Қазақстан • 12 Қаңтар, 2022

«Құнды жәдігер» жобасы жалғасады

660 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану му­зейі былтыр қолға алған «Құн­ды жәдігер» жобасы биыл да жалғасын табады. Ел ардақтаған тұлғалардан қалған жәдігерлерді зерттеу мен насихаттауды көз­деген бастама аясында тарихи-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, музей қоры толықты, танымдық телехабарлар әзірленді.

«Құнды жәдігер» жобасы жалғасады

Мамандар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы «Құнды жәдігер» идеясының басты мақ­саты ұлт тарихын наси­хаттау екенін айтып отыр. Ел ара­сы­­на жасалған экспедиция ба­ры­сында жеке қорларда сақтал­ған жәдігерлерге ғылыми-зерт­теу жұмыстары жүргізілді. Түркітанушы-ғалымдар, жер­гі­лікті өлкетанушылар, музей қыз­­меткерлері бірлесе жүзеге асырған бастама нәтижесінде ХVІІІ-ХІХ ғғ. Сыр өңірінде өмір сүрген дін қайраткерлерінің араб, парсы, шағатай тілдерінде жазған еңбектері табылды.

– ХІХ ғасырда Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозға­лысы қаһармандарының бірі Бұқарбай батыр Естекбайұлының қылышы, мөрі, шашақты туы, Қалқай ишанның мөрі табылды. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген Құлболды ишан Сұл­танұлының шапаны, алтын жіп­пен зерленген шежіресі және осы әулетке келін болған Арқаның атақты сұлтан правителі Шоң би Едігеұлының шөбересі Тоғ­жанның күміспен өрнектелген қант шаққышы қайталанбас құнды этнографиялық бұйым ретінде ел назарына ұсынылды. VІІІ-ІХ ғасырларда ислам дінінің қанат жаюына зор ықпал еткен Әзіреті Әлидің тікелей ұр­пағы, әйгілі Қорасан атадан (Әб­ді­жәлел баб) қалған дүние­лермен қауыштық. Алдағы уақыт­та жо­­ғарыда аталған құнды жәді­гер­лердің көшірмесін жасап, музей қорын толықтыру жоспарлануда, – дейді облыстық тарихи-өлке­тану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Сейтпенбет әулиенің ХVІІІ-ХІХ ғасырдан бізге аман жеткен мөрі, атақты емші Садық ахун Қодарұлының (1860-1937 жж.) кітаптарының жалпы маз­мұ­ны­ның аударылуы «Құнды жә­дігердің» толайым табысы.

Жуырда Сыр бойында шамамен 1680-1755 жылдары өмір кешкен Қожа Жаһан Мәдіқожаұлы кесенесіне жасалған экспедиция барысында бұл аумақта көптеген белгілі тұлғалардың жатқаны анықталды. Әулиенің қызы Сүнбибі, баласы Сейіт ба­тыр, ХІХ ғасырда ғұмыр кеш­кен Тұрсынбай датқаның ұрпақтары, Жәдігер төрелердің игі жақсылары кесене маңайына жерленіпті. Кесене айналасынан мазмұны оқылмаған құлпытастар шықты. Экспедиция әулие зиратына жақын жердегі «Қасым түбегі» деп аталатын аумақты да зерттеді. Ел аузындағы әңгі­мелерге сүйенсек, мұнда кезінде Абылайдың ұлы Қасым сұлтан уақытша тұрақтаған екен.

– Бұл Қожан қожа кесе­не­сін Сыр бойындағы ірі пан­теон­дардың бірі деп байлам жаса­уымызға негіз болады. Жа­ңағы құлпытастар құпиясын да ашуы­мыз қажет. Жалпы, соңғы жаса­ған зерттеулер барысында ел тәуелсіздігі жолындағы күрес­кердің бірі Жанқожа Нұрмұхам­медұлы ұстаған тас шаққыш, батыр жанынан тастамаған араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған емдік дұғалар жинағы табылды. Хиуа мен Бұқарға бой бермеген, патшалық Ресейдің де дегеніне жүрмей, елінің еркіндігі жолында жан қиған батырдың қылышы сақталғанынан хабарымыз бар еді. Осы сапарда әйгілі Жетес бидің шәугімі, сандығы мен қамшысы құнды қазыналар қатарына қосылды, – дейді «Құнды жоба» идеясының авторы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Асхат Сайлау.

Алда экспедиция нәтижесінде табылған заттар жайлы иллюстра­тивті кітап шығарылып, дайын­далған телехабарлар республика көлеміне таратылмақ.

 

Қызылорда