Бұл инфляция деңгейіне де оң әсер етеді. Шетелден әкелінген көлік үшін утилизациялық төлем төлеу макроэкономикалық тұрғыдан алғанда салық болып саналады. Сондықтан оның нарықтағы көлік бағасына әсері жоғары. Ал оны алып тастаған соң көлік бағасы арзандайды. Осы күнге дейін аталған мәселемен жекеменшік компанияның айналысып келгені де көпшілікті көп ойға жетелеген еді. Президенттің бұл мәселені мемлекеттің қарауына алуды тапсыруы құптарлық қадам. Өйткені әлемдік тәжірибеде де солай.
Жалпы, Президенттің Мәжіліс отырысында жасаған баяндамасы ауқымы мен тереңдігі жағынан, экономикалық категорияларды және әлеуметтің негізгі топтарын қамту тұрғысынан ерекше баяндама болды. Себебі Президент халық арасындағы климатты жақсы сезінетінін, қоғам тарапынан айтылған бастамаларды ескерусіз қалдырмайтынын, ішкі және сыртқы тәуекелдерге үнемі назар аударатынын, өзекті экономикалық-әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтындығын аңғартты. Президенттің тапсырмалары нақты проблемалық нүктелерге бағытталғаны қуантты.
Мемлекет басшысы үш апта ішінде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Соңғы 10-15 жылда мемлекеттік жоспарлау тәжірибесі қолға алынғаны белгілі. Ол мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, ұлттық холдингтердің бағдарламаларын әзірлейді. Алайда іс-қимыл бағдарламасының жоқтығынан Үкімет жүзеге асыратын әлеуметтік-экономикалық саясат үшін заңнамалық және конституциялық тұрғыдан ешқандай жауапкершілік арқалаған емес. Президент осы бір олқы тұсымызды біржола реттеп бергендей болды. Енді Үкімет жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық саясатына заңнамалық тұрғыдан жауап береді. Бұл өте маңызды. Мұндай бағдарламаның жобасын біздің институт да әзірлеген болатын. Егер жаңа Премьер-Министр тарапынан қызығушылық туындаса, біз өз жобамызбен бөлісуге әзірміз.
Мемлекеттік жоспарлауға Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жауапты. Президент баяндамасы аталған жүйеге айтарлықтай өзгеріс енгізіп отыр. Яғни жаңа жылға дейін мемлекеттік жоспарлау жүйесінде Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы жоқ болатын. Ал осы жолы Мемлекет басшысы аталған бағдарламаны әзірлеу туралы нақты тапсырма берді. Демек, Президент мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгертуге қадам жасады. Үкіметке жүзеге асыратын әлеуметтік-экономикалық саясат үшін конституциялық тұрғыдан жауапкершілік жүктелуі елдің дамуына серпін береді.
Президенттің экономикалық өсімнің негізгі пайдасын иеленіп отырған олигархиялық топтар туралы тезисі де көпшіліктің көкейіндегі оймен дөп түсті. Шынында да, қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеді және елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті. Бұл Үкіметтің осы күнге дейінгі экономикалық саясаты олигархиялық топтардың мүддесі үшін жұмыс істеді деген сөз. Президенттің осы бір модельді тоқтатуы, яғни экономикалық саясаттың арнасын басқа бағытқа бұруы үлкен нәтижелерге жол ашады.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,
Экономикалық саясат институтының директоры,
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі