Қазақстан • 12 Қаңтар, 2022

Кәдеге жарату алымы халықтың табысына сай болуы керек

487 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде кәдеге жарату алымына байланысты әңгімелер ұзақ уақыттан бері талқыланып, қоғамда бұған қатысты сан алуа­н пікір айтылды. Резонансты мәселеге күні кеше Мемлекет басшысы да тоқталып, ақыры оған нүкте қойғандай.

Кәдеге жарату алымы халықтың табысына сай болуы керек

700 млрд-қа жуық қаражат жиналған

«Кәсіпкерлер мен тұтастай қо­ғамда «Өндірушілердің кеңей­тілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) деп аталатын компа­нияның қызметіне қатысты көп сұрақ туындады.

Тіпті бұл жеке компанияға қарсы белгілі бір қоғамдық қозға­лыс пайда болды.

Үкіметке «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС-ның кәдеге жарату алымын жинақтау мен кә­деге жарату алымына құзырет етуді тоқтататын шараларды қа­былдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысуға тиіс. Алымдардың өзіне тоқталсақ, олардың мөл­шер­лемесін қайта қарастыру керек. Мемлекеттің кәдеге жарату, автокөлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі функциялары қолданыста қалады. Аталған мәселені бизнес және қоғаммен мұқият талқылау қажет. Кәдеге жарату алымы есе­бінен отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер ұсыну мәселесін қарастыру керек. Оны қолданудың басқа да қоғамдық пайдалы тетіктері қарастырылсын» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан жасақталған Үкіметке өзекті мәсе­лені шешуді тапсырған еді.

ӨКМ Операторының қызметі 2015 жылы Үкіметтің пәрменімен жолға қойылған еді. Сол уақыттан бері кәдеге жарату немесе ути­ли­зациялық алым түрінде жи­нақталған қаражаттың көлемі – 691,9 млрд теңге. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты. Ведомство басшысы бұл ақшаның барлығы мақсатына сәйкес жұмсалғанын жеткізді.

«Атап айтқанда, отандық авто­көлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қара­жаттары қайтарылды. Эколо­гия­лық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды.

Бүгінде екінші деңгейдегі банк­терде қалған қаражаттың 220,6 млрд теңгесі жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бизнестің, қоғамның және мүд­делі мемлекеттік органдардың қатысуымен мына мәселелерді пысықтайды: біріншіден, жеке мемлекеттік операторды немесе өнеркәсіпті дамыту қорының базасында құру. Екіншіден, кәде­ге жарату төлемінің коэффи­циент­терін қайта қарау. Үшін­шіден, кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру қарастырылады», деді С.Брекешев.

Экономиканы шатқаяқтатып тұрған компания

ӨКМ Операторының жұ­мысына сын бірінші рет айтылып тұрған жоқ. «Egemen Qazaqstan» басылымы бірыңғай операторға қатысты мақалаларды екі жыл қатарынан үзбей беріп келді. Бұл ұйымның тиімсіз жұмысын «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай да сынға алған болатын. Қоғам белсендісінің айтуын­ша, ӨКМ Операторы 3 жыл ішінде шамамен 1 млрд доллар қара­жат жинаған. Жыл сайын бұл компания мемлекет экономикасынан 150 млрд-қа жуық ақшаны суырып ала­ды. Ұлттық экономиканың шат­қаяқтап тұ­руының бір себебі де осыдан деп санайды экобелсенді.

«Мысалға, автошиналарды алып қарастырайық. Оның бір данасы үшін ӨКМ утилизацияға деп 37 теңге алады. Оны қалай жұмсайды? Шамамен 7 теңге операциялық шығындарға кетсе, 26,5 теңгесі (бүкіл соманың 70%) логистикаға, яғни көліктік шығындарға жұмсалады. Тек 3,5 теңгесі ғана қайта өңдеуге бағы­т­талады. ӨКМ жұмыс істе­мей тұрып шинаны жинау­мен айналысатын ұйымдар шикізатты зауытқа өздері тасып келді. Алайда ӨКМ бұл шикізатты кәдеге жаратамыз деп өздері жинауды бастаған соң жоғарыдағы ұйымдар осы қызметті тоқтатуға мәжбүр болды. Демек, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға автошиналарды сатып алып, өздеріне тасымалдауға тура келді. Бұл өзіндік құнның жоғарылауына әкелді. 2016-2017 жылдың ара­лығында өңделген шикізат үшін зауыт бірыңғай оператордан 120 млн теңге көлемінде қаражат күтті. Бірақ бұл ақша зауыт­қа берілген жоқ. Бұған бір құжат жетіспейді дегендей се­беп айтылса керек. Зауыт несие ақшасына салынғандықтан 2017 жылы кәсіпорынның шоты бұғат­талып, өндіріс тоқтады. Қазір Жоғар­ғы соттың шешімімен зауыт иелерінен тартып алынып, акцио­нерлері борышкер атанды. Жұмыс орындарын ашып, өңделген қалдықты экспортқа шығарып тұрған зауыт осылай­ша жойылды. Осындай мысал­дың өзінен ӨКМ жұмысын бағам­дауға болады.

Неліктен жекеменшік компа­нияға утилизациялық алымды бас­қару берілді? ӨКМ Операторы іске қосылғалы бері қалдық өңдеу саласында өсім тіркелді ме? Жоға­рыдағы мысал мұны жоққа шыға­рып тұр», деді А.Әміртай.

Тариф халықтың әл-ауқатына қарай қарастырылуы керек

Автокөлік нарығының белгілі сарапшысы Олжас Оқастың пікі­ріне сүйенсек, еліміздегі ути­ли­зациялық алым халықтың әлеу­меттік жағдайына байланысты қайта қарастырылғаны ләзім.

«Қазақстанда көлік жылдан-жылға қымбаттап бара жатыр. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Утилизациялық алымның сомасы жаңа көлік сатып аларда аса рөл ойнамайды. Біріншіден, біздің нарықтың ауқымы кішкентай. Ұлттық валютамыз ай сайын құл­­дырап жатыр. Көлікке қа­жетті бөлшектер бізге шетелден келетінін ұмытпайық. Көлікке қатысты утилизация алымын жойып жіберсең де Еуро-4 стандарты қалады ғой. Мысалы, Гру­зиядан әкелінген 2003 жылғы «Toyota Camry» көлігі бәрібір ал­ғашқы тіркеуден өте алмайды. Ащы болса да шындықты айтуы­мыз керек, халқымыз «тегін» дүниені жақсы көреді. Мүмкіндік болса, ҚҚС алып тас­тауды қолдай­тындар бар. Тәртіп болмаса, заң қада­ғаланбаса, түбі артта қалған бір мемлекетке айналамыз. Утилизациялық алым болуы керек, алайда оның сомасы халықтың әл-ауқаты төмен­деуіне байланысты қайта қарас­тырылғаны ләзім», деді О.Оқас.

Әлемдік стандарт ескерілуге тиіс

Qazaq Aqbas республикалық палатасының төрағасы Қуаныш Сүлейменов айтқандай, шаруа­ларға арналған кәдеге жарату алымының мөлшері аграршылар­дың қалтасын қақпайтындай, бі­рақ әлемдік талапқа сәйкес қарас­тырылуы қажет.

«Еуропа және басқа да өрке­ниетті елдерде техниканың кө­леміне байланысты өз мөлшер­лемесі бар. Әлемдік стандарттарға сәйкес өлшемдер жасалып, Үкі­мет соманы белгілеуге тиіс деп санаймын. Мәселен, қа­зір шамамен 3 млн теңгенің көлеміндегі ауыл шаруашылығы техникасын әкелсең, ӨКМ Опе­ра­торы утилизациялық алым­ның қара­жатын екі-үш есеге қым­баттатып, ақыры оның баға­сы 12-20 млн теңгеге дейін шы­ғады. Бұл шаруа­ларға өте қиын. Сондықтан оның бағасы да, салығы да төмен болуы керек деп есептейміз. Бұл әлем­дік талапқа сай келеді. Ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері – ел экономикасына үлес қосып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған іскер жандар. Ауыл шаруашылығы техникасының көмегімен халық жұмыспен қам­тылып, ішкі азық-түлік өнім нарығы қалыпты режімде жұмыс істеп келеді. Осыны ұмытпайық», деді Қ.Сүлейменов.

Маңызды саланы жекенің қолына тапсырмаған жөн

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Президенттің бұл мәселеге байланысты айтқандары құптарлықтай. Неге десеңіз, аталған саладағы қаражат айна­лымы миллиардтан асып жығы­лады. Мұншалықты қомақты ақша мемлекетке салық түрінде қайта­рылып, экологиялық мәсе­ле­лерді реттеуге жұмсалуы тиіс. Ең бастысы, өңір­лердегі халық­тың табысы біркелкі болма­ған­дықтан алым мөлшері де аза­маттардың кірісіне сай бел­гіленуі қажет.

«Әлем елдері орнықты даму мақсаттарына жетуді көздеген­діктен кәдеге жарату алымының маңыздылығы экономикалық және экологиялық тұрғыдан артары анық. Дамыған елдерде тұрғындар әр тұрмыстық қалдық үшін қаржылай тұрғыда ынталандырылады. Сол себепті де аталған мемлекеттердің экологиясы таза, тұрмысқа жайлы. Кәдеге жаратудың бір артық­шы­лығы да осында. Бізде де осыны қолға алса, көшедегі плас­тиктердің мәселесін шешуге болар еді деп ойлаймын. ӨКМ Опе­раторына келсек, Президент тұтастай утилизациялық алымды жоққа шығармады. Тек оны жекенің қолынан алуды, нақтырақ айтқанда, ӨКМ Операторын тарқатып, бұл қызметті Үкімет реттеуге тиіс екенін айтты. Бұл тү­сінікті, себебі одан қо­мақ­ты қара­жат түседі және жи­нақ­та­­латын сома мемлекетке са­лық ретінде қайтарылуға тиіс. Екін­шіден, бізде бұл алымның мөлшері халықтың табы­сымен сәйкес келмейді. Ол рас. Еліміздің әр өңіріндегі халық­тың табысы біркелкі емес. Әлде­­қайда төмен. Осы тұрғыдан салыстырғанда ути­лизациялық алымның мөл­шерлемесі бізде тым жоғары», деді М.Халық.

Сарапшы келтіргендей, осы­ның салдарынан жанама түрде еліміздегі автонарықта көлік­тің бағасы шарықтап, ауылшаруа­шылық техника паркі ескірген техникадан арыла алмай тұр.