...1993 жылдың 22 тамызы. Кешкі сағат 21 шамасында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдау бөлмесінен телефон соғып, Президент сөйлесетінін айтты. Мен ол кезде Премьердің орынбасары қызметінде едім. Ол жылдары, яғни мемлекеттік тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Мемлекет басшысының кез келген уақытта телефон соғып, күтпеген тапсырмалар беріп, немесе кейбір жағдайларды сұрап, анықтап жататыны үйреншікті жағдай болатын.
– Суық хабар естідің бе? – деді Президент, қатқыл үнмен.
– Жоқ, – дедім сасқалақтап.
– Димаш Ахметович қайтыс болыпты. Талдықорған жақта. Алакөлде. Менің жарлығыммен мемлекеттік жерлеу комиссиясы құрылады. Төрағасы Асанбаев (Ерік Асанбаев ол кезде Вице-Президент лауазымында), сен орынбасарысың. Денесін жеткізуді ұйымдастыр. Таңертең сағат тоғызда маған келіңдер. – деп қысқа қайырып, Президент сөзін аяқтады...
Әуелде аңтарылып, үн-түнсіз отырып қалдым. Жуырда ғана телефонмен сөйлесіп едім. Дауысы ашық, көңілі жақсы, денсаулығы қалыпты, сергек еді. Күн сайын таза ауада бір-екі сағат серуендейтінін айтқан.
Біраздан кейін есімді жиып, жан-жақпен хабарласып, мән-жайды сұрастырып, денесін Алматыға жеткізу қамына кірістім... Сол күні аптаның жексенбісі болатын. Бұрынғы жүйе, әртүрлі мемлекеттік құрылымдар түбегейлі өзгерістерге ұшырап, экономика, тұрмыс құлдырап, әлі жаңа реформалар жүре алмай жатқан кез.
Бірақ тәуелсіздік деген қасиетті сөздің құдіретімен халықтың рухы асқақтап, еңсесі көтеріліп, шын мәнінде еркіндіктің дәмін татып, серпілген шағы да осы кез болатын.
Тәркіленген тарихымыз бен ұлт бостандығы үшін күресіп, құрбан болған тұлғаларымызды еске алып, олардың еңбектерін жарыққа шығару шаралары басталған.
Дінмұхамед Ахметұлы да өзінің дәрігері Мүліков Ахат Әминұлының айтуынша сондай игілікті шаралардың біріне ел азаматтарының құрметтеп шақыруымен жолға шыққан екен. Сарқан қаласында Алаштың арда ұлдарының бірі, өткен ғасырдың 30 жылдарындағы Мәскеу билігінің пәрменімен жүргізілген саяси қуғын-сүргін құрбаны Мұхаметжан Тынышбаевқа ескерткіш ашу салтанатына барып, сөз сөйлеп, елдің құрметіне бөленіпті. Сарқандағы салтанат, жергілікті халықтың ақжарылқап қошеметінен кейін Алматыға қайтпақ болған ағамызды ел азаматтары Алакөл жағасына барып, көңіл сейілтіп қайтуға қолқалап шақырғандарын қимай, сол жаққа бет түзеген. Бірақ барғаннан мазасы болыңқырамай, қысқа уақытта кері қайтпаққа ыңғайланған сәтте ұзақ жылдар жанында серігі болып жүрген жеке дәрігері Ахат Әминұлының көз алдында мәңгі сапарға аттанып кетіпті...
...Осындай төтенше жағдайда, әрі жексенбі күні жауапты адамдарды орнынан табу да қиын. Әйтеуір зорға деп сол кездегі аэропорт бастығы Николай Сегединді тауып, Талдықорғанға шұғыл самолет жіберуін тапсырдым.
Димаш Ахметұлының туған інісі академик Асқар Ахметұлына, Кеңес Аухадиевке хабарласып, түнгі сағат екі жарым шамасында Талдықорғаннан келген самолетті қарсы алдық...
* * *
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Дінмұхамед Ахметұлы – өз заманының перзенті болған ірі тұлға, көрнекті қайраткер. Қонаев жоғарғы қызметке келген уақыттың аса күрделі, қайшылығы көп кезең болғанын білесіздер. Алайда осындай қиындықтарға қарамастан, елдің дамуы үшін қолынан келгенін жасады. Республикада құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының дамуы ілгерілей түсті. Елсіз жерлерде жаңа қалалар мен елді мекендер пайда болды. Сонымен қатар Димекең ғылымның, өнер мен мәдениеттің қарыштап қанат жаюына өлшеусіз еңбек сіңірді. Алды кең, жаны жомарт, парасатты жанның өнер адамдарына қолдау көрсеткеніне талай рет куә болдым. Димекең туған қаласы Алматы үшін де көп жақсылық жасады. Бұл тұрғыдан алғанда Дінмұхамед Ахметұлы – айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер. Сондықтан біз оны Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек», деп өте салмақты әрі ғибратты баға берген.
Тәуелсіздік ұғымының теңдесі жоқ. Кезінде, яғни Одақ құрамында болғанымызда біздің республикамызды өз ұлтымыздың ұланы басқаруы да арман болғаны ХХ ғасырдағы тарихымыздан белгілі. Дінмұхамед Ахметұлы республиканың бірінші басшылығы қызметіне келген он бір адамның қатарындағы небәрі екінші қазақ. Димекең ресми билік лауазымынан кеткеннен кейін республикаға мүлдем бейтаныс Г.Колбиннің келуін ұлттық намысымызды қорлау деп қабылдаған жастар 1986 жылдың 17 желтоқсанында наразылық шеруіне шығып еді. Сондай-ақ жанға батқаны – сонау сұрапыл соғыс жылдары Қоңырат, Риддер тау-кен өндірістерін көтеріп, 1942 жылдан Қазақстан Үкіметі құрамында, Қазақстан Компартиясының бірінші басшысы, КОКП Саяси Бюросының мүшесі, Ғылым академиясының Президенті лауазымдарында елге өлшеусіз еңбек еткен дара тұлғамызға бір ауыз алғыс сөзін қимаған КОКП Бас хатшысы М.Горбачевтің елімізге көпе-көрнеу көрсеткен өктемдігі болатын. Ерін кемсіту – елді кемсіту, мұқалту, менсінбеу.
Билік ауыстыру кезінде қоғамның бірқалыпты тыныштығын қамтамасыз ете алу да өркениеттің көрінісі болса керек. Өкінішке қарай, ол жолда, яғни 1986 жылдың желтоқсанында КОКП Орталық Комитеті, оның Бас хатшысы М.Горбачев өзінің қасаң саясатын ұстанып, өркениеттен алшақтығын көрсетті.
Д.А.Қонаевқа қиянаттың үлкені де, әрі әділетсізі де ол кісі қызметтен кеткеннен соң бірін-бірі қуалаған толқындай бірде өршіп, бірде жер бауырлаған жыландай жылыстап, Н.Ә. Назарбаев билікке келген 1989 жылдың жазына дейін жалғасты. Колбиннің тапсырмасымен 30-шы жылдардың әдіс-тәсілдерімен жүргізілген тергеу әрекеттерінің өзі неге тұрады десеңізші. Қонаевтың тек ресми лауазымын ғана сырттан білетін кейбір адамдар әртүрлі тапсырмалармен оны ғайбаттап, Мәскеуге, КОКП Орталық Комитетіне, Горбачевтың, Лигачевтың атына «домалақ арыз» тоғытып, өздерін шындық үшін «бітіспес күрескер» етіп көрсетуге машықтанды. Сол кездегі қызметіме байланысты ондай арыздардың біразымен таныс болдым. Олардың көпшілігі негізсіз, «жаптым жала, жақтым күйе», «Қонаев ұлтшыл, рушыл, жершіл», «Өзін көрсету үшін Алматыда монша, санаторий, музей тағы басқа нысандар салдырды» сияқты долбарлар.
Дінмұхамед Ахметұлы қайыспас қара нардай осындай әділетсіздікті де, қиянатты да көтерді. Әрине, жүрегіне салмақ, көңіліне қаяу түсті. Алайда бір қызығы Димекеңді жамандап, талай адам өсті. Бұл – ежелден орныққан «бөліп ал да, билей бер» отарлық саясаттың әдіс-тәсілдері екенін қазақ баласы білгені жөн.
* * *
Кеңес Одағының құрамында болған кеңестік Қазақстанның экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, өнер, мәдениет, әдебиет салаларының өркендеп, өсуі, дамуы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың республика мүддесіндегі қайраткерлік еңбегінің нәтижесі деуге толық негізіміз бар. Қазақстан сол жылдары Кеңес Одағындағы 15 республиканың алдыңғы қатарында көп көрсеткіштер бойынша Ресей, Украинадан кейінгі орында болды.
Республика еңбеккерлері Одаққа жыл сайын миллиондаған тонна астық, мал өнімдерін тапсыратын. Қазақстандағы ірі металлургия тау-кен, мұнай, газ, көмір, қорғасын, мырыш тағы басқа кәсіпорындардың 93 проценті Одақтық кәсіпорын саналып, оның өнімдері, қаржы, технология, жоспарлау, әлеуметтік мәселелері Мәскеу бақылауымен, солардың келісімімен жүргізілетін. Бұл – бүкілодақтық экономикалық жоспарлы жүйенің талаптары, тәртібі болатын.
Республика экономикасының күйреуі Одақтық экономикалық жүйенің күйреуімен тікелей байланысты болды.
Кеңес Одағы кезінде КОКП Орталық Комитетінің ерекше бақылауда ұстаған жұмысы – партиялық-мемлекеттік аппарат, басқарушы кадр мәселесі болды. КОКП Орталық Комитеті ұзақ жылдар бойына Қазақстанның республика билігіне, кейбір облыстар басшылығына Орталықтан, Мәскеуден, Ресей өңірлерінен адамдар жіберілетін тәжірибесін Дінмұхамед Ахметұлы билікке келгеннен соң азайтып, жергілікті халықтың талап-тілегімен санаса бастаған. Алайда КОКП Орталық Комитеті ол ежелгі өкілдік тәжірибесінен түбегейлі бас тарта қоймады. Әсіресе, Димекеңнің қызметтен кететін 1986 жылы КОКП Орталық Комитетінің екінші хатшысы Егор Лигачевтің, Бас хатшы М.Горбачевтың пәрменімен Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары басшылығына, Алматы қаласына Мәскеуден Қазақстанға еш қатысы жоқ, республикамызды мүлдем білмейтін КОКП Орталық Комитетінің қызметкерлері жіберілді. Қазақстан қоғамы мұндай шешімдерді Дінмұхамед Ахметұлының пікірімен санаспаушылық деп қабылдады. Шыны да осылай болатын. Және Мәскеудегілер бұл шешімдерді жайдан жай қабылдамағаны да елге аян болды. Осындай қадамдар арқылы республика бірінші басшысының кімге тәуелді екендігін елге, қоғамға көрсету еді. Димекең Горбачев билігінің жоғарыдағыдай шешімдерімен келіспейтінін де ашық айтқан. Үстем билік осылайша елдегі тыныш жағдайды өзгертуге мүдделі болды.
Қалай болғанда да Димекеңнің қайратты, кемел шағында Қазақстанда басшы кадрлар өсіп, жетілді. Республика басшылығында, оның салалық министрліктерінде, өңірлерде, партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйымдарында жүздеген, мыңдаған жас мамандар қоғамдық жұмысқа тартылып, жан-жақты қоғамдық мектептерден өтіп, еліміздің халық шаруашылығында, өндіріс орындарында, партиялық, кеңестік жетекшілік қызметтерінде адал еңбек ете алды. Олардың көпшілігі өзінің біліктілігімен, қоғам, мемлекет ісіне адалдығымен Қазақстанның жаңа дәуірінде де абыройлы еңбек ету мүмкіндігіне ие болды.
Дінмұхамед Ахметұлы партиялық басқару жұмысында адамдар тағдырына, басшылыққа ұсынылған адамның мінез-құлқына, адалдығына және әділдігіне, адамдармен сөйлесу қабілетіне, ішкі, сыртқы мәдениетіне айрықша мән беретін. Қандай мәселе болса да оны жан-жақты терең зерттеп, қорытынды шығаруды үйрететін. Апыл-ғұпыл сапырылыстықты, «атүстілікті» жаны сүймейтін. «Ширақтық пен жылдамдықты қарбаластықпен шатастырмаңдар», «аспай-саспай, жаман жерді баспай жүріңдер», «тапсырмаларыңды орындай алатын мезгілге беріңдер» деген сияқты күнделікті қайнаған тіршілікте орнықтылық ауанын қалыптастырып жүретін.
Жоғарыда айтып отырған жайттарым – кезінде Дінмұхамед Ахметұлының сенімімен, қамқорлығымен, қолдауымен он жылға жуық Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынымымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет, партиялық ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқару сенімі мен бақытына ие болып, жақын жүріп, өзіндік өмір мектебінен өтіп, талай әңгіме-сабақ алып, көп өнеге үйреніп, адам танып, қоғамдық-ұйымдастыру жұмыстарының қыр-сырына тереңдей түскен жылдарым болды. Әрине, бұл кезең менің жеке өмірімнің зор байлығы.
Дінмұхамед Ахметұлы, әсіресе лауазымды қызметкерлерді белгілі, негізделген себептермен орындарынан ауыстыру немесе босату шешімдеріне өте мұқият қарайтын. Алдымен сөзіңді бөлместен, тіпті кейде алдын ала біліп отырса да өте зейін қойып, тыңдайтын. Сұрақтарын қойып, себептерін анықтай түсетін. Босатылуға келісім берген жағдайда ол адамның қайда баратынын, қандай қызметке орналасатынын, тіпті зейнетке шығып жатса – қандай зейнетақы алатынын, тұрмыс жағдайын қамтып, денсаулық жағдайын сұрастыратын. Әлдеқалай көмек қажет болып жатса – ондай мәселелерді созбалақтатпай дер кезінде шешілуін бақылауды тапсыратын.
Ол жылдары республикада 19 облыстық, 321 қалалық, аудандық партия комитеттері бар. Әсіресе, 2-3 жылда бір рет өтетін партиялық есеп беру конференцияларына дайындық кезінде кадрлық жұмыстар көбейіп, ауыс-түйіс жиілеп, оларды үйлестіру, кейбірін жедел шешу қажеттіктері күн сайын көтеріліп жатады. Мен сол партиялық ұйымдастыру бөлімінің басшысы ретінде кейбір күндері бірінші хатшыға екі-үш ретке дейін кіріп, бірнеше рет телефонмен байланысып, жағдайды баяндап, әрі кейбір мәселелерді келісіп тұруға міндеттімін. Мәскеудегі КОКП Орталық Комитетімен тікелей байланыс, әртүрлі ақпарат, басқа да жедел тапсырмалар негізінен мен арқылы жүреді. Облыс басшыларымен байланыс та екінші кезекке қалдырылмайды.
Бір жолы бір ауданның бірінші басшысын ауыстыру туралы алдын ала тексерулер қорытындысы бойынша Димекеңе баяндап, келісімін алған едім. Ол «кінәм жоқ» деп Димекеңе кіріпті. Кабинеттегі Димекеңнің тікелей телефоны шыр етті.
– Әй, Сұлтанов, сендер мына азаматты (аты-жөнін айтып) жазықсыз босатыпсыңдар ғой, – деді Димекең ренішті кейіспен. Әлгі азаматқа қатысты құжаттарды көтеріп, Димекеңе қайта көрсетуге тура келді. Димекең қайта қарап шыққан соң, бөлім ұсынысының әділдігін құптады.
Әр жастағы аудан, облыс басшылықтарында, шаруашылық, кәсіпорындар ұйымдастырушыларын, қоғам қайраткерлерін олардың еңбектеріне қарай жас мамандардың тәжірибе жинақтап, белгілі бір салаларда өсіп жүргендерін қадағалап, жадында сақтап жүретін. Шешуші сәттерде ондай тұлғалардың лайықты қызметтерге орналастыруларына маңыз беретін.
Димаш Ахметұлының әсіресе өнер, ғылым адамдарына, талантты тұлғаларымызға қамқорлығы ерекше болатын.
Мәдениет бөлімінің басшылығында жүргенімде Димекең;
– Сен Мәскеуге Шауроға бар, мына Нұрғиса Тілендиевтің халықтың сүйікті композиторы екенін түсіндір, Кеңес Одағының Халық әртісі атағына ұсынатынымызды айт. Еркінбеков пен Саудабаевқа да тапсырма бер, құжаттарын дайындасын, – деді. (Ол жылдары Жексембек Еркінбеков – Мәдениет министрі, Қанат Саудабаев – орынбасары).
Василий Филимонович Шауро, ұлты беларусь, КОКП Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің меңгерушісі – өнер адамдарына тапсырылатын құрметті атақ, басқа марапаттар мәселесі Бас хатшыға, Секретариатқа жетпес бұрын осы бөлімде қаралып, шешім қабылданып, ұсыныс беріледі. Василий Филимоновичпен алғашқы кездескеннен әңгімеміз жарасып, қатынасымыз жақсы еді. Көп мәселеде лауазымды адамдардың арасындағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынас та оң шешімге негіз болатыны жаңалық емес.
Халықтың сүйікті композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» ұлт-аспаптар оркестрінің өнерпаздарына Димаш Ахметұлының тапсырмасымен үй беріліп, жағдай жасалып, оның ұйымдастырушысы, жетекшісі 1984 жылы Кеңес Одағының Халық әртісі құрметті атағына ие болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы игі дәстүрді жалғастырып, ұлтымыздың ұлы композиторына Халық Қаһарманы атағын тапсырып, ұлттық өнердің мәртебесін көтерді.
Димаш Ахметұлының қызметінде өнер, ғылым, білім, қарапайым еңбек адамдарына осындай қамқорлық шешімдері орасан көп. Ел ішінде Димекеңнің шапағатын көріп, батасын алған адамдар әрқашан ондай бақытты сәттерін ерекше сезіммен еске алады.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Қазақстанның экономиканың барлық салаларында, аграрлық кешенде, құрылыста, ғылым, білім, өнер, мәдениет құндылықтарының өркендеу жетістіктері Одақ көлемінде бағаланып, мойындалған дәуір болды. Партия басшылығында одан бұрынғы кезеңдердегі науқаншылдықтан бас тартып, салмақты, салиқалы қаулы, қарарларға бетбұрыс жасалды. Басқарушы аппараттың, басшы кадрлардың тұрақтанып жұмыс істеуіне мән берілді.
Ресми цензураның өзінде, айқай, шусыз, даңғаза саясатшылдықсыз, өткен тарихымызды, мәдениетімізді зерттеуге ден қойылды. Дінмұхамед Қонаевтың Одақ көлемінде беделі өсіп тұрған кезеңде Ілияс Есенберлиннің Кенесары Қасымовтың ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісі туралы «Қаһар», қазақ хандықтарының ХV-ХІХ ғасырлардағы өмірін, күресін баяндайтын «Жанталас», «Алмас қылыш» тарихи романдары жарыққа шықты.
Л.И. Брежневтің қолдауымен Олжас Сүлейменовтің әйгілі «Аз и Я» монографиясын КОКП идеологтарының талауынан арашалап, алып қалды.
Қазақ мемлекеттігінің қайшылықтарына, ауыр жолдарына, оның әр ғасырдағы тарихи тұлғаларына арналған Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-Алаң», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» тарихи шығармалары оқушыларына жол тапты.
Бірақ Мәскеудегі Саяси билік өз билігін орталықтандырып, күшейте түсу ниетінен қайтқан жоқ. Олар сондай-ақ ұлттық республикалардың өсіп-өркендеуімен де санаса қоймады. Осындай жағдайда ұлттық мүддемізді қорғай отырып, өктемдігі басым, алып жүйемен тіл табысып, жұмыс істеу ауыртпалығын көтерген ұлт перзенті, тарихымыздың ұлы тұлғасы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев екені де ақиқат.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері