Президент банктің «ҚазАгро» сияқты «батпан құйрық» болуын қаламаса, Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бәсекелі ортаға, одан әрі қарай екінші деңгейлі банктерге қаржы бөліп беруі мүмкін. Былай қарасаңыз, қазір сол екінші деңгейлі банктерден басқа нұсқа жоқ. Елімізде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына банктер де қатысады. «Даму» қоры кепілдік беріп отырады. Дәл осы механизммен олар Қазақстан даму банкінің функциясын орындай алады деп есептеймін.
Президент айтқан тағы бір аса маңызды мәселе – жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын дайындау. Бұл заң қазір бізге ауадай қажет. Егер өзіміз армандайтын үздік 40, 30 елдің қатарына кіргіміз келсе, бұл заңмен қарулану маңызды. Осындай жауапты заң қабылдар кезде посткеңестік елдерге ғана емес, өзге еуропалық елдердің де тәжірибесін назарға алу керек. Әділін айтар болсақ, дәл осы заңды қабылдау керек деген пікірлер мен талқылаулар соңғы он жыл көлемінде айтылып келеді. Жекелеген азаматтар да, сарапшылар да бұл мәселені көтерді. Депутат Азат Перуашев бірнеше рет биік мінберден айтты. Бірақ құлақ қойып, маңыз берген ешкім жоқ. Меніңше, бұл әдейі жасалған дүние. Жеке тұлғалардың соңына түсіп, құтын қашырған коллекторлар мен жеке сот орындаушылардың жұмысы жүруі үшін банкроттық туралы заңның дайындалуына мүмкіндік берілмеген сияқты.
Әрине, заң жеке тұлғалар үшін пайдалы болады. Дегенмен оның да алуан түрлі тәртібі бар. Мәселен, өзін банкротпын деп жариялаған адам өмір бойы немесе белгілі бір мерзім аралығында екінші деңгейлі банктің қаржыландыруына жүгіне алмайды деген секілді. Мұны да жеке тұлға жақсы түсінуі тиіс. Жалпы, дәл осы заң бастан-аяқ өте түсінікті, анық, артық сұрақ қоюды қажет етпейтіндей жасалуы қажет. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел арасында азаматтар несиесінің тым өсіп кеткенін айтқаны да ойға оралып тұр. Президенттің айтуынша, тұтынушылық несие кәсіпкерлік несиеден де озып кеткен. Әлбетте, бұл – алаңдайтын мәселе. Бұл ретте Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне пруденциалды реттеу механизмі арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсыратынын жеткізді. Менің айтарым, бұған дейін де аталған агенттік тиісті пруденциалды талаптарды әзірледі және нарыққа ұсынды. Енді сол қалай орындалып жатыр деп банктерге құжаттық немесе кешенді тексеру жүргізуі қажет қой. Адам жетпей ме, әлде немқұрайдылық таныта ма, білмеймін. Иә, біз бәріміз де банкке барып, несие алуға құқылымыз. Ал банк несие беруден бас тарта алады. Олар қарыздық жүктеме коэффициентін сақтамай отыр. Клиент болса бүгін мына банктен несие алады, ертең ана банктен тауарлық несие рәсімдейді. Банк клиент ертең төлем қабілетін жоғалтып алады ғой деп қорықпай, несие беруге мүдделі болып тұрады. Сөйткен клиенті айналасы 2-3 айдың ішінде төлем мерзімін кешіктіре бастайды.
Әлгі айтқан қарыздық жүктеме коэффициенті әрқашан пруденциалды норматив қатарында болды. Бұл тәртіп 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Кез келген жеке тұлға несие алу үшін банк немесе микроқаржы ұйымына барған кезде қаржы институты оның несие тарихын қарау секілді заңдық қырын тексеруден бөлек, клиенттің қарыздық жүктеме коэффициентін есептеп шығаруы керек. Ол өте оңай есептеледі. Клиенттің айлық жалақысы 100 мың теңге делік. Егер оның жаңа рәсімдеген несиесін қоса есептегенде ай сайынғы несие төлемі жалақының тең жартысынан (50 мың теңгеден) асып кетсе, банк немесе МҚҰ несие беруден бас тартуға құқылы. Ал банктер бұл талапты белден басып, клиентке рәсімдей салады. Осылайша, халықтың басындағы несие көлемі үздіксіз өсе береді. Меніңше, осы проблемаға да құзіретті агенттік назар аударып, тиісті шешім қабылдауы керек. Егер агенттік банктерге осындай әрекеті үшін ауыр айыппұл салатын болса, ешбір қаржы ұйымы екінші мәрте артық несиелеуге бармайды.
Нұржан БИЯҚАЕВ,
тәуелсіз сарапшы