мүмкіндігі жетер еді. Бірақ соның бәріне қарамастан маңызды мәселе бар. Бұл - сыртқы одақтастардың қолдауы негізінде антитеррорлық әрекетті неғұрлым тез аяқтау. Яғни, ҰҚШҰ-ның шақырылуы жағдайды бірнеше күнге, бәлкім бірнеше сағатқа ерте бақылауға алуға мүмкіндік береді. Ал қазіргі негізгі басымдық, мақсат - тезірек тыныштықты орнату, тұрақтылықты қалпына келтіру. Осындай кезеңде халықаралық тетікті неге пайдаланбасқа?!

Төртіншіден, ҰҚШҰ-ның күштері көбіне жанама, көмекші рөл атқарады. Антитеррорлық шараларды біздің күштік құрылымдар жүргізеді. ҰҚШҰ-ның күштері көбіне күзету, тәжірибемен бөлісу, мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар нысандарды күзетке алу секілді жанама жұмыспен айналысады. Яғни, азаматтарымызға қарсы жұмыс істемейді. Көшелер мен алаңдарда жүрмейді. Сондай-ақ, өте шектелген мерзімге келеді. Жағдай тұрақталған соң өз елдеріне қайтады.

Бесіншіден, ҰҚШҰ әскерлері жекелеген еллердің сарбаздары емес. Бұл осы ұйымға кезінде арнайы жіберілген әскерилердің топтамасы. Тек қана сол ұйым мандатымен жүреді. Яғни, бұл жерде Ресейдің, Арменияның, Қырғызстанның әскерлері елге кіріп кетті деген әңгіме болмауы тиіс.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаткер