Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгерлік әскери күштеріне жүгінгенін айтқан болатын. Ел Президентінің сөзін ҰҚШҰ жерде қалдырған жоқ. Біріккен бітімгерлік күштер біртіндеп елге келе бастады. Әрине, белгілі бір шектеулі мерзімге. Олардың басты мақсаты – еліміздегі стратегиялық нысандарды қорғау. «Өздеріңізге мәлім, ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес Қазақстан Конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады. Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келді», деді Мемлекет басшысы.
Ел Президентінің сын сағаттағы сындарлы саясатына қарамастан отандастарымыздың арасында аталған әскери күшке деген сенімсіздік пайда болып, сан түрлі қауесет тараған еді. Дүние дүрлігіп жатқанда ненің ақ, ненің қара екенін айырып алу да оңайға соқпасы анық. Өткен үш онжылдықта лаңкестік әрекетпен дәл бұлай бетпе-бет келіп көрмеген халықтың үрейі ұшқанын түсінуге болады. Соған қарамастан Қазақстан қанаты қайырылып, бірлігінен айырылып, содырлармен жалғыз күресіп жатқан жоқ.
«Біріншіден, Қазақстан дәл осындай жағдайда жалғыз өзі қалған жоқ. ҰҚШҰ-ның қолдағаны – террористерге танытқан айбары. Соған қарамастан, осы жағдайды пайдаланып әңгімені дақпыртқа айналдырғысы келетін азаматтар бар. «Ол әскер ел аумағында қалып қалады, отандастарымызға оқ атады», деген сияқты даурықпа әңгіме тарап жүр. Тағы да қайталап айтайын, ҰҚШҰ әскері тек техникалық көмек көрсетеді. Яғни олар еліміздегі маңызды стратегиялық нысандарды қорғауға, күзетуге ғана келді. Есесіне, біздің арнайы жасақтар елдегі лаңкестермен күреске жұмылдырылады. Себебі күні кеше, ең алдымен, осы стратегиялық нысандарды қорғауға мәжбүр болған едік. Енді өз әскеріміз Алматыға аттанып, арнайы операциялар жүргізіп жатыр. Яғни ел аумағына кірген ҰҚШҰ әскері көшеде жүрмейді. Отандастарымыз оларды көрмеуі де, байқамауы да мүмкін. Елдегі жағдай тұрақталғаннан кейін ҰҚШҰ әскері ұшақтарына мініп, елдеріне кетеді. Бұл жерден геосаяси ойын іздеудің қажеті жоқ. Мұны қысылтаяң шақта көрші елдердің Қазақстанға көмегі деп түсінген жөн. Әлемде сәт санап технология түрленіп жатыр. Гибридтік соғыс деген пайда болды. ҰҚШҰ-ға мүше кейбір мемлекеттердің осы мәселеге қатысты тәжірибесі бар. Олардың тәжірибесі бізге үлкен көмек», деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Бұл жағдай Қазақстанды қайтсе де шыңдап, шынықтырып шығады. Қауіпсіздік қызметінің тәжірибесі артады. А.Сарым айтып отырғандай, ҰҚШҰ әскерінен үрейленетін түк те жоқ. Тіпті ол әскерді қарапайым халық көрмеуі де, байқамауы да мүмкін. Себебі лаңкестермен күресті өз әскеріміз жүргізеді.
Мұны Президент Әкімшілігі Басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Дәурен Абаев та айтты. «Бұл – бітімгерлік миссиясы. ҰҚШҰ әскері әскери қимылдарға қатыспайды. Террористерді жоюмен айналыспайды. 6 қаңтарда қаланы тазарту операциясын Қорғаныс министрлігінің әскери бөлігі, «Арыстан», «Арлан», «Бүркіт» бөлімшелері атқарды. Сонымен бірге ұйымның бітімгершілік миссиясы қорғау және күзету қызметін орындайды. Операция нәтижесінде қаладағы барлық әкімшілік ғимараттар террористерден тазартылды», деді Д.Абаев.
Бейбіт күнді от кешкен, майдан көрген адамнан артық ешкім де бағалай алмайтыны анық. Сондай аға буын ардагерлеріміз арамызда бар. Сондықтан ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгерлік әскери күштерінің маңызы туралы, ең алдымен, соғыстың сойқанын бастан өткерген азаматтар айта алады. «Науқасқа дәрі берсеңіз – емделеді. Дәл сол секілді, ҰҚШҰ-ның Қазақстанға қол ұшын созуы – еліміздің еңсесін тіктейді. Бұл ұйымның сарбаздары елімізде шайқасқа, қақтығысқа қатыспайды. Стратегиялық нысандарды қорғауға алады. Сондықтан отандастарымыз Президенттің бұл шешіміне түсіністікпен қарауы тиіс. Егер жағдайды ушықтырып алсақ нағыз қиындық сонда пайда болады. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл қадамын дер кезінде қабылдаған дұрыс шешім деп білемін. Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін. Еліміз, егемендігіміз, тұтастығымыз үшін Президентті барынша қолдауымыз қажет», деді ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Өзге елдердің әскери күшіне, сарбаздарына жүгінудің қандай қажеті бар деген сұраулы сөйлем ел амандығын ойлайтын әр азаматтың көкейінде тұрары анық. Мәселе сол қажеттіліктің болғанында болып отыр. Маңызды нысандарды қорғаусыз қалдырып, терроризммен күресу дегеніңіз бос сөз. Арнайы жасақтарымыз лаңкестерге лап қойған кезде стратегиялық нысандар дұшпанның қолына түссе қалай болмақ? Сөйтіп жүргенде елдегі жағдай да жақсара қоймайтыны анық. «Одақтастардың қолдауынсыз да өз әскерімізбен мәселені шешуге болады. Бірақ жағдай қазіргідей 2-3 күнде емес, одан ұзақтау уақыт аралығында реттелер еді. Ондайда адам шығыны да артады. Сосын біз бітімгерлік күш құрамындағы мамандармен тәжірибе алмасудамыз. Ахуал қалыпқа келген бойда олар өз елдеріне қайтады», деді саяси шолушы Ғазиз Әбішев.
Ең бастысы, ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгерлік әскери күштері қызметін орындап болған соң өз мемлекеттеріне қайтады. Оған орынсыз шүбә келтіріп, елімізге басқыншылар кірді деп ойлаудың өзі әбестік. «Шеттен әскердің кіруі елдегі тұрақтылыққа кесірін тигізбейді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер осыған дейін де мұндай жағдайға тап болған. Кезінде Қырғыз елінде болған қырғын кезінде де көрші ел басшысы осы ұйымнан көмек сұраған еді. Ұйымның әу баста құрылудағы мақсаты да осы болатын – қиын кезде бір-біріне қол ұшын созу», деді Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев.
ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгерлік әскери күшіне жүгіну дегеніңіз – отандық армияның осалдығын аңғартпайды. Керісінше, күрделі кезеңде жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет етудің бірегей үлгісі қалыптасады. Себебі лаңкестік әрекеттердің зиянын тартып, зардабын шегіп отырған тек Қазақстан емес. Терроризммен жаһан жұрты жаға жыртысып келеді. «Бұл әскери әлсіздікті білдіріп отырған жоқ. Әрбір мемлекеттің өзінің ұлттық қауіпсіздігі бар. Терроризм деген бір мемлекеттің ғана аясында шешілетін дүние емес. Әр мемлекет өз сараптамаларын жасап жатыр. Мұны тек ұжымдасқан, біріккен кезде ғана жеңе аламыз», деді техника ғылымдарының докторы Бақтыбай Қасымбеков.
ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгерлік әскери күштері қайткен күнде де Қазақстан аумағында қалмайды. Есесіне, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бұл қиын кезеңді де өткеріп, аяққа нық тұратыны анық. Уақыт – емші. Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде «Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмәнім жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек», деді. Ел алдында тұрған ендігі мақсат та осы. Осындай орынсыз оқиғалардың қайталануына жол берілмеуі керек.